06 Мамыр, 2014

Бреттон-Вудс келісімін реформалау жобасы

986 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
* VII Астана экономикалық форумы қарсаңында форумАғымдағы жылдың 21-23 мамыры күндері елордада әлемдік деңгейде кеңінен танылған VII Астана экономикалық форумы (АЭФ) өткізіледі. 2008 жылдан бері АЭФ жаһандық экономикалық және қар­жы дағдарысынан шығу жолдарын табу мақсатында әлемдік көшбас­шылардың, сарапшылардың, бизнес-қауымдастық өкілдерінің басын қосатын орталыққа айналды. Осымен екінші рет форум аясында Дағдарысқа қарсы дүние­жүзілік конференция өткізілгелі отыр. Биылғы конференция Бреттон-Вудс келісімінің 70 жыл­дығына орайластырылған. Оның тақырыбы «Жаһандық қар­жы жүйесіне деген сенімді қай­та қалпына келтіру, соңғы екі онжылдықтағы қаржылық дағ­да­рыстардың қайталануының алдын алу» деп аталады. Осы ретте ескеретін бір мәселе, Бреттон-Вудс келісімінің не екенін, оның әлемдік экономикаға тигізген пай­дасы қандай болғанын, әлем­дік қауымдастық оны неге құр­ғандығын біреу білсе, екінші біреу біле бермейді. Сонымен Бреттон-Вудс ке­лі­сімін тарихи құжат десек ар­тық емес. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен, барлық ел­дердің экономикалық ахуалы күйреп тұрған кезде, әлемдік эко­номикалық-қаржылық тәртіпті ретке келтіретін бірлескен күш қажет болды. Осыған байланысты Бреттон-Вудсте (АҚШ, Нью-Гэмпшир штаты) 44 ұлттың өкіл­дері қатысқан халықаралық қаржы конференциясын өткізу туралы шешім қабылданды. Бір қызығы, КСРО делегациясы да бұл құжатты дайындауға белсене қатысты. Бірақ кейін оған қол қоюдан бас тартты. Бұл халықаралық шара оған қатысушылардың құрамы бойынша ғана көлемді болған жоқ. Сонымен бірге, мұнда, тіпті, бүгінгі күнге дейін әлемдік экономикада маңызды рөл атқарып тұрған жаһандық шешімдер қабылданды. Сол кезде қабылданған келісім­дердің маңыздылығын, бұл кон­фе­рен­цияның тарихтағы ең ұзақ кон­ференциялардың бірі болғандығы айғақтайды. Бреттон-Вудс конференциясы 22 күнге созылған. Осы конференция жұмысы барысында маңызды екі ұйым – Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық қайта құру және даму банкін құ­ру туралы ұсыныс қабылданды. Сон­дай-ақ, АҚШ долларын алтын­мен қатар резервтік валюта тү­рінде қолдану туралы шешім қабыл­данды. Осы шешімдердің артында негізінен үш мақсат тұрды. Сырт­қы баланстағы уақытша қиын­дық­тарға төтеп беруге ықпал ету үшін ерікті кең сауданы қалпына келтіру, тиянақталған валюта ба­ға­мы жүйесінің негізіндегі халық­аралық айырбас жүйесінің тұрақ­ты тепе-теңдігін орнату және ресурстық мемлекеттердің өкіміне беру. Қазіргі күнге дейін қызмет істеп тұрған Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық қайта құру және даму банкі секілді құ­ры­лымдарды құру соғыстан кейінгі әлемдік қауымдастықтың эко­но­микалық салада қол жеткізген зор жетістігі еді. Халықаралық валюта қоры­ның міндеті – халықаралық сау­да­дағы валюта курстарының тұ­рақ­тылығын қадағалау болса, Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚҚДБ) Дүниежүзілік банктің басты несиелік мекемесі әрі БҰҰ-ның мамандандырылған банкі болды.