Білім • 11 Тамыз, 2022

Ана тілінде оқудан неге қашады?

944 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын көп көңілді күпті ететін бір жай бар. Ол – қазақ баласының орыс тілінде білім беретін бастауы­ш сыныптың табалдырығынан аттауы. Кешегі кеңес заманында Көкшетау өңірінде жергілікті ұлт тілінің шала-жансар күйге еніп, кірпігі ғана қимылдағаны жалпақ жұртқа мәлім. Тәуелсіздік алғалы да ұлттық рухани әлемнің, әсіресе білім саласындағы тоқыраған ағыс арнасын аша алмай жатыр.

Ана тілінде оқудан неге қашады?

Биыл қанша қазақ баласының орыс тілінде білім алуына ықыласы ауып тұрғаны әзірге беймәлім. Бірақ қолда бар мәліметке қара­ғанда, нешеме жылдан бері қиын түйінге айналған мәселенің беті әлі де томсарып тұр.

– Бірінші сынып оқушыларының қайсысы қай тілді таңдағаны оқушы партаға отырған кезде белгілі болады ғой, – дейді облыстық білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Ботагөз Дүй­сенова, – соңғы жылдары мақтанарлық ештеңе болмай тұр. Баз баяғы қалпында. Заңдық тұрғыдан алғанда ата-аналардың қай тілді таңдаймыз десе де еркі. Оның үстіне қазір құжаттар онлайн түрде қабылданады да, ата-аналармен екі арадағы қарым-қатынастың тіні үзіліп, намысын оятатын ақыл-кеңес айтуға мүм­кіндік болмай тұр.

Өткен жылдың деректеріне үңілсек, облыстағы білім ошақ­тарында 86 176 қазақ баласы білім алса, соның 23 532-і орыс тілінде оқыған екен. Бар баланың 27 пайы­зы деген сөз.

– Біз бұл мәселемен әлденеше жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Білім ошақтарына барып, ел ішін аралап, ата-аналармен тілдесіп, мәселенің мән-жайына үңілдік.

Содан шыққан қорытындыны ақыл таразысына салып, түйіндеп айтатұғын болсақ, ең алдымен, балаларын өз ана тілінде оқытуға ата-аналардың өздері құлықсыз. Себебі жас отбасыларының басым көпшілігі, бәлкім түгел дерлік үй ішінде орыс тілінде сөйлесуді әдетке айналдырған. Тілі жаңа шыққан бала ұядағы көргенін істейді емес пе, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова, – оған қазір бесіктен белі жаңа шыққан баланың ұялы телефонды ермек ететінін қосыңыз. Ал телефондағы барлық ақпарат, кішкентай балалар ойнайтын ойын үлгілерінің бәрі орыс тілінде. Екіншіден, жас отбасының иелері өздері қазақ тіліне шорқақ. Ертең қазақ мектебіне берген кезде біз сабағын оқуға көмектесе алмаймыз деген уәж айтады. Ойын баласы аулаға шықса, өзге тілде сөйлеседі. Бала үйінде тілі өз тілінде шығып сөйлегенімен, балалар бақшасына барғаннан кейін өзге балаларға еріп, орыс тілінде сөйлеп кететіндерін көз көріп жүр. Осы арада балалар бақшаларының тәрбиешілеріне де орынды сын айтуға болады. Олар балаларды тек өз ана тілдерінде сөйлеуге баулымай, әлгі балалармен өздері орысша сөйлесіп тұрады. Жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие беретін кейбір балалар бақшаларындағы қазақ тілінің деңгейі амандасу мен қоштасу ғана, қалғанының бәрі орысша. Сонда мұндай мектепке дейінгі мекеменің атауы­ ғана жергілікті ұлт тілінде тәрбие беретін бақша болып тұр ғой. Осының бәрін сараптай келе, түбегейлі өзгеріс керек. Ең бірінші, ата-ана мен балалар бақшасы өз жауапкершіліктерін арттырса ғана жағдайдың оңалуы мүмкін.

Шынында да, бұл мәселе дәл осылай еке­нін көз көріп жүр. Балалар түгіл жастары жер ортасынан ауып кеткен егде адамдардың өзі не­мерелерімен орыс тілінде шүйіркелесіп отыр­ғандарын талай көрдік. Бір қарағанда, ұрпағына үлгі көрсетіп, өнеге дарытатын да аға буын емес пе?!

– Тіл үйретудің бір емі ауыл ғой, шіркін! – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Шияп Әлиев, – әттең ұлт­тық құн­ды­лық­тарымыз мелтектеп тұрған ауыл­дар­дың да іргесі сөгіліп, селдіреп бара жа­тыр. Ал қала жұрты ежелден осы. Оның түпкі себебі бір кезде жастардың болашағын орыс тілін қаншалықты білуіне байланысты болғандығын ешкім жасыра алмаса керек. Ата-аналарымыздың өзі орыс тілін білсең ғана, аштан өліп, көштен қалмайсың деп насихат айтып отырды ғой. Біздің ұрпақ қатарынан кем болмауы үшін өзге тілдің өрісін кеңейтуге мәжбүр болды. Ал бүгінде сол сұрқай көріністің тұмшалаған шымылдығын серпе алмай, пұшайман болып отырмыз. Жазғы демалыс­тарда балаларды ауылға жіберіп алса ғой. Онда­ғы балалар таза қазақ тілінде сөйлейді. Сөйтіп, екі-үш айдың ішінде тіл сындыруға болар еді. Менің ойымша себеп-сылтау іздеудің ешбір қажеті жоқ. Бұл мәселе әркімнің өз көзқарасына, пайымдауына байланысты. Әлбетте, әркімнің өз ұлтына деген, тіліне деген жанашырлығы болуы керек қой.

