Өркениет дамыған сайын жер бетіндегі мемлекеттердің проблемалары жалпыадамзаттық сипат алып, ортақ болып отыр. Қазір экономикалық, қаржылық, экологиялық, дүниетанымдық дағдарыстардың қиындығын барлық елдер қатар сезінеді және оларды әр ел жеке шеше алмайды. Жаһандық сипат алған проблемаларға жаһандық үнқатысулар, пікір алмасулар, ойға ой, ақылға ақыл қосулар болмаса, оның шиеленісуі де үдей бермек. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «G-Global» мегажобасын ұсынған болатын. Жақында Қостанайдағы А.Байтұрсынов атындағы университетте облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың басқаруымен өткен жиында саясаткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, студент жастар мен жұртшылық өкілдері «G-Global» мегажобасы туралы ой өрбітті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткен жиында сенатор, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков қатысып, сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған жаһандық «G-Global» жобасын тарқата айтқан ол қазір жұдырықтай жерді қорғап қалу бүкіл адамзаттың парызы екеніне тоқталды. Қазір қалыптасып отырған экономикалық, экологиялық және терроризм, соғыс, ұлтаралық қақтығыстар, қаржылық дағдарыстарды бұрынғыдай жеті немесе жиырма дамыған елдің бірігіп шешетін кезінен өтіп кеттік. Оны Назарбаев ұсынған бүкіл әлем, яғни «G-Global» форматында ойласу керектігін айтты Анатолий Афанасьевич. Сенатордың айтуынша, экономикалық, экологиялық дағдарыстардың алдын алу үшін мәдени-дүниетанымдық мәселелерді жаһандық деңгейде қолға алатын кез жетті. Оған этностық, ұлттық төзбеушілік, қақтығыстар да қосылып отыр. Өркениет көші адамға тән адамгершілікті таптамауы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «G-Global» коммуникативтік алаңына қазір әлемнің 190-нан астам елі шықты. Бүкіл адамзат жерді шырмаған дағдарыстардан шығудың жолын осылайша біздің Елбасымыз ұсынған жаңа форматта ойласады. Жиында сенатор Хусаин Валиев, ғалымдар Еркін Әбіл, Ольга Мишулина, тағы басқалар мазмұнды пікірлерін қосты. Жиын соңында Қостанай облысының жұртшылығы «G-Global» бастамасын қолдау, оның жүзеге асуына қосылу туралы қарар қабылдады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.