Ал өңірлерде жағдай қандай? Бұл мәселені білмек ниетпен Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдрахановтан сұрап білген едік. Жауапты сала басшысының айтуынша, республиканың үшінші мегаполисін цифрландыру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Бұл нендей жоспарлар деген сауалға басқарма басшысы қаланы түгел сапалы интернетпен қамтамасыз етіп, Шымкентті смарт-сити жобасына сай дамыту деп жауап берді.
Интернетке деген сұраныс, әсіресе Шымкентте екі жыл қатарынан жалғасқан карантиндік шектеулер кезінде қатты білінді. Оқушылар мен көптеген жұмысшы үйде онлайн режімге көшкенде мегаполистегі цифрлық әлеуеттің қаншалықты деңгейде екендігі анық көрінді. Сондықтан Президент тапсырмасын орындау әрі заман көшінен қалмау мақсатында бүгінде бұл салада тиісті жұмыстар өте шапшаң түрде атқарылып жатыр.
Бұған дәлел ретінде басқарма басшысы қолға алынған және жоспарда тұрған істері жөнінде баяндап берді. Мәселен, 2021 жылы интернетті қолжетімді ететін 14 базалық станса орнатылып, 200 мыңға жуық халық сапалы ғаламтор игілігіне қол жеткізсе, биыл 12 базалық станса қою жопарда бар. Тіпті бүгінгі таңда оның төртеуі қаланың шалғай елді мекендеріне орнатылып үлгерді.
«Құдайға шүкір, бұрынғы кезбен салыстырғанда интернет сапасы анағұрлым артып, оған қолжетімділік те әлдеқайда өсе түскен. Мойындау керек, алғашында кейбір қаладан жырақта жатқан ауылдарда, тіпті ұялы телефонмен қоңырау шалудың өзі мұң еді. Содан бері жағдай оңалып, елді интернетпен қамту, салаларды цифрлы форматқа көшіру деңгейі жедел түрде іске асырылып жатыр. Өйткені бұл – мемлекеттің назарында тұрған басты міндеттердің бірі. Цифрландыру жүйесінің озықтығы жалпы елдің бүгінгі таңдағы әлем алдындағы дамуының рейтингісі, негізгі көрсеткішінің бірі болып саналады. Бұл тұрғыда Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз жоқ емес», дейді Әсет Маратұлы.
Соның бір айғағы, басқарма «Востоктелеком» компаниясымен бірлесіп 20 базалық станса орнатқалы жатыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 2020 жылы жалпы қаланың жартысы ғана интернеттің талшықты-оптикалық желісімен қамтылған болатын. Ол интернет жылдамдығы мен сапасының күштілігін қамтамасыз ететіні белгілі. Дей тұрғанмен, цифрлық нарықта негізгі ойыншылар саналатын «Транстелеком» мен «Қазақтелеком» компаниялары талшықты-оптикалық желіні көпқабатты үйлерге тартумен ғана шектеліп отыр. Өйткені бұл жұмыстар қыруар қаржыны талап етеді және рентабельдігі де анау айтқандай жоғары емес. Ал Шымкенттегі тұрғын үйлердің 70 пайызға жуығы жеке сектордағы жер үйлер екенін ескерсек, елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары тым баяу жүрер еді. Осы мәселенің оң шешімін табу мақсатында басқарма үлкен жүкті міндетіне ала алатын әлеуетті инвесторларды іздестірді. Сөйтіп, жергілікті жерден, яғни өзіміздің Қарағанды мен Маңғыстау облыстарынан инвесторлар табылып, Шымкент қаласы әкімдігінің талап-тілегіне үн қатты.
Содан бері 2021 жылдың маусымынан бастап екі инвестордың бірі Шымкент маңындағы халық көп шоғырланған Сәуле, Достық, Асар секілді 10 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін жүргізді. Биыл қосымша тағы 15 елді мекенге интернет желісі тартылып, бұл көрсеткішті 75 пайызға жеткізу межесі қойылып отыр. Соның нәтижесінде, Самал-3, Құрсай, Еламан, Қазығұрт елді мекендерінің тұрғындары сапалы интернет игілігін көре бастады. Бұл ретте инвесторлар қолға алған бастамаларына қаржы құюды аяп жатқан жоқ. Өз кезегінде қарапайым халық та қолдау білдіріп, өз ықтиярлығымен есігінің алдына келіп тұрған интернетке қосылса, 2025 жылға қарай Шымкентте интернетпен қамтылу көрсеткіші жүз пайызға жетеді екен. Бұл цифрды жүзеге асыру әлбетте бірінші кезекте елді мекен тұрғындарының өз қолында тұрған дүние екенін ұмытпау керек.