Аға буынды орыс тілінде білім алуға қо­лы­нан ұстап жетектеген кесапаттың қалай туын­да­ғаны белгілі. Енді осы бір жаны сірі жаман әдеттен қалай құтылуға болады.

– Оның амалы біреу-ақ, – дейді ел ағасы Бекет Бексейітов, – ешбір заңға өзгеріс енгізіп, дүйім жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметке қай ұлттың өкілі болсын жергілікті ұлт тілін білу міндет деген талап қойса жетіп жатыр. Сонда балаларының болашағын ойлаған ата-аналар ұл-қыздарын жергілікті ұлт тілінде оқытуға ықыласты болады.

Қиын түйіннің әбден шиеленіскен ұшын іздеп, әрқилы пікірді салғастыра салмақтауға тура келді. Соның ішінде мына бір пікірдің алаң көңілге ұялағаны.

– Ата-аналардан қайыр болмағандықтан, жер­­гілікті ұлт тілінде білім беретін бала бақша­лар­ды мықты мамандармен қамтамасыз етуге көңіл бөлу керек, – дейді Ботагөз Балапайқызы, – өйт­кені қазіргі бала бақшадағы тәрбиешілер өздері тәрбиелеген ұл-қыздардың қай тілде білім беретін сыныпты қалағандығын індетіп білмейді. Демек бұл жерде де жауапкершіліктің жоғары емес екендігі көзге көрініп тұрған жоқ па? Оның үстіне мектептегі оқулықтың сапасы да кө­ңіл көншітпейді.

Биыл жеткіншектерін білім оша­ғы­ның табалдырығын аттатуға ниеттеніп отырған бір­­неше жаспен де тілдесіп көрдік. Олардың айтатын өз уәжі бар. Басым көпшілігі өздерінің ана тілін жетік білмейтіндіктерін ашық мойын­дап отыр.

–Ата-аналардың басым көпшілігі жұ­мыс­­басты, – дейді Көкшетау қаласының тұр­­ғыны Ақмарал Жанғалиева, – теледи­дар­дағы, әлеу­мет­тік желідегі балаларға ар­нал­ған бағ­дар­ламалар бүлдіршіндердің қызы­ғу­шы­лы­ғын ту­ғыза алмайды. Қазақ тіліндегі мультфильмдер, балаларға арналған көркем фильмдер саусақпен санарлық. Балдырғандардың рухани қажеттіліктерін өтейтін әрі сол арқылы өз ана тілдерін білуге деген ынтызарлықтарын туындататын сапалы әрі көркем дүниелер болуы қажет қой. Сол жоқ болғандықтан, амалсыздан орыс тіліндегі туындыларды көріп, тілдерін солай жаттықтырып жатыр. Демек бұл жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның мәселесі.

Тағы бір ата-ананың айтуына қарағанда, сегіз жасар баласы өз ошағында ана тілін тәп-тәуір меңгерген. Таза, жатық сөйлейтін болған. Тілі аралас мектептің табалдырығын аттағаннан кейін өзгерген. Осы аралас мектептің өзі – тіліміздің тоқырауына үлкен ықпалын тигізіп тұрған кемшіліктің бірі.

– Бұрыннан жұмыс істеп тұрған аралас мектептерді таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағына айналдыру қиын шаруа, – дейді Ботагөз Балапайқызы, – бұл арада ең басты мәселе, тіпті өзге ұлт өкілінде емес, өз ағайынымызда. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №19 мектепті таза қазақ мектебіне айналдырсақ деп бастама көтерген кезде өре түрегеліп, қарсылық танытқан өзге емес, өз ағайындарымыз болды. Қазір бұл мектепте жоғары сынып оқушылары ғана орыс тілінде оқып жатыр. Олар түлеп ұшқан соң, яғни төрт жылдан кейін осы орта мектеп таза қазақ тілінде білім беретін білім ошағына айналмақ. Жаңадан салынып жатқан екі орта мектеп те таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағы болады. Негізінде балаларын қазақ мектебіне беремін деген ата-аналардың алдынан кесе-көлденең тұрып жатқан еш мәселе жоқ. Көкшетау – кішкентай қала.

Сөз соңын шиырып айтқанда, ұрпағын өз ана тілінде тәрбиелеуге әрбір ата-ананың өзі ықыласты болуы керек екен. Әркімнің санасында намысын қамшылайтын осындай ой жүрсе, жар жағалауындағы жалғыз тілдің көсегесі көгерер еді. Қалай болған күнде де ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының «тілі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген аталы сөзі қаперден шықпағаны керек-ақ!

 

Ақмола облысы