Медициналық орталық ауруханасының жаңа блогі ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес салынған, сондай-ақ пульмонология және нефрология, гастроэнтерология және эндокринология, неврология, ревматология және кардиология бағыттары бойынша терапевтік қызмет көрсетуге мамандандырылған. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар, интенсивті терапия блогі, инсульт, миокард инфарктісі, кардиохирургия, нейрохирургия және ортопедиялық операциялардан кейінгі науқастарды оңалту блогі орналасады.
«Осылайша, МОА базасында 200 терапевтік және 200 хирургиялық орынмен қамтылған көпбейінді стационар жасақталып жатыр. Бұл науқастарды қабылдау мен медициналық көмек көрсетуді екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат пайдалануға берілсе, біз жылына 16 мың адамға дейін қызмет көрсетіп, пациенттердің мұқтаждығын қанағаттандыра аламыз», дейді Медицина орталығы ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.
Жаңа корпустың диагностикалық базасы жоғары санатты эксклюзивті технологиялардан тұрады. Мұндай заманауи озық қондырғылардың Қазақстанда, кейбірінің ТМД-да баламасы жоқ.
«Мәселен, минутына 640 кесінді жасайтын және тіннің әрбір миллиметріне дейін зерттеуге мүмкіндік бере отырып, дәлме-дәл нәтиже көрсететін компьютерлік томограф орнатылды. Бұл құралдың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ. Ал бұрынғы қолданыстағы томограф әрі кетсе минутына 256 кескін жасайтын. Томосинтез функциясы бар маммограф болса, сүт безінің қатерсіз ісігін қатерлі ісіктен ажыратуға мүмкіндік береді. Тағы бір ерекше зерттеу – қарауылдаушы лимфа түйіндерін радиоактивті түрде анықтау әдісі. Бұл қатерлі ісікке шалдыққан әйелдерге жасалатын операцияның жеңіл өтуіне көмектеседі. Бұдан өзге де өзгеше аппараттар баршылық. Ұстамалары бар науқастарды күнделікті нейрофизиологиялық зерттеу – эпилепсияның себебін диагностикалайды және ұстама ауруының дендеуіне түрткі болатын ми қыртыстарын анықтайды. Мұның барлығы біздің аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, ең қиын ауруларды анықтауға мүмкіндік береді», деді Раушан Қарабаева.
ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жаңа блогі білікті дәрігерлермен 100% қамтамасыз етілген. Диагностикалық жабдықтарды пайдаланатын мамандар алдын ала таңдалып, алыс-жақын шетелдердің үздік емханаларында тәжірибеден өтті.