Қазақстан • 05 Тамыз, 2022

Тау-кен саласының кемеңгері

391 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгін академик Шахмардан Есеновтің туғанына 95 жыл толды. Қазіргі Қазақ­с­танды Ш.Есеновсіз елестету өте қиын. Өйткені ғалымның тарихта қал­дыр­ған ізі елдің болашақ тағдырын айқындап берген қадамдардың бірі бол­ған еді.

Тау-кен саласының кемеңгері

Атап айтқанда, бізде Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Қалам­қас, Бозащы және т.б. кен орындары жоқ және болмаған деп елестете аласыз ба? Қазақстан экономикасы бүгінгі күні Ш.Есенов пен оның серіктестері өткен ғасырдың 50-60 жылдары ашқан кен орындарымен өмір сүріп келеді. Әл-Фарабидің ғылыми трактаттары жарық көрмеген, геологиялық барлау жүр­гі­зіл­ген алғашқы электронды есептеу орталығы құрылмаған деп ойлап көрсек ше? Ал Маңғыстауды Әзербайжанның немесе Түрікменстанның территория­сы ретінде елестете аласыз ба? Бұл Ш.Есе­нов­тің сіңірген еңбегінің нәтиже­ле­рі Қазақстанның даму векторын ай­қын­дап, экономиканың қарқынды дамуына және осының негізінде тәуел­сіз­дік тұғырының берік болуына ықпалын тигізді.

– 1962 жылы сол жерден табылған пай­далы қазбалардың орасан қоры тура­лы белгілі болғаннан кейін Н.Хрущев бүкіл аумақты Түрікменстан мен Әзер­бай­жанға бермек болды, өйткені олар­дың мұндай кен орындарын игеру тәжірибесі мол болатын. Бірақ Ш.Есенов Мәскеуде өткен жиында Маңғыстау Қазақстанның құрамында қалу керек екенін жеткізді. Еліміз бұл аймақты игере алатынын дәлелдеді. Бұл Шахмардан Есенұлының үлкен ерлігінің бірі, – дейді академиктің замандасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Халел Беспаев (ғалым, өкінішке қарай, жыл басында дүниеден озды).

Есеновтің өмір жолының тарихы Қызылорда облысының Тартоғай ауы­лынан бастау алады. 13 жасында соғыс басталды, сондықтан да бала­лық, жастық шағында соғыс кезеңін, жа­қын­дарынан айырылуды, соғыстан ке­йінгі сынақтарды бастан өткерді. Есенов 17 жасында Алматыға кетіп, тау-кен-металлургия институтына (қазіргі Сәтбаев университеті) оқуға түсіп, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болды. Ол талант­ты баланы бірден байқап, оның ұстазы, тәлімгері, өнеге-үлгі болатын адамына айналды. Институттан кейін Шахмардан ұзақ уақыт сол кездегі Жезқазған өңірінде әуелі геолог, кейін геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болып қызмет етті. Оның тікелей қатысуымен жоғарыда аталған кен орындары ашылды.

Небәрі 33 жасында КСРО-дағы ең жас министр Геология министрі болды. Айналасындағылар оның аса мәнерлі және орынды сөйлеу қасиетіне тәнті болған. Ол министрліктің бірінші алқа жиынын талқылау ісінен бастады.

– Есенов жиналысты ашып: «Неге жұмыс нашар жүріп жатыр? Соны пы­сық­тап көрейік. Жағдайды қалай түзе­те аламыз?» деді. Көпшілік сол алғаш­қы кездесуді өмірінің соңына дейін есінде сақтап қалды. Гурьев (қазіргі Атырау) – шағын қала. Осы қалада мұндай кездесу бірінші рет өтті. Бірден «қалаға жаңа жас мықты министр келді деген сыбыс тарады», деп еске алады геология-минералогия ғы­лымдарының докторы Сәдуақас Құрманов.

Оның жетекшілігімен жұмыс істеу коман­­даның көңілінен шықты. Министр Есенов жаңа техникаларды алғыз­ды, геоло­гиялық барлаудың озық әдіс­терін иге­ріп енгізді, белсенділік таныт­қан­­дар­ды жігерлендірді, тиім­ді­лік­ті арт­ты­ру­ға ұмтылды.

