Бауыржан Момышұлы туралы сериалды «Хабар» телеарнасы сығымдап, толықметражды көркем фильм ретінде ұсынды.
Мереке күндері үлкен экранға прокатқа шығатын «Бауыржан Момышұлы» телехикаясы тұлғалы батыр тағдырының тағылымды тұстарын қамтиды.
Сонымен, жаңа жоба Алматы мен Астана қалаларында мамырдың 5-6 күндері Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай, екінші дүниежүзілік соғыс пен тыл ардагерлеріне, әскери училищелердің курсанттарына ұсынылмақ. Қысқасы, өткен жылдың желтоқсанында тұсауын кескен аттас телехикая кино нұсқасына ауыстырылып, кинотеатрларда көрсетілу үшін DCP форматына көшірілген.
Көркем фильмде Бауыржан Момышұлының генерал Панфиловпен танысып, оны батальон командирі етіп тағайындауына дейін және оның жауынгерлерінің Германия фашистік әскеріне қарсы Мәскеу маңындағы Матренино деревнясының жанында Волоколам тас жолындағы шайқасын қамтитын ерлік жолы түгел көрсетіледі. Фильмнің сюжетіне Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесі арқау болған.
Жобаның авторлары аты аңызға айналған қазақтың – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының бейнесін барынша шынайы жасау оңайға түспегендігін айтады. Телехикая Баукең ұрпақтарының рұқсатымен, батырдың көзін көргендердің кеңесімен түсірілген.
Басты рөлді орындаған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері Еркебұлан Дайыров көркем фильмнің тұсаукесерінде залды толтырған ақ самайлы көрерменге бүкіл шығармашылық топтың атынан риясыз алғысын білдіріп, тағзым етті.
Аталмыш фильмге түскен актерлердің көбі режиссер Ақан Сатаевпен бірге жасаған бұрынғы картиналардан таныс екендігін айта кету керек. Сценарий авторы – Темір Жақсылықов болса, операторы – Хасан Қыдырәлиев.
Тарихи фильмнің тең жартысы Алматы облысының Талғар өңірінде, кейбір жерлері Минск қаласындағы «Беларусьфильм» киностудиясының павильонында түсірілген.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.