Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Асхат Ержановтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 28 адам суға батып кеткен. Жүргізілген талдауға сәйкес суға кетудің бірнеше себебі анықталып отыр. Мәселен, төрт адам тыйым салынған жерде суға түскен. Суға құлап кеткен 10 адам кері шықпай қалған. Мас күйде суға түскен төрт адам жантәсілім еткен. Ал ересектердің қарауынсыз жүрген 10 бала суға батып кетті. Құтқарушылар алты адамды судан алып шықты. Оның ішінде төрт бала бар.
– Біздің мақсатымыздың бірі – жаз мезгілінде су айдындарындағы адам өлімінің алдын алу. Осы мақсатта төтенше жағдайлар департаменті өкілдері полиция қызметкерлерімен, жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлескен күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Оған күн сайын 273 адам, 44 автокөлік пен жүзу құралдары тартылады. Суға түсу маусымы басталғалы бері Атырау қаласындағы, Жылыой мен Құрманғазы ауданындағы үш судан құтқару стансасында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікті атқарып жатыр. Биыл облыстағы су айдындарының 238 учаскесіне суға түсуге тыйым салынды. Суға түсуге рұқсат етілген, тыйым салынған орындар 2gis қосымшасына енгізілді. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін тұрғындар назарына қарапайым қағидаларды ұсындық. Мәселен, «Суға түсуге тыйым салынады» деген белгісі бар аумақта суға түсуге, жүзу шекарасы көрсетілген қалқыма белгілерді кесіп өтуге, кемеге, қайыққа, басқа да құралдарға жақындауға болмайды. Бұған қоса мас күйінде тексерілмеген, арнайы жабдықталмаған аумақта суға түсуге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге тыйым салынатынын ескеру қажет. Қайықтардан, жағажайлардан, бекеттерден, осы мақсаттарға бейімделмеген басқа да орындардан суға секірмеу керек. Су қоймасында қауіпсіздік белгілерін өз бетінше алып тастауға, бүлдіруге немесе орнатуға тыйым салынады, – дейді Асхат Ержанов.
Оның айтуына қарағанда, биыл суға кетудің алғашқы дерегі 22 қаңтарда тіркелген. Атырау қаласында тұратын 9 жасар бала «Перетаска» каналында мұз астына түсіп кетіп, шыға алмай қалған. Бір күннен соң оның мәйіті судан табылды.
Ал 21 сәуірде Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылынан 21 жастағы жігіт мал іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалған. Әуелі оның мініп кеткен атының өлексесі Ойыл өзенінен шықты. Кейін жас жігіттің өзенге батып кеткені анықталды. Жылыой ауданының Жем ауылдық округінде 4 маусымда 2009 жылғы жасөспірім арнайы жабдықталмаған жерде суға түсіп, батып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 16 маусымда «Атырау» денешынықтыру-сауықтыру кешені маңындағы жағажайда ата-анасының қарауынсыз суға түсіп жүрген 20-дан астам кәмелетке толмаған баланы анықтады.
Жыл басынан бері өңірдегі су айдындарында 14 адамның суға батып кеткені анықталып отыр. Оның ішінде кәмелетке толмаған бес бала бар. Мәселен, Атырау қаласында – 2, Жылыой ауданында – 2, Қызылқоға ауданында – 2, Құрманғазы ауданында – 2, Индер ауданында – 2, Махамбет ауданында 4 адам суға кетті.
– Статистикаға сәйкес су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде суға түсудің, жүзу қабілетін асыра бағалаудың салдарынан болады. Ал балалар арасында оқыс оқиғаға тентектік пен ата-аналардың салғырттығы себепкер екенін жасыра алмаймыз. Бұған қоса суға түскен кезде денсаулықтың күрт нашарлауы мен буынның құрысуы секілді себептер де әсер ететіні бар, – дейді департамент бастығының орынбасары А.Ержанов.
Биыл Атырау қаласының аумағында 28 жағажайға суға түсуге тыйым салынды. Мұндай жағажайлар Жұмыскер, Қызылбалық, Дамбы, Талғайран, Геолог, Томарлы, Ақсай, Ақжар, Перетаска, Еркінқала, Қараөзек, Береке елді мекендерінде, Балықшы шағын ауданындағы стадион тұсында, Бейбарыс көшесі арқылы өтетін көпір маңындағы ескі паром, Көкарна ауылындағы 5-өткелде, Рембаза, Авангард шағын аудандарында, Б.Нысанбаев, М.Халелов, Ө.Атамбаев, Темірханов көшелерінде, Коттеджный қалашығы мен Соколинск каналында орналасқан. Соған қарамастан тұрғындар су айдындарының арнайы жабдықталмаған тұсында суға түсуді тоқтатар емес. Көпшілігі мұндай әрекеттің соңы орны толмас өкінішке ұрындырарын ескермейді.
Мәселен, 31 шілдеде Махамбет ауданының әкімі Ортақшыл ауылына барып, Жайық өзеніне суға түскен. Бірақ судан кері шықпай қалды. Жергілікті атқару органында тәжірибе жинаған әкім 40 жасқа енді толар еді. Алайда ажалы судан болып, тағдыры кілт үзілді. Оның арнайы жабдықталмаған жерде суға түскені анықталып отыр.
Атырау облысы