Қоғам • 04 Тамыз, 2022

Қайраткерлерге ескерткіш орнатылады

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысы өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Жиында сарапшылар монументалды өнер саласындағы өзекті мәселелерді де талқылады.

Қайраткерлерге ескерткіш орнатылады

Басқосуда құрамына бел­гілі мүсіншілер, суретші­лер, зергерлер, ғалымдар мен қо­ғам қайраткерлері кіре­тін Монументтік өнер құ­ры­лыстарын орнату жө­нін­дегі комиссия рес­пуб­ли­ка­лық конкурстың қоры­тын­ды­сы бойынша жобалау жұ­мыстарын қарап, мақұлдады.

Нақтырақ айтқанда, ал­дағы уақытта Қостанай об­лысы Жангелдин ауда­ны Торғай ауылында алаштың қос арысы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш тұр­ғызылады. Сондай-ақ Ал­матыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылса, көрнекті режиссер, театр қайраткері Жұмат Шанинге бюст қойылады.

«Ескерткіштер – тарихи жадымызды жаңғыртуда және қоғамдық сананы қа­лыптастыруда ерекше мәнге ие. Сондықтан жоспарлаудан бастап ескерткіштерді орнатқанға дейінгі жұмыс­қа мұқият қарау өте ма­ңыз­­ды. Комиссия тобы мүсіндердің жұмсақ материал­дан жасалған толық көлемдегі нұсқасын жан-жақты қарастыруы қа­жет», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сонымен қатар комиссия мүшелері Жамбыл, Қа­рағанды, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстары әкім­діктерінің идеялық ұсы­ныстарын бірауыздан қол­дады. Аталған өңірлерде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаға, ақын, мемлекет және қо­ғам қайраткері Кәкімбек Салы­қовқа, Нияз батыр Сайдалы Барқыұлына, ІІ Дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Жақсыбек Оңшыбаевқа және түрік саясаткері, мемлекет қайраткері Аднан Мендерске арналған ескерткіштерді жобалау жоспарланған.