Абай • 11 Тамыз, 2022

Абайтануға арналған интеллектуалдық алаң

14745 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай күнінің құрметіне Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұлы ойшылдың 177 жыл­ды­ғына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерт­теу институтының жетекші қызметкері, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Ләйлә Мұсалы Абай мұрасын зерделеу ісіндегі іргелі қадамдар туралы айтып берді.

Абайтануға арналған интеллектуалдық алаң

2009 жылы құрылған Абай институты өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Негізгі ба­ғыты – ұлы ақынның өмірі мен шы­ғармашылық мұрасын қоғамдық гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында зерттеу. Институттың Аbai.kaznu.kz. веб-сайтында ғылыми-әдіс­теме­лік оқулықтардың мол қоры жинақталған. Аталған институт елімізде алғаш рет «Абайтану. Таңдамалы ең­бектер» атты 50 томдық жи­нақ­ты құрастырып шықты. Таң­дамалы еңбектердің 50 томдық басылымы негізін­де іріктеліп, «Абайтану антоло­гиясының» 10 томдығы да оқыр­манға жол тартқан болатын.

Ләйлә Мұсалының айтуын­ша, Абайтану антологиясы – қоғам­дық-гуманитарлық ғы­лым­дар жүйесіндегі, Абайтану тари­хындағы үлкен жетістіктің бірі. «Абайтану антологиясына» М.Әуе­зов, Қ.Мұхамедханов, М.Мыр­захметов, Р.Сыздықова, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, т.б. көр­некті абайтанушылардың іргелі ғылыми монографиялары, Абайтану саласында­ғы іргелі мәселелерді ғылыми тұрғыда пайымдайтын жекелеген зерттеулер, Ж.Дәдебаевтың «Абайдың антропологизмі» монографиясы, кейбір пәнара­лық сипаттағы еңбектер ен­ген. Ғалым сондай-ақ Абай­тану антологиясы атты интел­лектуалдық арнаулы база ашыл­­ғанын жеткізді. Бұл база Қазақ­станның білім және ғы­лым жүйесі үшін, жалпы дүние жүзі қазақтарына жол ашатын игілікті алаңға айналуға тиіс.

«Мемлекет басшысы ал­дағы уақытта гуманитарлық пән­дер­дің бөлінбес бөлшегі ре­тінде Абай­тану курсын оқы­ту керек деп нақты міндет қой­ды. Осы бағытта ҚазҰУ жанында Абай ғылыми-зерттеу институты ойшыл ақынның мұрасы мен Абайтану бойынша еңбектерді ғылыми айналым­ға енгізу мақ­са­тында нақты жұмыстар атқарып келеді. Абай ілімін білу жобасы аясында Абай таксономия­сы мәселесі көтерілуде. Абай таксономиясы атты жаңа ғылыми бағыт­ты негіздеп жатырмыз. Осы жұмыстардың аясын бар­лық ЖОО-да жалпы білім бере­тін пәндер қатарына қосуды ұсы­намыз», дейді Л.Мұсалы.

Абайдың қара сөздері бү­гінге дейін маңызын жойған жоқ. Орыс тілінде «Қарасөз­дердің» үш бірдей нұсқасы бар. Абай­дың қарасөздері әлі де жіктеліп, зерттеліп, тереңірек мән-мағы­насын ұғынған са­йын, бү­гінгі заманның адамын рухани жағы­нан байыта тү­седі. Ләйлә Мұсалы «Пре­зи­денттің «Абай – рухани реформатор» мақаласында айтыл­ған пайымдауларға ұстаз­дар қауымы оқыту процесі барысында үнемі назар аударатынын жеткізді.

«Рухани реформатор деген қоғамның санасын алға жыл­жытушы деген мағынаны білдіретінін ұмытпауымыз керек. Мақалада Абай айтқан бес дұшпан мен бес асыл істі білу керек деген іргелі ойлардың терең маңызы бар. Абайдың таза ұлттық сипатта жазылған шығармалары арқылы мем­лекеттік тілді үйретуді қолға алу керек. Абайдың бір өлеңін жаттаған бала, қазақтың сөзі мен өлеңінің құдіретін түсінуге және мемлекеттік тілді жетік меңгеруге оңтайлы қадам жасайды деген пікірге қосыламыз. Абай – біздің рухани дамуда­ғы темірқазығымыз бен ұлттық бағдарымыз болу керек», дейді Л.Мұсалы.

 

АЛМАТЫ