Қоғам • 08 Тамыз, 2022

Азық-түлік белдеуінің әлеуеті нығайып келеді

240 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды. Ел ырысын еселеу үшін не істеуіміз керек? Шалғайдағы шағын ауыл тұрғындарының еңсесін қалай көтеруге болады?

Азық-түлік белдеуінің әлеуеті нығайып келеді

Алдымен Нұр-Сұлтан қала­сын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік белдеуінің бүгінгі ахуалы туралы айта ке­телік. Бұл ауқымды іске негі­зінен ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірдің 17 ауданы түгел жұмылдырылған. Қазір облыстағы 128 кәсіпорын осы бағытта жұмыс істеп тұр. Оның 68-і ет және сүт өнімдерін дайын­даса, 54-і ұн, картоп, көкөніс, өсім­­дік майын өндіруде. Алты құс фа­б­ри­касы тауық еті және жұмырт­қа өндірумен айналысады. Дайын өнімдер астананың 58 сауда ба­зары мен 29 сауда үйінде тұтыну­­шы­­ларға ұсынылуда. Ірі ауыл ша­­р­­уа­­­шылығы өнімдерін өнді­ру­­ші ұжым­­дардың өз сауда үйлері де бар.

Ең маңыздысы, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру­шілердің қарқынының кемі­меуі. Бұл тұрғыдан алғанда биыл алғашқы жарты­жыл­дықта аздаған өсімнің бар екенін айта кету керек. Мәселен, алғашқы жартыжылдықта 69,8 мың тонна сүт және сүт өнімдері өндірілсе, бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,6 пайызға жоғары. 14,7 мың тонна ет және ет өнімдері дайындалып, бұл орайдағы өсім қарқыны 2,9 пайызға молайған. Сондай-ақ 130,5 млн дана жұмыртқа астаналық тұты­нушыларға жеткізілген. Ой елегінен өткізіп қарасақ, негізгі азық-түлік түрлерінің сәл ғана көбейгенін аңғаруға болады. Ендігі мәселе нарық заңына сәйкес бәсекелестіктің бәсін арттырып, молшылықты еселей түссе, қымбатшылықтың қадамына тұсау болар ма еді деген дәме.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,8 пайызға көбейгені көңілге демеу. Бұл арадағы өсім негізінен ұн өндірісінің 1,6 есе көбеюі есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Облыс қазір әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің 15-ін өндіреді. Бір қуанарлығы, өз қажет­­тілігін толық жауып қана қой­май, ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін экспортқа шы­ғарады.

– Бағаны тұрақтандыру үшін өнім көлемін молайтқан абзал, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бас­шысының орынбасары Александр Загребин, – сол кезде ғана алыс-жақын шетелдерден тасымалданатын тауарлардың орнын отандық өніммен жаба аламыз.

Жабу керек-ақ. Сонда ғана ауылдағы ағайынның бүйірі шы­ғатыны сөзсіз. Айтпақшы, ет және сүт өндіру барысында өнім кө­лемін ұлғайтуға ықпал ететін ішкі резервтің бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын өнім өндіруде ұйымдасқан шаруашылықтардың үлес салмағы аз болса, қазір бірте-бірте көбейіп келеді. Оларға мемлекет тарапынан субсидия түрінде қыруар көмек көрсетіліп, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, машина-трактор паркін жаңғыртуға қамқорлық жасалуда. Ал ел дастарқанын тол­тыруға жеке шаруалардың да айтарлықтай үлесі бар екенін естен шығармаған азбал. Солай бола тұра олар өз қотырларын өздері қасып, әупірімдеп күнелтуде.

– Біз тек мал сүмесімен ғана күн көріп отырмыз, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Айбек Базар­баев, – «аттылының жанында жаяудың таңы айырылады» дегендей, бүгінгі тіршіліктің тынысын қарап отырып, ауыл адамының өкпелейтін жөні бар. Ұйымдасқан шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға ие. Жақсы, алсын. Ал бірер бас қарасымен жалпы өнімді көбейтуге хал-қадерінше үлес қосып отырған малсақ қауым мұн­дай қамқорлықты неге көрмейді?!

Біздің пайымдауымызша, мә­селе дұрыс қойылып отыр­ған сыңайлы. Азық-түлік мол­шылығын жасауға үлкен ұйым­дасқан шаруашылық та, жеке шаруа да өз үлесін қосып отыр.

– Мен мұндай ұсынысты үнемі айтып жүрмін, – дейді об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – егер жеке шаруа мемлекет тарапынан мұн­дай қамқорлықты көретін болса, тәп-тәуір қаржылық тұрғыдан ес жинап қалар еді. Ауқымы кең істі ұйымдастыруға болады. Мә­селен, ауылдық округ әкімдігі арқылы кімнің қанша сүт немесе ет өндіргені туралы ақпарат жиналып, субсидия осындай жол арқылы төленсе, сол кезде табысы аз шаруалардың да, тұтастай, алғанда ауылдың да ажары кіріп, бүйірі шығып, оңалатыны даусыз. Екіншіден, ауыл әкімінің де табыс қазанының қақпағын ұстап отырған соң беделі арта түспек.

