Мәселен, қырыққабат бағасы 187 теңгеге (67%), сәбіз 268 теңгеге (38,1%), күріш 412 (40,6%) теңгеге қымбаттаған. Бірақ бірінші сұрыпты бидай ұнының бір килосы 15,7%-ға арзандап, 188 теңгеден сатылады. Ал күнделікті дастарқанда тұратын нанның бір бөлкесі 147 теңгеден сатылып, бұрынғы бағадан 21,8%-ға арзандағаны байқалады.
– Сатушылар екі түрлі бағаны ұстанады. Мәселен, маған бір бағаны, келесі тұтынушыға басқа бағаны айтады. Соған қарамастан, өзімізге қажетті азық-түлікті сатып алуға мәжбүрміз. Өйткені бұдан басқа амалымыз жоқ. Жаз мезгілінде көкөністер бағасы неге қымбаттайтынын түсінбеймін, – дейді зейнеткер Гүлжан Досова.
Сауда сөрелерінде азық-түліктің бағасы үнемі жазылып тұрмайды. Сатушыларда екі баға бар. Әкімдіктен мониторинг топ келетінінен хабардар болған саудагерлер сөреге төмен бағаны көрсетіп қояды. Кейін көтеріңкі бағаны жазып қоятыны белгілі. Бұл әрине тұтынушының наразылығын да, алаңдаушылығын да тудырады. Осыған орай сатушылар мониторинг тобының мүшелерінен ескерту алғанымен, азық-түлік тұрақты бақылана ма?
– Алдыңғы аптадағы тексеру кезінде күріш бағасы 310 теңге еді. Соңғы аптада оның бағасы 400 теңгеден асты. Ал картоп бағасы 224 теңгеден 190 теңгеге дейін арзандады. Сатушыларға үстеме баға 15%-дан аспауы керектігін ескерттік. Бірақ олар бағаны кім белгілейтінін айтпайды. Баға әр сауда орнында әртүрлі болып тұр, – дейді мониторинг тобының мүшесі Сәкен Өскенбаев.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында мобильді топ мүшелері 14 ауылдың тұрғындарымен кездесті. Оның ішінде Жылыой, Мақат, Махамбет және Индер ауданының ауылдары бар. Облыс орталығынан алыста орналасқан елді мекендердің тұрғындары жеке кәсібімен тұрмысын жақсартуға ниет білдіріп отыр. Алайда жобасын іске асыру үшін қаржы таппай, қиналатындар да, жаңа іс бастауға тартыншақтайтындар да бар.
Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсарту үшін не істеу қажет? Осы мәселеге орай Үкіметтің 2025 жылға дейін іске асырылатын бағдарламасы бар. Бұған Amanat партиясы да назар аударып, «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Мақсат – ауылдарды дамыту, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту.
Толғауы тоқсан тіршілігі мол барлық ауылда жастар жетерлік. Алайда шағын және орта кәсіпкерлік жас буынның ғана қолға алатын кәсіп емес. Бұл – жас талғамайтын сала. Десек те шалғайдағы ауылдарда тұратын әр буынның өкілі кәсіп бастағандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінінен хабарсыз. Мемлекеттік бағдарламамен берілетін жеңілдетілген несиені, тіпті түрлі субсидияларды қолдаушысы барлар ғана алатыны даусыз. Оның үстіне ауылдар кәсіп ашуға қолайлы емес.
«Ауыл аманаты» жобасы осындай олқылықтарды жоюға серпін бере ме? Осы орайда ауылдарды дамытамын, кәсіп түрін молынан ашамын деген жандарға қаржылай көмек беру жөнінде құр сөзбен емес, нақты әрекетпен қолдау қажет-ақ. Мәселен, Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғыны Жеңісбек Сағидоллаевтың айтуынша, Мақат ауданында да ауыл шаруашылығында кәсіп ашуға бет бұрғысы келетіндер бар. Алайда судың тапшылығы аталған саланы өркендетуге қолбайлау болып отыр.
