06 Мамыр, 2014

Далада дүбір басталды

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_5384 Диқанның белі бүгілді. Соқа арбаға жегілді. Алғашқы дән егілді. Алқапқа тұқым себілді. Тамшылап тер төгілді. Қызу жұмыс, тынымсыз тірлік көрінді. Білек сыбанып кірісті, алмаққа мол жиын-терінді. Сонымен, Қызылорда облысының диқандары күріш егуді бастады. Биыл 76,6 мың гектар жерге Сыр салысын егу жоспарланған. Қазіргі таңда соның 3 мың гектарға жуығы егілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына барып, «Шаған жер» серіктестігінің егіс алқабында тұқым себу жұмыстарын көрді. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының мәселелері де осы жерде талқыланды. Аймақ басшысы қара жерден несібесін күтетін шаруалармен жүздесіп, көктемгі дала жұмыстарына қатысты шараларды талқылады. Биыл облыс бойынша 160,4 мың гектарға егiс егу межеленіп отыр. Осы жылдың егісіне диқандар былтыр күзден дайындық жұмыстарын бастаған-ды. Күріш егісіне 20,2 мың тонна тұқым дайындалды. Қолдағы тұқымның барлығы тексеруден өткізілді. Шаруалар қажетті минералды тыңайтқыштармен толық қамтылған. Қазіргі таңда су жолдарын тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және жерді сіңіре суару мен жайылымдық жерлерді суару жұмыстары аяқталды. Шаруалардың суға қарыз мәселесі де сөз болды. – Бұл мәселе біздің на­за­ры­мызда. Дегенмен, қарызы бар деп шаруашылықтарды сусыз қалдыруға болмайды. Ал берешектерін бірлесе шешетін боламыз,– деді Қырымбек Көшербаев. Жанар-жағармай – диқан­дардың басты мәселесі. Көктемгі егіс жұмыстары басталысымен сұйық отынның бағасы шарықтап кететін. Бұл түйткілдің түйіні тар­қатылды. Мұнай өңдеу зауыт­тарынан дизель отынын жет­кі­зуші 12 оператор белгіленді. Олар шаруаларға дизель отыны литрін 90 теңгеден жеткізіп беруде. Аймақ басшысы келісілген мерзімде жағармай жеткізіп бермеген операторларға қатаң талап қойылатынын тағы бір ескертті. Субсидияның да уақтылы төленуі бақылауда болатыны айтылды. Өткен жылы күріштен рекордтық өнім жиналғаны мәлім. Биыл да сол межеден түсірмеу үшін бар күш-жігерді салу керек. Іргедегі Ресейдің Краснодар аймағы күріштен жақсы өнім алатын өлке. Өңір басшысы көршілерден тәжірибе алу керектігін атап өтті. Осы жиынға Краснодар «Группа Компаний Агроплюс» ЖШС-нің сату бөлімінің директоры Евгений Никитенко арнайы келіп, өздерінің күріш өсіру әдістерімен бөлісті. Ал Сыр диқандары күріш егу жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.