Бұл жеке шаруаның тірші­лігі, ал ұйымдасқан шаруашы­лықтардағы ахуал қандай? Өңірде мал басының көбеюі байқалады. Барлық меншік түріндегі шаруа­шылық қазір 548,6 мың бас қара мал бағып отыр. 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 233,3 мың басқа немесе 101,8 пайызға көбейген. Соңғы жыл­дардағы құрғақшылықтың кесапатын ескерген кезде тәп-тәуір көр­сеткіш. Өткен жылы қысыр мал ғана емес, сауын сиырлар да пышаққа іліккен. Малсақ қауым алғашқы жартыжылдықта тірідей салмағы 96,6 мың тонна болатын малды қасапханаға тапсырды. Бұл орайда біршама өсім бар. Ет өндірудің басты талабы – мал азығының молшылығы. Ұйым­дасқан шаруашылықтар болмаса жеке шаруаның табысқа кенеле қоюы күмәнді. Өйткені олардың қолында малға жұғымды құнарлы жемшөп жоқ. Бар бол­ғаны шөп пен сабан ғана. Жем қазір қасқалдақтың қанындай тапшы. Әдетте ет бағасы ерте көк­темнен қара күзге дейін түсе қой­майды. Шаруа қолындағы бірер тұяғын табиғи жайылымда жайып, оңалдырып барып, күзде ғана жұмсайды. Міне, сол кезде сауда сөрелеріндегі ет өнімдері молайып, біршама бәсекелестік тууы мүмкін. Қазір өңірде бір мезгілде 36,5 мың бас мал бордақылауға қуаты толық жететін 8 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Осы арада жекеменшіктің қолындағы төлді сатып алу механизмін жетілдіріп, ауыл адамдарына қарай көбірек бүйрек бұру керек. Айталық, сүт және ет өнімдерін қанша өн­­дір­генімен, жеке шаруаның көсегесі көгеріп отырмағаны рас. Кооператив құрылып, ет және сүт өнімдері бір жерге жиналғанымен, ырысты молайтуға аянбай үлес қосып жатқан, сол төрт түлік мал­дың бар бейнетіне шыдап келе жат­қан мал иесін ешкімнің ескере бермейтіні түсініксіз.

Рас, өңірде ет өндіретін мал фермалары ұйымдастырылуда. Мәселен, 2018-2020 жылдар ара­лығында облыста 23,3 мың бас етті қара мал сатылып алынып, 402 ферма құрылды. Биыл 104 ет өндіру бағытындағы ферма құру көзделуде. Алғашқы жар­тыжылдықта 3,1 мың бас қара малға лайықталған 46 ферма ұй­ым­дастырылды. Қазіргі күні тағы да 7 ферманы құру қолға алынған. Алғашқы бес жылда 700 етті бағыттағы мал бағылатын фермасы қатарға қосылады деген жоспар бар. Ойға алған шаруаның барлығы оңынан оңғарылса, азық-түлік белдеуіндегі астаналық тұтынушыларды ғана емес, өзге өңірлерді де сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.

Етті және сүтті мал тұқымын асылдандыру мәселесі де өте өзекті. Онсыз малсақ қауымның көсегесі көгермейтіні әлмисақтан белгілі. Бұл орайда да талпыныс бар. Әр жыл сайын табынға асыл тұқымды етті үш мыңға жуық бұқа қосылуда. Сіңіре будандастыру арқылы бірер жылдың ішінде бар табын толық асылдануы әбден мүмкін. Айталық, 2021 жылы жергілікті 53,6 мың бас мал тұқымы асылдандырылды. Бұл қолдағы барлық малдың 23,9 пайызы. Биыл бұл орайдағы көрсеткіш 26,3 пайызға жеткізіледі деп межеленуде. Міне, осындай қарқынмен жүргізілсе, талай жылдан бері үздіксіз көтеріліп келе жатқан түйінді тақырыптың тігісі жатқызылуы әбден мүмкін.

Сүт өнімдерін өңдейтін кәсіорындарды өніммен қамта­масыз ету үшін 56 маман­дан­дырылған тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Онда 14 мыңнан астам сиыр сауылады. Ұйымдасқан шаруашылықтардан 100 мың тоннаға жуық сүт өндірілуде. Бұл бағытта да бірқатар жағымды жаңалық бар. Алысқа бармай-ақ 2021 жылғы көрсеткішті саралайтын болсақ, 2,3 мың сиыр сауатын 19 тауарлы сүт фермасының ұйымдастырылғанын айтуға болады. Биыл дәл сондай 11 ферма ұйымдастырылып, олардың әрқайсысында елуден мың басқа дейін сиыр сауылмақ.

Облыста дәл қазір ірі көлемде құс етін және жұмыртқа өндіретін 4 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, оның ішінде Біржан сал ауда­нындағы «Қазгер құс» серік­тестігін айта кетуге болады. Бұл фабрика жылына 300 млн-ға жуық жұмыртқа өндіруде. Аршалы ауданындағы «Ижевск» өндірістік кооперативі де дәл осындай көлемде өнімін тұтынушыға жет­кізуде. Ал етті бағыттағы жұмыс істейтін Бұланды ауданындағы «Ма­кинск құс фабрикасы» серік­тестігі жылына 60 мың тонна құс етін өндіруде. Өнім көлемі әжеп­тәуір бес құс фабрикасы да сапалы құс етін өндірумен айналысуда.

Тақырыптың тұздығына қайта айналып соғайық. Екі жаққа да тиімді болатын дүние. Азық-түлік мол­шылығын жасауға септе­сіп жатқан жеке шаруаға қарай­ла­сатын болсақ, олардың да мал бағуға деген ынтасы артар еді. Ең бас­тысы, дәл осы қадам арқылы ауылдың тамырына қан жүгіртуге әбден болады.

 

Ақмола облысы