Шымкенттен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Сайрам, Тоғыс, Маятас сынды ауылдар бар. Оларға талшықты-оптикалық интернет желісін тарту тым қымбат. Сондықтан оның басқа шешімі ретінде биіктігі 40 метрлік радиотолқын таратқыш мұнаралар арқылы интернетпен қамту көзделіп отыр. Бір ерекшелігі, мегаполистің орталық аудандарында да жер үйлер көп. Бұл ретте тағы бір инвестор «Фишнет» компаниясы 80 көшеге немесе 260 шақырымға интернет желісін жүргізді. Сонымен биыл кабельдік интернет желісін тарту жоспарланған 15 елді мекенге тағы да сегізі қосылып отыр. Инвесторлардың бір жақсы жері, клиенттерге барынша жайлы жағдай жасауға тырысады. Мәселен, 112 квартал немесе Самал шағын ауданы тұрғындарын интернет желісіне қосуға «Қазақтелеком» компаниясы құлық танытпаса, инвесторлар керісінше, халықтың өтінішін қалайда орындаудың жолын қарастырады.
Басқарма басшысы әңгімесінде баяндап өткендей, бүгінгі таңда халықтың коммуналдық мәселесінің көпшілігі дерлік оң шешімін тапқан. Қазір барлық елді мекенде сапалы жарық бар, есік алдындағы колонкадан су сарқырап ағып жатыр, көп отбасының шаңырағында «көгілдір отын» маздап тұр. Бұрын қара түнек басып тұратын көшелердің біразында жарықшамдар жарқырап, түнгі қаланың сәні кіріп қалды. Қала берді, шайынды суларды ағызып әкететін кәріз жүйесінің шарапатын шетте отырған қала жұрты да көре бастады. Осындай коммуналдық игіліктер мен жақсылықтарды жан-тәнімен сезінген шымкенттіктер енді жайлы сервиске ұмтылуды жөн санап отыр. Ол – әлбетте, жылдамдығы асқан, сапасы артқан интернет. Қала билігінің ендігі көздеген мақсаты да цифрлық жүйенің инфрақұрылымын жасақтау болып отыр.
Сол үшін интернет желісін тарту ісімен айналысатын үшінші израильдік инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қанатқақты жоба ретінде Тұрлан экспедициясы аумағындағы 10 үйді интернетке қосып көрмек. Келешекте Ынтымақ-1,2 және Нұршуақ шағын аудандарына интернет желісін тарту мақсаты қойылып отыр.
Үйрен де жирен
Әрине, қазіргідей цифрлық дәуірде интернет болмаса жұрт өзіне қажетті қызмет түрлерінің бірін де ала алмас еді. Ендігі жерде басқарманың алдында тұрған міндет – халықтың цифрлық сауатын ашу. Қызметтің барлық түрін халыққа қолжетімді ету үшін цифрлық жүйенің артықшылығын кәдеге жаратқан әкімдік тарапы бүгінде iShymkent.kz платформасын іске қосты. Сөздің басында айтылғандай, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 13 мыңдай халықты 5 бағыт бойынша арнайы курстарға қатыстырудың жоспары түзіліп жатыр.
«Әрбір азамат бүгінгі заманда жан-жақты білімді, көкірек көзі ояу болуы шарт. Сол себепті адамдарды жас ерекшелігіне бөлмей цифрлы сауатты болғанын қалаймыз. Түптеп келгенде егер адам интернет арқылы жұмысты жақсы меңгерген болса, кезекте тұрып алатын барлық қызметті үйде отырып та өзінің ала беруіне мүмкіндік туады. Мәселен, қазір көпшілік жұрт жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін арнайы қызметкерге жүгінеді. Ал цифрлық сервисті жақсы білсеңіз, осы құжатты өзіңіз-ақ дайындай аласыз. Сонда егер халық цифрлық қызмет тұрғысынан сауатты болса, бүгінгідей араға делдал салып, біреулерге алданып, опық жеп жүрмес еді», деді Әсет Абдраханов.
Цифрлық жүйе бойынша Шымкентте іске асып жатқан оңды істердің бірі – бақылау камераларының орнатылуы. Дерекке сәйкес, қалада 3 177 камера бар. Оның жартысы бейнебақылауға арналса, 1 677-сі жол қауіпсіздігін бақылайтын камералар. Басқарма басшысы бұл бастаманың тиімділігі мен нәтижесі өте жоғары болғанын айтады. Соның нәтижесінде, мегаполис көшелері мен жолдарында тәртіп түзеліп, қауіпсіздік азайған. Әсіресе заңға қырын қарайтын жүргізушілер айыппұлдан аузы күйіп, біраз жөнге келіп қалды. Соның ішінде көлікті жүргізгенде спидометрін ұмытып кететін жастардың аптығы басылған. Мәлімет бойынша биыл қосымша тағы мың камера орнатылады. Оның 800-і бейнебақылау функциясын атқарады. Қазіргі уақытта қаладағы барлық мектепте бейнабақылау құрылғылары қойылып, жергілікті полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Ендігі ретте балабақша мен ауруханалар бейнебақылау камераларымен қамтылатын болады. Басқарманың алдына қойып отырған жоспары бойынша, 2025 жылға қарай қаладағы камералар үлесі 57 пайызға жетуге тиіс.
