Экология • 09 Тамыз, 2022

84 мың ағаш апатты жағдайда

695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы жасыл желегімен көрікті. Шаһарда «Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Жоба негізінде 1 млн ағаш отырғызу көзделген болса, акция басталғалы бері 643 мың көшет егілген.

84 мың ағаш апатты жағдайда

Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаевтың айтуынша, қалада 4 млн-нан астам ағаш өседі.

«Алайда Алматының барлық ауданы абаттанған алаңдарымен мақтана алмайды. Бүгінде жасыл желектермен қамтамасыз ету біркелкі емес. Мысалы, Алатау мен Наурызбай аудандарында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу қажет», дейді басқарма өкілі.

Жетілген және жасамыс ағаштар негізінен қаланың орталық бөлігінде өседі. Сонымен қатар Алматыда 84 мың апатты жағдайдағы ағаш бар. Бұл мәселені шешу үшін кәрі ағаштарды кезең-кезеңімен кесу және жас көшеттерге ауыстыру бойынша арнайы бес жылдық бағдарлама қабылданған. Биыл 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет отырғызылмақ.

Алатау баурайында орналасқан ару қала­ның ара-тұра тосын мінез танытып тұратын сұрапыл дауылы талай тал-теректі қопарып, тіпті адам өлімі тіркелген жағдайларға әкеліп соқтырған кез аз болған жоқ. Шаһардағы кей­бір ағаштардың жасы ғасырдан да ұзақ. Жасыл экономика басқармасының өкілдері апатты жағдайды болдырмас үшін, қаладағы кәрі ағаштар мәселесі жіті назарда екенін жеткізді.

«Жасыл Алматы» бағдарламасы негізін­де биыл көктемде 145 мың ағаш отыр­ғы­зыл­ған болса, жыл соңына дейін 360 мың жер теліміне көшет егу жос­пар­ланған. Ең бастысы, көгалдандыру алаң­дары ғалымдардың пікірін ескере отырып, дендрологиялық жоспарға сәйкес белгіленеді.

Егілген әрбір ағаш қаланың жасыл екпе­лерінің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Қала­лық жасыл кеңістік тізімі жүйесі негізінде ағаштардың түрлері, түр құрамы, аумақ көле­мі, жағдайы және орналасуы туралы дерек­тер үнемі жаңарып отырады. Ма­ман­дар соңғы жылдары ағаштарға зиян кел­тіретін инвазициялық зиянкестердің белең алғанын айтады. Осыған орай, ағаштар мен бұта­ларды қорғау және жақсарту шара­лары қабылданған. Көгалдарды зиянкес­терден қорғау үшін биологиялық өнімдер кешені және феромон тұзақтарының биоло­гиялық агенттері қолданылып келеді. Жүр­гізілген жұмыстардың нәтижесінде жасыл желектердің зақымдану деңгейі 70-85%-дан 30-35%-ға дейін төмендеп, кей жерлерде орналасу аумағына байланысты аурудың ізі де қалмаған.

 

АЛМАТЫ