Есеновтің сол жылдардағы көмек­ші­сі Әлімхан Ермекбаев былай дейді:

– Барлығы бізді қонаққа шақырғысы келді, шақыратындар саны көп, бірақ уақытымыз тапшы болды. Сондықтан олар тіпті кесте жасады: бір отбасында таңғы асты, келесі отбасында түскі асты, үшінші үйде кешкі асты іштік. Міне, осындай қарым-қатынас болатын.

Өткен ғасырдың ортасында негізгі зерттеулер екі аймақта – Батыс және Орталық Қазақстанда жүргізілді, онда орасан зор кен орындары ашылды.

– Жезқазған кен орнында ғылыми негізде еңбек өнімділігін 5 есеге арттыра алды! Бұрғылау қондырғыларының санын көбейтуге қол жеткізді. Бұл Қа­зақ­стан экономикасында орасан зор сер­­піліс туғызды, деп түсіндіреді Ұлт­тық ғы­лым академиясының прези­денті Мұрат Жұрынов.

Маңғыстауда кен орындарын зерттеп ашқаннан кейін орасан зор қорлардың бар екенін дәлелдеу үшін Есенов пен оның командасы қысқа мерзімде мол де­ректер жинап, өңдеу керек болды. Қорытынды түріндегі қағаз есебінің сал­мағы 200 килоны құрады. Алайда ол барлық ұсынған көрсеткіштерді қорғай алды – жоғарыдан көрсетілген қысымға қа­рамастан есеп бекітілді. Түбектегі мұ­най кен орындарының болжам­ды мүм­кіндігі, сол деректер бойын­ша, 1,15 мил­лиард тоннаны құрады. Жұмыс толы­ғымен жақсы нәтиже берді, өйткені қа­зіргі Маңғыстау облысының аума­ғын­да тек мұнай мен газ ғана емес, соны­мен қатар қоңыр көмір, стронций, марганец, бор, ас тұзы және басқа да байлықтар та­был­ды.

Досмұхамед Кішібеков, философия ғылым­дарының докторы, Қазақстан Ұлт­тық ғылым академиясының акаде­мигі былай дейді:

– Сол кезден бастап Маңғыстаудың мәртебесін көтеруге кірісті. Бұл жерде ашыл­ған жаңалықтар мен осы жұмысты кәсіби түрде атқара алатын кадрлардың бар екендігі Шахмардан Есенұлының жұмысқа сеніммен кірісуіне негіз болды.

Геологтің жетістіктері бүкіл шөлді түбектегі өмірді жандандырды. Шағын портты қала облыс орталығына айналды, алғашқы атом электр стансасы салынды. Қазақстанның теңіз қақпасы іспетті Ақтаудың бүгінгі гүлденуі де академик пен оның әріптестерінің сол кездегі ерен еңбегінің арқасы. Бүгін­де Маңғыстаудың бас оқу ордасы, яғни қазіргі Ш.Есенов атындағы университет те қарқынды дамып келеді. Ғалым бола­шаққа сеніммен қарады. Қ.Сәтбаев тұсында басталған істі то­лық­қанды жандандырған да дәл өзі еді. Әңгіме барлық ашылған кен орындары мен болашақта пайдалы қазбалар ашылуы мүмкін жерлерді көрсететін металлогендік карталарды жасау және жаңарту туралы болып отыр. Ш.Есенов Жезқазған кен орнында жұмыс істегенде қолданған картаға түсіру және барлау әдісі Қазақстанның басқа аймақтарында да енгізіле бастады.

– Бұл өте күрделі жұмыс болатын, оған көп адам атсалысты. Осындай кар­та­лардың тізбегін жасау идеясы пайда болды, ал Шахмардан Есенов осы істің басы-қасында болған. Бұл 11 том­дық кітап оларды дайындаған институтқа 90-жылдары сақталып қалуына, аяққа тұруына көмектесті, өйт­кені Қазақстан экономикасына ал­ғаш­қы инвесторлар сол кезде пайда болды, – дейді ғалым-геолог, Ұлттық ака­де­мияның корреспондент-мүшесі Элеонора Сейтмұратова.

