06 Мамыр, 2014

Парламент

253 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

5Сайлаушылармен кездесулер жалғасуда

Парламент Мәжілісі Төраға­сының орынбасары Сергей Дья­ченко Ақмола облысының Жақсы ауданында сайлаушылармен кездесулер өткізуде, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Вице-спикер жұмыс кестесін алдымен Белағаш ауылындағы жоғары сұрыпты тұқым өндіретін «Белағаш» ЖШС-інен бастады. Бұл – мәдени тұқым өндіру мен таратуды жүзеге асырып, ет-сүт өнімдерін дамытып отыр­ған шаруашылық. Мұнда әлеу­меттік сала жобаларына да көңіл бөлініп отырады. Оның дәлелі «Белағаш» ЖШС-інде мәдениет үйі, спорт кешені, монша, наубайхана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, өндірісте өздерінің мамандарын оқыту, білімін көтеру және оларға материалдық жәрдем жа­сау, балаларын жазғы каникул кезінде денсаулықтарын жақсар­татын жерге бару үшін жолдамамен қамтамасыз ету, тағы да басқа қайырымдылық шаралары көр­сетіледі. Үстіміздегі жылы ша­руашылық Белағаш мектебін тегін тамақтандыру туралы мемо­рандумға қол қойған. Аталған игі істермен танысқан С.Дьяченко серіктестіктегі бала­бақша мен демалыс орнында болды. Төрағаның орынбасары Жақсы ауылындағы «Урожай» ЖШС-інде Индустрияландыру картасының шеңберінде салынған тәулігіне 250 тонна ұн тартатын диірменге де барды. Сол жерде сағатына 10 тонна жем шығаратын жаңа құрамажем зауытын да көрді. Сапар шеңберінде парламентші аудандық аурухананың әйелдер босанатын бөлімшесінде болып, дәрігерлермен кездесті. Ақ же­леңділер депутатқа бөлім жұмысы, ана мен балаға жасалатын жағдайлар жайында айтып берді. С.Дьяченко Мемлекет басшысының медици­на­ны жетілдіруге айрықша назар аударып отырғанын мәлім­деп, ұлт денсаулығы біздің бола­ша­ғы­мыздың негізі екендігіне тоқталды. Вице-спикер «Нұр  Отан» пар­тиясының аудандық филиалында болып азаматтарға қабылдау жүр­гізді. Сонымен қатар, аудандық мәс­лихат депутаттарымен кездесіп, аймақтағы саясатты іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады. Ал аудан халқымен өткізген жүз­де­сулерде сайлаушыларды Елба­сы­ның «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ха­лық­қа Жолдауының заңнамалық тұр­ғыдан қалай жүзеге асырылып жатқандығынан хабардар етті. *** Парламент Сенатының депутаттары арнайы сапармен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5571 әскери бөлімі мен «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталықтарын аралап көрді. Құрамында Парламент Сена­тының Халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Мұхтар Алтынбаев, Бірғаным Әйтімова, Георгий Ким, Орынбай Рахман­бер­диев, Сергей Громов, Бақтияр Өнербаев бар топ сапар барысында 5571 әскери бөлімінің же­ке құрамымен, жылдам әрекет ете­тін жедел жасақтардың әскери әзірлігімен, жауынгерлердің қару-жарағы және әскери техникасымен танысып, қауіпсіздік шарасына дайындығын, сарбаздардың әскери іс-қимылы, дайындығы, сондай-ақ, ішкі әскердің әлеуетімен таныс болды. Әскери нысандарды аралаған халық қалаулыларын Пар­ламенттегі Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Икрам Адыр­беков бастап жүрді. Қонақтар азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздар мен келі­сімшарт бойынша әскери санатта мерзімді қызметін атқарып жүр­ген жауынгерлердің қандай тех­никамен жұмыс істейтіндігін, оны қалай меңгергендігін өз көз­дерімен көріп, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен етене таныс­ты. Алматы облысына қарасты За­речный кентінің аумағында «Бүр­кіт» арнайы мақсаттағы бөлі­мі мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің дайындығын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін тұрғызылып жатқан жаңа әскери оқу орталығында болған депутаттар аталмыш құрылыстың жұмысымен танысып, болашақта бұл нысанда орналасатын әскери базалық кешеннің жай-жапсарына қанықты. Бұдан өзге, бұл күні Мәжіліс депутаттары Мәулен Әшімбаев пен Қуаныш Сұлтанов та Алматы қаласында арнайы сапармен болып, Қазақстан Қарулы Күштерінің тұрақты және айнымалы құрлық әскерлерін дайындайтын оқу орнында болып, бірқатар әскери нысандармен танысты, әскери жас мамандарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында пысықталған қауіпсіздік шаралары мен ел тұрақтылығын қамтитын мәселелерді түсіндіріп берді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. *** Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясы­ның мүшелері Шавхат Өтемісов пен Виктор Киянский Орал өңірінде сайлаушылармен кездесулер өткізуде, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кешегі кездесулер ел тәуел­сіздігінің алғашқы жылдары негізі қаланған «Василец» жеке шаруа серіктестігінде болды. Өндірістің негізгі бағыты – жиһаз шығару. Англия, Украина, Ресей, Беларусь және Қытай елдерінен кеңселік жиһаздар әкелініп, сатылымға қойылады. Жеке жобалары бойынша өздері де жиһаз жасайды. Италия, Польша елдерінен жеткізілген құрамалық материалдардан жасалған ас үй, қонақ үйлік жиһаздар көп көңілінен шығады. Бүгінде олар пластик құра­малы есік, терезе, витраждар мен медициналық көпқызметті жи­һаздар да жасауда. «Василец» ЖШС Қазақстан рыногын жаңа технологиялық жетістіктермен жасалған өнім­дермен жаулап алуда. Олардың өнімдері жоғары экологиялық тазалығымен және төзімді қызмет көрсетуімен бағалы. Кездесу барысында депутаттар өндіріс жұмысшыларына Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының мазмұны мен мәні жөнінде түсіндірді.   Сондай-ақ, Қазақстанның даму стратегиясы негізінен жастарға арналғандықтан, оны жүзеге асырып, жемісін көретін де жастар екенін тілге тиек етті. Кездесулер соңында жұмысшылар қойған сұрақтарға жауаптар берілді. *** Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, Мәжілістегі фракция төралқасының мүшесі Майра Айсина Азия даму банкінің жыл сайынғы отырысының  шеңберінде сапарлық семинарға қатысты. Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Вячеслав ауылында өткен биылғы жылғы семинардың тақырыбы: «Жібек жолы: Азияны ауыспалы әлеммен біріктіру» деп аталды. Семинар барысында қонақтар Вячеслав орта мектебінде жа­сал­ған модульдік жылыжайда жүзеге асырылған «Жасыл» жобалармен, тамшы арқылы суландырумен, жарықдиодты жарық берумен және пиролиздық пештермен танысты. Басқосуға шетелдік уәкілдер, бизнестік құрылымдар, мемле­кеттік емес ұйымдар, студенттер, мектеп оқушылары  қатысты.