Министрліктер үйінде «Бас редакторлар клубы» ҚБ мүшелерінің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен кездесуі болды. Басқосу бейресми тұрғыда ашық пікір алмасу сипатында өтті. Кездесуді Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай жүргізіп отырды.
Журналистермен болған екі сағатқа жуық аралықта В.Божко елдегі техногендік алапаттардан, апаттар мен зілзалалардан келетін тәуекелдерді мейлінше төмендете отырып, нұқсанды азайтуды қамтамасыз етуді көздейтін ескертудің және төтенше жағдайды жоюдың түбегейлі мемлекеттік жүйесінің қызметі жайлы жан-жақты әңгімеледі. Министр, сондай-ақ, жедел шешімді қажет ететін мәселелерге тоқталды, таяу болашақта мекеменің атқаратын жұмыстарының басты бағыттарын айтты, техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау тұрғысында тұрғындарға аса қажет ақпараттар беруде және түсіндіруде БАҚ-тың рөлінің ерекше екендігіне назар аударды.
Қорғаушылардың кәсіби қызметін заңдылық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңыздылығы атап көрсетілді. Осы ретте, министр ағымдағы жылғы 26 сәуірде «Азаматтық қорғау туралы» Заң қабылданғанын қатысушыларға айта отырып, оның ведомство құрамындағы құрылымдар мен бөлімшелердің қарым-қатынастарының сипатын жүйелі негізде өзгертуге септігі болғанын тілге тиек етті. Владимир Божконың пікірінше, бұл құқықтық актіні дайындау қажеттілігі төтенше жағдай, азаматтық қорғаныс, өндірістік және өрт қауіпсіздігі салаларында жаңа тұжырымдама қалыптастыруға негізделген.
Кездесуді аяқтай келе, К.Жолдыбай әңгіменің Бас редакторлар клубының www.kgr.kz сайтында жалғасатынын жеткізді және азаматтарды осы интерактивті байланысқа шығуға шақырды.
«Егемен-ақпарат».