Шахмардан Есенов геологтердің қалай өмір сүретініне үлкен мән берді. Олардың өмір сүру және демалыс жағ­дайлары лайықты болуы керек деп есеп­теді. Геологтерге арналған елді ме­кен­­­дерді, тұрғын үйлерді, мектеп­тер­ді, фельдшерлік пункттерді салу үшін учаскелерді табу қажет болғанда оның билігі үнемі көмектесіп отырды. Қазақстанның Геология министрлігінде 8 жазғы лагерь жұмыс істеп, онда бір ауысымда 3000-ға дейін бала демалды. Республика бойынша бір маусымда 3500-ге дейін адамды қабылдаған 5 шипажайда ересектер демалыстарын өткізіп, денсаулықтарын қалпына келтірді. Бұл осы материалдың кейіпкері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, содан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған жылдары жүзеге асты.

Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев болды, кейін 1972-1974 жылдары бұл қызметке оның шәкірті Шахмардан Есенов келді. Ол тағы да Академия президенттерінің ішінде ең жас президенті болды. Оның тұсында ғылыми институттар көбейді, ғылыми-зерттеу саласы кеңейді. Ол геологиядан алшақ ғылымдардың көтерілуін, дамуын қамтамасыз ете білді. Есеновті қазақ сейсмологиясының атасы деуге болады. Ол кезде Мәскеу мен Алматыда, Фрунзе (Бішкек) мен Ташкентте жұмыс істеп тұрған сейсмология институты сияқтыны ашуға келіспеді. Бірақ жерлесіміз осында мұндай ғылыми мекеме құрудың қажеттігін дәлелдей алды. Ғылым академиясы мен ел үкіметінің өзара әрекеттесу схемасын ұйымдастырып, ғылым мен өндірістің барынша тығыз байланысын үнемі жақтап отырды. Ғалым, практик, шенеунік ғылыми әзірлемелердің қай­тарымын, тиімділігін және экономиканы жаңғыртуда ғылымның атқара ала­тын рөлін алдыңғы қатарға қой­ды. Сонымен қатар ол ортағасырлық Шығыс­тың ұлы ғалымы Әл-Фарабидің еңбектерін кеңі­нен насихаттауға да өз үлесін қосты.

д

Ш.Есенов өзінің әріптестерімен бірге. 1951 жыл

 

«Оның қолдауымен біз Әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін, қолжазбаларын Қа­зақ­станға қайтаруға қол жеткіздік, өйт­­кені олардың барлығы шетелде, Еуро­па­да: Британ мұражайында, Испа­ния­да болды», дейді Есеновтің бейнесін толықтыратын, Әл-Фараби тура­лы еңбек­тердің авторы және философия ғы­лым­дарының докторы Жақыпбек Әлтаев.

Есеновтің бастамасымен Бағдадта, Мәскеуде және Алматыда көрнекті түркі­танушы ғалымның туғанына 1100 жыл толуына арналған ғылыми конференция ұйымдастыру да жүзеге асты. Бірақ ең бас­тысы: Есенов Әл-Фара­бидің аса маңызды трактаттарын үлкен басылымдармен басып шы­ға­руды ұйымдастырды. Бұл жұмыс оның Философия институтында арабтану бөлімін құрып, оған араб және басқа да шет тілдерін білетін жас әрі талантты ғалымдарды шақыруының арқасында мүмкін болды. Айтпақшы, Есенов 1967 жылы Қазақстан ғылым академиясының жас ғалымдарының жиы­нын, ал келесі жылы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен шамамен 600 жас ғалымның басын қосқан конференция­ны ұйымдастырып, ғылыми ортаны жаңғыртуды қолдады. Сондай-ақ ол өзінің білім ордасын – қазіргі Сәтбаев атындағы университетте сабақ беру ар­қы­­­лы жастармен байланысын сақтап қалды. Сонау 60-жылдары тоқыраудың алғы­шарттары қалыптасып жатқан кезде ол алғашқылардың бірі болып ғы­лым­ды жаңғырту мәселесін көтерді. Қызылор­­да­лық дарынды азамат сөзбен ғана емес, іс жүзінде де өзінің идеялары мен ұста­ным­дарына берік екенін дәлел­де­ді, геологиялық құрылымдарда Қа­зақ­станда тұңғыш электронды есеп­теуіш орталық ашты.

