- Соломон аралдарының премьер-министрі Манассе Согаваре 2023 жылдың қарашасында өтетін Тынық мұхиты ойындарына дейін қызметінде қалу үшін конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Ол өкілеттігін ұзартуға бағытталған кез келген өзгерістер «бір реттік» болады деп уәде беріп отыр, деп хабарлайды The Guardian басылымы. Соломон аралдарындағы оппозиция өкілдері болса үкімет басшысының бұл қадамын билікті «басып алу» деп атап, сайлаудың Тынық мұхиты ойындарына дайындық кезеңімен қатар өтуі мүмкін екенін айтады.
Манассе Согаваренің шешімін Аустралияның Тынық мұхиты аймағындағы министрі Пэт Конрой қолдап отыр. Соломон аралдарында жыл сайын өткізілетін Guadalcanal (Гуадалканал) шайқасының мерейтойына арналған іс-шарада сөйлеген сөзінде ол Согаваре ұсынған заң жобасының бір ретке қабылданатынына халықты сендіріп баққан болатын. Оның айтуынша, ойындардан соң сайлау жүйесі қалыпты жағдайға оралады. «Біз премьер-министрдің ұсынысы мен заң жобасының тұжырымын құптаймыз. Сайып келгенде, бұл Соломон аралдары парламентінің демократиялық жолмен сайланған мүшелері мен Соломон аралдарының халқына қатысты мәселе және біз көршілес елдердің ішкі процестеріне құрметпен қарайтын боламыз», деді Пэт Конрой ABC радиосына берген сұхбатында.
Ал сарапшылар Согаваренің билікте қалуға ұмтылуы Тынық мұхиты ойындарына байланысты емес екенін айтады. Олардың пайымдауынша, бұл саясаттың астарында ҚХР-мен байланыс жатыр. Еске салсақ, осы жылы Соломон аралдары Қытаймен қауіпсіздік туралы келісімге қол қойған еді. Бұл келісімнен соң Манассе Согаваре әлемдік БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, өз елінде ешқашан Қытай әскери базасы құрылмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Аустралия аралдардың «қауіпсіздік бойынша негізгі серіктесі» болып қала беретінін, бірақ Аустралия көмекке келе алмайтын жағдай болса, үкімет Қытайдың қауіпсіздік қызметкерлеріне жүгінетінін айтқан болатын. «Егер қандай да бір қақтығыс бола қалса, біз елімізде тұрақтылықты сақтауға ұмтыламыз. Өзіміздің қауқарымыз жетпеген жағдайда Қытайдан қолдау сұраймыз. Бірақ біз әдеттегідей аустралиялықтарға сенім артамыз, аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне келгенде біз бірінші кезекте соларға жүгінеміз», деді Манассе Согаваре сұхбатында.
Қытаймен қауіпсіздік келісіміне қол қойғаннан кейін Соломон аралдарының оппозиция өкілдері үкімет Қытайдың «көмегін» қазіргі билікті сақтап қалу үшін пайдаланады деп ескертті. Келісім жобасында Соломон аралдары Қытайдың қауіпсіздік қызметкерлерін «қоғамдық тәртіпті сақтауға, адамдардың өмірі мен мүлкін қорғауға, гуманитарлық көмек көрсетуге, табиғи апаттардың салдарымен күресуге және басқа да міндеттерге көмек көрсету үшін шақыра алатыны» айтылған.
- Ал Джеймс Марапе Папуа-Жаңа Гвинеяның премьер-министрі болып қайта сайланды. Кезекті саяси науқан Марапеге оңайға соққан жоқ. Ол елдің бұрынғы премьер-министрі Питер О’Нилмен алты аптаға созылған «бәсекеде» соңына дейін күресіп, жеңіске жетті. Сарапшылар оның сайлауалды бағдарламасының кестесі қарбаласқа толы болғанын айтады. Ол халықпен диалогқа түсуге тырысып, күн сайын кездескен.
Питер О’Нил де жоғары лауазымды қызметке қайта оралуға үміттенді, бірақ қарсыласының жақтастары басым түскеннен кейін сайлаудан үмітін үзді. Ол дауыс беру басталмай тұрып парламент залынан шығып кетті. Ал Марапе 97 пайыз қолдаумен премьер-министр болып сайланды. Айта кетерлігі, ол үкімет басшысы болып сайланғанда дауыс санау әлі де жалғасып жатты. Жаңа парламент алғашқы жиынын өткізіп үлгерді. Жиында сөйлеген Джеймс Марапе оның партиясы «бір аймаққа, бір отбасы немесе бір адамға ғана емес, тұтастай осы елге тиесілі», деді. «Бүгін мен әрбір Папуа-Жаңа Гвинеяның тұрғынына алғысымды білдіремін, парламент мүшелерінің 100 пайызы тек маған ғана емес, сонымен қатар мандатқа да дауыс беруге келді, бұл ұжымдық коалицияның айғағы, өйткені біз сайлауға серіктес ретінде бардық», деп қосты ол.
Аустралияның премьер-министрі Энтони Албаниз Джеймс Марапені бірінші болып құттықтады. «Джеймс Марапені Папуа-Жаңа Гвинеяның премьер-министрі болып қайта сайлануымен құттықтаймын. Аустралия мен Папуа-Жаңа Гвинея арасындағы серіктестік ерекше: біз көршіміз, доспыз және бір отбасымыз. Аустралия екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ортақ аймақтық мәселелерді шешу үшін Папуа-Жаңа Гвинея үкіметімен жұмыс істеуге дайын», деп жазды туиттердегі парақшасына.
Кейін Питер О’Нил дауыстарды санау әлі жалғасып жатқан кезде парламенттің премьер-министрді сайлағанына наразылық ретінде Палатаны тастап кеткенін айтты. «Мен Марапеге дауыс берген жоқпын, өйткені мен өз электоратындағы халық дұрыс сайламаған көшбасшыны қолдай алмаймын. Мен шығып кетіп, біздің партияның депутаттарына адалдықпен дауыс беруге мүмкіндік бердім», деп пікір білдірді О’Нил. Ол тіпті парламентті жинау үшін барлық 118 орынды жариялау керек деп, осы аптада өткен парламенттің отырысына тыйым салу туралы шұғыл өтініш берді. Алайда Жоғарғы сот арызды қанағаттандырмай, шешім шығарудан бас тартты.
БАҚ-тың мәліметінше, Папуа-Жаңа Гвинеядағы биылғы сайлау зорлық-зомбылықпен өткен, шілде айының соңында қақтығыстардан 50 адам қаза тапқан. Сондай-ақ сайлаушыларды алдау, жәшіктерді қирату, кандидаттардың сайлау учаскелерін басып алу фактілері де тіркелген. Сайлау тізімі он жыл бойы жаңартылмағандықтан, миллионға жуық адам сайлау құқығынан айырылған.
Сондай-ақ үкіметтің кемшін тұстарын саралаған сарапшылар Папуа-Жаңа Гвинеяның жаңа парламентіне әйелдердің кандидатурасы 2017 жылдан бері алғаш рет ұсынылғанын айтады. Нәтижесінде, екі әйел – Орталық губернаторы Руфина Питер және «Рай» жағалауының депутаты Кесси Саванг сайланды. Олар елдің 50 жылға жуық тарихында парламентке сайланған бірі сегізінші, бірі тоғызыншы әйел депутат. Сарапшылар негізі депутат болғысы келетін саясаткер әйелдер саны аз болса да ниет білдірушілердің жеткілікті екенін айтады. Мәселен, биылғы сайлауға 118 орынға 3 458 ер адаммен бәсекеге 167 әйел түскен.