– Біздің ауданда кәсіп ашу үшін ең алдымен, су мәселесін шешу қажет. Біздің ауданда техникалық су жоқ. Жерасты сулары да тартылып барады. Жалпы, су күнделікті тұрмысқа да, кәсіп бастауға да қажет. Сондықтан алдымен осындай түйткілді мәселеге назар аударылғанын қалаймыз, – дейді Ж.Сағидоллаев.
Ал жеке кәсіпкер Саламат Қуанышевтың пікірінше, кәсіпкерлер электр энергиясына жеке тұлғалардан алты есе артық төлейді. Бірақ электр энергиясымен қамту сапасы өте төмен.
– Жарық бірде бар, бірде жоқ. Әсіресе жаз мезгілінде тоңазытқышты қоспай, дүкендегі, не үйдегі азық-түлікті сақтау өте қиын. Электр энергиясының жиі сөнетін болса, азық-түлік сапасы тез бұзылады. Бұл – қарапайым тұрғын үшін де, кәсіпкер үшін де үлкен шығын. Бірақ кәсіпкерлердің жарыққа төлейтін тарифі өте қымбат, – деп қынжылысын білдірді ол.
Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Алайда өзге ауылдарға қарағанда, мұнда кәсіпкерлік кең қанат жаймаған. Әсіресе жастар арасында кәсіп бастағандар аз. Аудан орталығы – Құлсары қаласынан 30 шарқырым қашықта орналасқан ауыл тұрғындарын қой мен түйе жүнін өңдеу мәселесі толғандырып отыр.
«Ұлы дала» ауыл шаруашылығын дамыту ассоциациясының сарапшысы Динара Сүйінішқалиеваның айтуына қарағанда, «Ауыл аманаты» жобасында ауылдағы бизнесті дамытуға 2,5 пайыздық несие беру қарастырылған. Тұрғындар ұсынысынан кейін мынадай сауалдар туындауы мүмкін. Бұл жобаны дамытуға бола ма? Ауыл тұрғындарына көмегі тие ме? Өйткені жеңілдетілген несиені алу үшін құрылатын кооперативке кемінде бес адам бірігуі керек. Төмен пайыздық несиені кооператив құру арқылы ғана алуға болады.
Ал кооператив құрғандардан ауыл үшін маңызды жобаларды қолға алу талап етіледі. Индер ауданының Өрлік ауылында тұратын Бибігүл Шахманова табыс табу үшін ниетпен бірге нақты әрекет керек екенін айтады. Осы орайда ең бастысы – ауылды дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға септігі тиетін бизнес-жоспар құру. Қазір әр ауылда балабақша, оқу орталығын ашуға мүмкіндік бар. Әсіресе жастар осы бағытқа бет бұруы қажет.
Мұндай ұстанымды ІТ саласында жұмыс істейтін Баршамұрат Амантаев та қолдайды. Оның пікіріне сүйенсек, «Ауыл аманаты» – өте қажет жоба. Сол себептен, елді мекендерде тұрғындарға пайдасы тиетін кез келген жобаны іске асыруға болады.
Мобильді топ жетекшісі Зүлфия Көбееваның түсіндіруінше, әр ауылда, әр отбасына сауалнама жүргізу арқылы статистикалық ақпарат алу көзделіп отыр. Скрининг тәсілімен әр елді мекеннің географиялық ерекшелігі, еңбек және қаржылық, өзге де ресурстары жөніне сандық көрсеткіштер түзіледі. Статистикалық ақпараттар жобалық кеңседе сарапталып, ауылдардағы әлеуетті кәсіпкерлік бағыты анықталады. Мұндай талдау ауылдарда қандай дақылды өсіру қолайлы, қандай өндірісті ашу қажеттігін айқындауға септігін тигізеді.
– Жобаны ауылдарда іске асыру үшін Үкіметтен қолдау көрсетіледі. Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылып отыр. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлінеді. Агроөнеркәсіп саласында кәсіби біліктілігі мол мамандар тегін кеңес береді. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кооперативтердің жұмысын үйлестіріп отырады. Мәселен, жеке иелігіндегі сиырының сүтін тапсыруды көздегендер корпорация арқылы нарық бағасымен сата алады, – дейді мобильді топ жетекшісі З.Көбеева.
Атырау облысы