06 Мамыр, 2014

Бас директормен өткен жүздесу

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұйымының (ЮНИДО/UNIDО) Бас директоры Ли Юнмен оның Астанада аяқталған Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші сессиясына қатысуы аясында кездесті. Кездесу барысында ҚР СІМ басшысы Л.Юнды жақында осы жоғары лауазымға сайлан­ғанымен құттықтап, Ұйымның дамушы елдердегі «инклюзивті және тұрақты өнеркәсіптік дамуына» ықпал жасау бойынша жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыруда табыстар тіледі. «Мүше мем­лекеттер тарапынан қабыл­данған ЮНИДО-ның жаңа тұжы­рымдамасы 2015 жылы Мың­жылдықтың даму мақсатын алмастыратын Тұрақты даму мақсатында өнеркәсіптік даму индикаторлары түрінде өз сипатын табуы қажет», деп атап өтті Е.Ыдырысов. Сұхбаттастар Қа­зақстан мен ЮНИДО арасын­дағы қарқынды дамып келе жат­қан ынтымақтастықты риза­шы­лықпен атап өтті. Ынтымақ­тастықтың маңызды бағыттарына өнеркәсіпті жаңғырту, өнер­кәсіптік энерготиімділік, сауда әлеуетін нығайту, технологиялық форсайт және өнеркәсіптік статис­тика кіреді. «Осы орайда, ЮНИДО-ның Қазақстан үшін шектелмелі елдік бағдарламасын жақын арада қабылдау өзектілігін растағым келеді және бұл өз кезегінде біздің өнеркәсіптік даму саласындағы өзара ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтеруге септі­гін тигізеді. Индустриялық да­му бойынша Мемлекеттік бағ­дар­ламаның 2015-2019 жылдарға арналған екінші бес­жылдығын жасау мен жүргізіліп отырған индустрияландыру сая­сатына байланысты Қазақстан үшін Ұйымның сараптамалық әлеуетін тарту, соның ішінде ноу-хау мен техникалық тәжірибені қолдану аса қызығушылық тудыруда», деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы. ЮНИДО-ның дамушы елдерге олардың өнеркәсіптік дамуына ықпал жасау жөніндегі зор тәжірибесін ескере отырып, тараптар Қазақстанның халықаралық жобалары мен бас­тамаларын іске асыру бойынша өзара ынтымақтасу мүмкіндігін қарастырды. Атап айтқанда, Е.Ыдырысов ЮНИДО басшысын «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды және Ұйымға ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, ЮНИДО-ның тұрақты энергия саласындағы жетістіктерін паш етуге үндеді. Сұхбаттасын Қазақстан осы уақытқа дейін БҰҰ-да 18 жыл өкілдік ететіні туралы ақпа­рат­тандыра отырып, ҚР СІМ басшысы біздің еліміздің аталған ұйым­дардың Алматыдағы қызме­тін БҰҰ Аймақтық хабын құру арқылы кеңейту жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Біз ЮНИДО ха­лықаралық өнеркәсіптік ынты­мақтастық орталығының Қазақ­станда ашылуына да мүдделіміз», деді Е.Ыдырысов.