Соған қарамастан, ХҚҚДБ БҰҰ-мен тек арнайы уағ­даластық және мемлекетаралық инвестициялық институт арқылы ғана байланысқан. Бір сөзбен айтқанда, ол әлемнің 186 мемлекеті мүше болып табылатын тәуелсіз мекеме болып қалыптасты. Халықаралық қайта құру және даму банкі жұмысы мүше-мем­лекеттердің экономикаларының дамуы мен оларды қайта құру­ға бағытталған қаржылық кө­мек көрсету мақсатын көз­дей­­ді. Оның несиелері дербес шетел­дік инвестициялық үдеріс­тер­ге жәрдемдесуге және мүше-мем­ле­кет­тердегі төлем балан­сының тепе-теңдігін сақтауға және халық­ара­лық сауданың теңгерімді өсуіне мүмкіндік береді. Бреттон-Вудс келісімі 1945 жылдың 31 шілдесінде күшіне енген уақыттан бері үзіліссіз 45 жыл жемісті жұмыс істеді. Келісімнің баптарына алғашқы түзету 1969 жылы енгізілді және ол мұрағатты резерв функциясын жүктейтін «қарызға алудың арнайы құқықтары» деген құқықтық ұғымына қатысты болды. Бұл өз кезегінде Халықаралық валюта қорына кез келген уақытта қатысушының бірінші өтінімі бойынша, жекеменшік есеп шо­тындағы қарызға алудың арнайы құқын пайдалануға ниет білдірген, құқық аударымы алушысын тағайындауға мүмкіндік берді. Тағы 9 жыл өткен соң екінші өзгерту күшіне енді. Бұл өзгерту де ХВҚ-ға қатысты болды және тиянақталған валюта мен тепе-теңдіктердің күшін жойғаннан кейін басым болған валютаның (тұрақсыз) өзгермелі бағамы режімін ресмилендірді. Сонымен қатар, қор жарғының орындалуын қадағалап, мемлекеттерге ресми валюта бағамын ұстап тұруға көмектесті. Халықаралық валюта қоры енді ұлттық валюта бағамын төмендету бойынша нарық ойынына байланысты валюта резервтері төмендеп кеткен мемлекеттерге шетелдік валютамен несие бере алады. Нақты бір елде валюта ба­ға­мының теңгерімсіздік кезеңі ұзаққа созылған жағдайда, ХВҚ көбінесе валютаны құнсыздандырып, ақша құнын әрі қарай ұстап тұратын тиімдірек салық және валюта саясатын жетілдіруге кеңес береді. Көптеген мемлекеттердің экономикасы бір-біріне «сүйеніп» жұмыс істеген, Бреттон-Вудс келісімі арқылы дүниеге келген жүйе өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін жұмыс істеді. Бірақ, соңғы кезде ол АҚШ-тың қаржылық жүйесінің әлемдегі үстем жағдайынан айырылуына әкеп соқтырды. Осыған байланыс­ты Бреттон-Вудс валюта жүйесі қайта құрылып, нәтижесінде оны алмастыратын Ямайка валюта жүйесі өмірге келді. Ол еркін валюта айырбасы үлгісіне негізделген, мұнда айырбас бағамдарының жиі ауытқуы байқалады. Бірақ жаһандық экономикалық дағ­дарыс кезінде Ямайка валюта жүйе­сінің де жетілмегендігі анық­талды. Солай бола тұрса да, Бреттон-Вудстың қалыптасқан экономикалық үлгілері, сонымен қатар Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық қайта құру және даму банкі қазіргі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Мамандардың пікірінше, енді оларды түбегейлі қайта құру қажет. VII Астана экономикалық форумы мен II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция аясында әлемдік қауымдастыққа Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар жобасы ұсынылатын болады. Бұл жоба 2013 жылдың ма­мыр айында Астанада, БҰҰ-ның қол­дауымен өткізілген І Дағ­­да­рысқа қарсы дүниежүзілік кон­фе­рен­цияның қорытынды құ­жат­тары нәтижесінде жасалған үкі­мет­тердің, орталық банктер мен са­рапшылардың бір жылдық жұмыс­тарының қорытындысы. Осы жобаның «Әлемдік қар­жы ар­хи­тек­турасы» атты бөлі­мін­де Бреттон-Вудс жүйесін рефор­ма­лау­дың жаңа тәртібі ұсынылып отыр. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».