Руханият • 08 Тамыз, 2022

Мейірім шұғыласы

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихта мәдениеттің жалпыадамзаттық қазынасына елеулі үлес қосқан әйел суретшілер аз емес. Шығармашыл ханымдардың өз қолтаңбасы арқылы әлемге айтары бар. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Таң-Шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының «Толғаныстар» атты көрмесі ашылды.

Мейірім шұғыласы

«Таң-Шолпан» халықаралық тәуел­сіз әйел суретшілер қоры Қа­зақ­стан мен алыс-жақын ше­тел­дер­дің кәсіби шеберлерін бірік­тір­ген бірегей өнер алаңы. Оған мүше нәзік жандылардың есімдері республикалық және халықаралық көрмелерден бел­гілі. Жобаның негізін қалаушы – Қазақстан және Еуразиялық Суретшілер Одағының мүшесі, суретші-кескіндемеші Жәмила Такеннің айтуынша, қор­дың мақсаты – суретші әйелдің шы­ғармашылық әлеуетін ашу, оның тұлғалық, шығар­ма­шылық және рухани өсуіне жағдай жасау. Өнер алаңының атауы да таңның атысымен, таңғы жұлдызбен, қайта жаңғырумен және әйелдің жасампаз қуатымен байланыстырылған.

Көрмеде ұсынылған шығар­ма­лар­да қазіргі өмірдің шын­дығын көрсететін әлеу­меттік та­қы­рыптағы тұжырым­да­ма­лық жұмыстардан басқа, филосо­фия­лық ойлар, дерек­сіз кескіндеме бар. Бұл көркем шы­ғар­маларда, гобелендерде және киіз­ден жа­сал­ған паннода бейнеленген ұлт­тық тақырыптарды құ­райды. Гра­фика, сонымен қатар акварель мәнерімен ұсынылған өнер туын­дылары ой тереңдігімен, үйлесімді ко­ло­­ристикалық комбинациясымен ерек­­шеленеді.

– «Толғаныстар» – тұжы­рым­да­малық көрме. Қазір күрделі, гео­саяси оқиғалар кезеңі. Адамдар, әсіресе еліміздегі қаңтар оқиға­сынан және Украинадағы жағ­­­дай­дан кейін болашаққа алаң­­­дау­­шы­­лықпен қарай бастады. Өкі­­­­нішке қарай, көпбалалы ана­­­­лар проблемасы, жастар арасында суицидтің өсуі және т.б. жағдайлар орын алуда. Біз сырттай бақылаушы бола алмаймыз және өз шығармаларымызда болып жатқан оқиғалардың мә­нін жеткізуге тырысамыз, ал жеткізе алдық па, жоқ па – оны кө­рер­мендеріміз бағалайды... Суретші –
халықтың үні, айналада бо­лып жат­қан барлық жағдайға сезім­тал. Та­биғатты, қоршаған әлем­ді нәзік се­зінеді. Біздің ұлы дала шексіз көк­жиек пен ашық ас­пан­ның көгілдір тұңғиығымен ұштасқан бұл әлем – біз өмір сүргіміз, сүйгіміз келетін дүние. Біз өз шығармашылығымызды адам­дарға көрсеткіміз келеді, әлем­­дегі өркендеу мен мәдени-ру­­хани жаң­ғы­руды қолдаймыз, өйткені біздің қорымыз «халық­ара­лық» мәртебені бекер иеленбеген. Қордың феминистік идеяларға ешқандай қатысы жоқ! Бізді өнерге деген сүйіспеншілік, сұлулықты жасауға деген ұм­ты­лыс біріктіреді. Біздің әр­қай­­­сы­мыз­дың өз көзқарасымыз бен өзін­дік ерекшелігіміз бар, бірақ ынты­мақ­тастық процесінде біз одан да көп нәрсеге қол жеткіземіз, – дейді «Таң-Шолпан» қорының жетек­шісі, су­ретші Жәмила Тәкен.

Әр жаңа көрмеде суретшілер тың туындылар жасауға тырысады. Әр көрменің өз тақырыбы мен идеяларды жүзеге асыру уақыты бар. Айталық, осы жылдың наурыз айын­да елордадағы Ұлттық музейде ашылған «Тікенектер арқылы...» көр­месі Қазақстанның халық ақы­ны Мәриям Хакімжанованы еске алуға арналған. Заманауи әлем туралы ой жүгірте отырып, Қор суретшілері екі перфоманс жасады. Олардың тақы­рыптары цифрлық технологиялар – «QR-сod дала» және геосаяси «Ала­қан­дағы аспан». Суретшілер әлемді тазалыққа, ізгілікке, үн­дей­ді. Олардың бәрін өнерге іңкәр еткен мейірім шұғыласы. Көрмеде көрермендер үшін бейне форматтағы қойылымдар да ұсы­нылған. Белгілі өнертанушы Наталья Баженова жетекшілік ететін өнер жәрмеңкесі қыркүйек айының
10-на дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