Мәселен, елімізде алғашқылардың қатарында құрылып, әлемдегі баламасы жоқ «Теңіз» кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС цифрландыруды өндіріске кеңінен енгізуді қолға алған. Осы мақсатта ақпараттық технологиямен айналысатын қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға бетбұрыс жасады. Өйткені Энергетика министрінің орынбасары Жанат Жахметованың пікірінше, Үкімет тарапынан энергетика саласын цифрландыруға, қазақстандық қамтуды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Әсіресе «Теңізшевройл» секілді энергетика саласындағы көшбасшы компаниялар цифрландыруға ден қойса, бұл отандық ақпараттық технология мамандары жұмысының жандануына серпін береді. Сөйтіп, ақпараттық технология мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі.
Қазір «Теңізшевройл» компаниясының мамандары «Теңіз» кен орнында инновациялық технологияларды өндірісте қолдана бастады. Мәселен, «Теңізшевройлдың» барлық автокөлік паркі көлік қауіпсіздігі интеллектуалды жүйесімен қамтылып отыр. Бұл дыбыстық сигнал беру арқылы жүргізушінің шаршау деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша, интеллектуалды жүйе жазатайым оқиғаларды азайтуға, көлікке мінген қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Кевин Лайонның дерегіне сүйенсек, «Теңіз» кен орнында біріктірілген өндірісті басқару орталығы іске қосылды. Жаңа орталықта соңғы үлгідегі цифрлы технологиялар орнатылған. Мұны Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі бірегей нысан деуге болады.
– Біріктірілген басқару орталығы «Теңізшевройлдың» барлық өндірістік нысаны мен зауытын бір орталықтан басқаруға, бірыңғай оперативтік модельге біріктіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл нысанды пайдалану кәсіпорынға өндірісті қауіпсіз әрі үздіксіз жүргізуге, қызметкерлеріміз бен өзіміз еңбек ететін өңірдегі қоғамдастықтың игілігі үшін қосымша пайда әкелуге көмектеседі, – дейді Кевин Лайон.
Компания басшылары жаңа орталықты кен орнындағы өндірістік нысандардан 20 шақырым қашықтықта орналастырды. Мұндай қадам біріктірілген басқару орталығының қауіпсіз жұмысын үйлестіру үшін жасалған. Жаңа орталықта «Теңіз» кен орнының операторларына ең ұтқыр шешімдер қабылдап, сенімділікті арттыруға, өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыру үшін икемді тәсілдерді қолдануға көмектесетін диспетчерлік пульт бар. Оның жалпы аумағы 2 200 шаршы метрді құрайды.
– Біздің компания құрылған кезден бері жаңа нысандардың құрылысына қомақты инвестиция салып, өндіріске соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен енгізіп келеді. Біз Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуды жалғастыра береміз. Мәселен, 1993 жылдан бері ел бюджетіне 164 млрд доллардан астам тікелей қаржылық төлемдер жасады. Оның 42 млрд-тан астам доллары жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалды, – дейді бас директор К.Лайон.
Бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, біріктірілген өндірісті басқару орталығының нысан құрылысын жүргізіп іске қосуға 30-дан астам қазақстандық компания тартылған. Онда 600-ден астам жергілікті қызметкер жұмыс істейді. Нысанды пайдалануға беру жергілікті қызметкерлердің кәсіби білігі мен дағдысын жетілдіруге ықпал еткен. «Теңіз» кен орнындағы кешенді технологиялар желісінде виртуалды зауыт (Virtual Plant) көмегімен нақты уақыт режімінде бақылау-өлшеу жабдықтарының деректері біріктірілді. Осындай цифрлы технологияларды қолданудың ықпалы сұйытылған көмірсутекті газ өндірісін ұлғайтуға, ОРЕС+ шектеулерінің орнын толтыруға тиіп отыр. Сонымен қатар өндірісте кездесетін түрлі қиындықты мүмкіндікке айналдыруға, цифрлы шешімдер арқылы құндылықты құру тізбегін оңтайландыру мен өзгерістерге сәйкес жылдам әрекет етуге жол ашқан.
– Қазақстандық қамтуды арттыру – «Теңізшевройл» компаниясының басым бағыттарының бірі. Біз үшін отандық компаниялармен бірге жұмыс істеу, олардың дамуына ықпал етудің маңызы зор. Сол себептен, ақпараттық технология мамандарының үлесін барынша арттыруды көздеп отырмыз. Осы мақсатта биыл «Цифрлы Теңізшевройл-2022» атауымен хакатон іс-шарасын өткіздік. Хакатонға еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық команда қатысты. Берілген тапсырмалардың оңтайлы шешімін ұсынған командалар «Теңізшевройлмен» келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болды. Командалардың оңтайлы шешімі ғана емес, сонымен қатар жалпы даярлығы мен құзыреттілігінің деңгейі бағаланды, – дейді компанияның цифрландыру жөніндегі кеңесшісі Әзидолла Қисметов.
Атырау облысы