– Ол геологияға компьютерлік техно­ло­­гияларды іс жүзінде енгізе бастады. Мәс­кеуден арнайы шақырып семи­нар­лар, тренингтер өткізді, деп еске ала­ды Сәтбаев университетінің доценті Мәдениет Асанов.

– Содан кейін біздің кафедрада бірін­ші компьютер пайда болды, деп толық­тырады геология ғылымының тағы бір ардагері, Қазақстан минералдық ресурс­тар академиясының корреспондент-мү­шесі Вера Горяева. – Ол өзі Минскіге барып, сол машинаны алып келді. Ол сондай үлкен болатын, ол жарты бөлмені алып жатты. Барлық студенттер осы машинада білім алды.

1987 жылы бірнеше ғалымдармен бірге Ш.Есеновтің «Компьютер көме­гі­мен геологиялық блоктардың қорын есептеу» атты ғылыми еңбегі жа­рық көрді. Бүгінде оның тек тарихи ма­ңызы бар, бірақ ол кезде студенттерді дайын­дау­дағы үлкен жетістік болды. 80-жылдары бірте-бірте байқала бастаған білім берудің өндірістен ажырауы сол кезде айналысқан басты мәселе­лерінің біріне айналды. Есенов 60-жыл­дардың ортасында Қазақстан Минис­тр­лер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарғанын ұмытпаған жөн. Оның бастамасымен екі ғылыми-зерттеу зерт­ханасы құрылды, олар көп ұзамай теле­фото­метрияға арналған жабдықты шығарды.

Шахмардан Есенов ғылыми бөлім­дер мен геологиялық барлау ұйым­да­ры арасында шарттар жасасуды мін­дет­ке айналдырды. Соның арқасында қазақ студенттері КСРО-ның басқа ай­­мақ­тарына экспедицияларға барып, тәжірибе жинақтап, өздерін үлкен ғы­лымның бір бөлшегі ретінде сезіне бас­тады. Есенов университетке Қазақ­стан­ның, басқа республикалардың және шетелдің аса көрнекті ғалымдарын жиі шақырып, студенттермен дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Бірақ Есеновтің ауқымды істері тек тарихта қалып қойған жоқ. Оның жетістіктері бүгінде дамуға ұмтылған жаңа ұрпақтың жас, іскер өкілдеріне әсер етіп жатыр. Есенов жасаған карталар бойынша жер қойнауын зерттеуді жалғастыруда, Ақтау көркейіп келді, жоғары оқу орын­да­рының дәрісханаларында жас жігіттер мен қыздар ғылымның дана­лығын ұғы­ну­да. Ал 2013 жылы академиктің ұр­пақтары ғалымның атымен аталатын ғылыми-білім беру қорын құрды.

– Біз қорды құрған кезде түрлі ұрпақтар құндылықтарының сабақтастығына ерекше назар аудардық. Кезінде Қаныш Сәтбаевтың ісін Шахмардан Есенов жал­ғастырды. Бүгінде біз бұл жұмысты өз бағ­дарламаларымыз, жас ғалымдарды қолдау және еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту арқылы жалғастырудамыз, – дейді Шахмардан Есенов атындағы қор­дың негізін қалаушы Ғалымжан Есенов.

– Академик Есенов көрнекті ғалым, геология ғылымының дамуына көп ең­бек сіңірді. Оның еңбектерінің прак­ти­калық маңызы зор: олар біздің респуб­ликамыздың экономикасына оң ықпалын тигізуде, деп түйіндейді академик М.Жұрынов.

Еліміздің бас геологі деген лауазым жоқ, бұл атақты тек халық бере алады. Ал 95 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтіп жатқан Шахмардан Есеновтің өмір жолы – халық өз бағасын берген үлкен бір экспедиция. Оның негізгі ойы: адам туған жерінің болашағына әсер ете алады. Ал оның қандай болатынын кешегі ұлы тұлғалардың ісі мен таңдауы ғана емес, бүгінгі біздің әрқайсымыздың үлесіміз де айқындай түспек.

 

Роман РАЙФЕЛЬД,

Айгерім СҰЛТАН