Қоғам • 11 Тамыз, 2022

Ата-аналар жекеменшік балабақшаларға шағымданып жатыр

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрлігіне тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауына, сондай-ақ балабақшада балаларға жасалған сапасыз жағдайға, кейбір жекеменшік балабақшалардың жосықсыз жұмысына қатысты шағымдар түсіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ата-аналар жекеменшік балабақшаларға шағымданып жатыр

Ата-аналар балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етіп жатыр. Мәселен, Қостанай қаласында балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты тартып жіберген, нәтижесінде оның сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан шығарылды, ал балабақша директоры әкімшілік жауапқа тартылды.

Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да ұқсас жағдай болған, онда тәрбиеші кішкентай қызға қол көтерген.

Жақында Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым келіп түсті. Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып барған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, тәрбиеші «апайлар» оларды бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген. Балалар тәрбиешісінен қорыққандықтан осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпаған. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы бүлдіршіндердің түрлі жарақаттары туралы ақпарат күн сайын түсіп жатқаны анықталды.

Қызылорда қаласындағы жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру фактілері тіркелді. Далаға өз бетімен шығып кеткен балаларды қаланың тұрғындары тауып алған. Дәл осындай жағдай елордалық балабақшада да орын алған екен. Тәрбиешілер тәртіптік жауапқа тартылды.

«Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беру тәртібін енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмай шықса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз», деді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.