Маманның айтуынша, былтыр бұл көрсеткіш 21 пайыз болған екен. Қала аумағы бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есеге ұлғайған. Сондықтан қала әкімдігі шалғай елді мекендерді бақылау камерасының назарында ұстауға тырысып жатыр. Негізінде елді мекендердің үлкен көшелерінде камералар баяғыдан жұмыс істейді. Полиция қызметінің ұсынысымен қосымша көшелерді де енді камераның объективіне алу көзделіп отыр. Жалпы қаланы 100 пайыз бейнебақылаумен қамту үшін 19,5 мың камера керек екен. Дегенмен бюджет шамасына қарай камералар орнату ісі қалада жалғасын таба бермек.
Қала әкімдігі тарапынан amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау және ұлттық жобаларда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Sifro академиясы ашылды. Оның бой көтеруіне инвесторлар да көмегін тигізді. Сонымен бірге мегаполисте Робопарк мектебі де шәкірттер қабылдап жатыр. Цифрлық сауаттылыққа үйрететін білім ошағында 50 адам тәлім алуда. Мұндай оқу орындарының ашылуы не үшін қажет болғанын жауапты маман былайша түсіндіріп берді.
«Шымкент республиканың ең ірі мегаполистерінің бірі болғанымен мұнда кәсіби ІТ мектептер жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа білім ордасының іргесін қаладық. Игі бастама өз нәтижесін ұзақ күттірген жоқ. Цифрлық сауат ашу курсынан өткен 10 жасар бала бүгінде веб-сайт әзірлеп, ақша табудың қамына кіріскен. Шынтуайтына келгенде, қалада ІТ саласының білікті мамандары санаулы ғана. Сондықтан олардың арасында бәсекелестік болу үшін осындай ІТ ілімін терең оқытатын мектептер қажет. Сонда Шымкентте ІТ саласы қарқынды дамитын болады», деді Әсет Маратұлы.
Оның мәлімдеуінше, iShymkent.kz платформасының келешегі өте зор болмақ. Қазірдің өзінде коммуналдық қызметтер автоматтандырылып, платформаға қосылды. Осыған арнайы диспетчерлік пункт, яғни халықтық кеңсе ашылып, қарапайым тұрғындар сол жерден монополистермен келісімшартқа тұра алады. Ендігі жоспарда Мүлік иелері бірлестігі мен Жай серіктестік жұмыстарын автоматтандыру тұр. Жалпы, тұрғын үй реформасында көзделген жаңа басқару нысанына өту үшін үй тұрғындарының осы мақсатқа арнайы ұйымдастырылатын басқосуына түгелдей дерлік қатысуы міндетті. Осы тұста әркім жеке шаруасымен жиналысқа уақытында қатыса алмай қалатыны тағы бар. Сондықтан бұл істі жеңілдету үшін жауапты маманның пікірінше, Нұр-Сұлтан қаласындағыдай цифрлы жүйеге көшіру керек. Ал ол міндетті Шымкентте iShymkent.kz платформасы жүзеге асыра алады. Жалпы, басқарма басшысының ойында барлық саладағы қызмет түрлерін, мәселен, білім беру, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау секілді функцияларды жоғарыда аталған бір платформаға біріктіру идеясы жатыр. Сонда Шымкенттің тәуелсіз, өз алдына жеке экожүйесі пайда болмақ.
Қала әкімдігі тарапынан қоғамдық көліктер саласын цифрландыру ісінде де біраз мақтанарлық дүние бар. Соның ішінде іКөлік жүйесін атап өтуге болады. Бұл цифрлық қызмет автобустар қозғалысын ұялы телефондағы қосымша арқылы бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында мыңнан астам қиылыс пен үш жүзге жуық бағдаршам бар. Үш бағдаршам ғана комутатор арқылы жұмыс істейді. Яғни көлік кептелісі кезінде жағдайға қарай диспетчерлік орталықтан бағдаршам түстері реттеліп отырады. Алдағы уақытта тағы қаладағы 70 бағдаршам комутаторлық бақылауға өтеді. Бұл – жаңғыртудың бірінші кезеңі. Цифрлық модернизацияның екінші кезеңінде бағдаршамдарға ақылды датчиктер қойылады. Сонда алуан түсті құрылғы жолдағы қозғалысты өз еркімен анализ жасай отырып реттейтін болады. Маманның сөзінше, мұндай жүйеге тезірек өтіп үлгермесек, алдағы 5 жылда көлік санының көптігінен жолдарда ұзын-сонар кептеліс орын алуы бек мүмкін екен. Бұдан бөлек мегаполисте жеке меншік ІТ хаб ашу көзделіп отыр. Ол коворкинг орталық секілді қызмет атқаратын болады. Бұған да әкімдік тиісті инвестор қарастыру үстінде. Жалпы, жыл басынан бері қаланың цифрлық даму жоспарларын іске асыруға миллиардтаған қаржы инвестиция тартылып үлгерді.
ШЫМКЕНТ