Аймақтар • 12 Тамыз, 2022

«Алтын тай» Аягөздің еншісінде

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сөреден суырылып шыққан 45 тайдың ішінен мәре сызығын бірінші болып Аягөз ауданының Ақбастау атты тайы кесті. Катонқарағайда өтіп жатқан «Шығыстың алтын тайы-2022» бәйгесіне Абай, Алматы мен Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген атбегілер 100-ден астам тұлпарды топқа қосты.

«Алтын тай» Аягөздің еншісінде

Ат дүбірі естілсе, өзге ісін ысыра сала ипподромға ағылар ел бүгін де Катон­қарағайдың атшабарынан табылды. Қазан көтерілді, қымыз сапырылды... Ауыз­дықтарын қарш-қарш шайнаған сәйгүліктерді тізімдегенше жиналған ел жергілікті әншілердің концертін тамашалады. Сахнаға «Жерұйық» ансамблі шыққанда, халық ұзақ шапалақ соғып, ерекше қошемет көрсетті. Ерекше құр­мет білдіргені, «Жерұйық» тобының мүшелері жиырма жыл бұрын тарасып кеткен еді. Есті де ескі әндерін көрер­­­мені әбден сағынысыпты. Біле­тін шығарсыздар, «Азия дауысы» фестивалінде Қазақстаннан жүлдеге ілін­ген екі ансамбль болса, соны бірі «Жер­­­ұйық», екіншісі «Роксанаки» тобы еді.

Сонымен, тай тізгіндеген балалар дүр етіп шаба жөнелді. Шапқан топтың соңынан шұбатыла шаң қалды. Бес жарым шақырымды бірінші басып өткені көліктің кілтіне ие болады. Бұл дүбірлі додаға Катонқарағайдың мәрт азаматтары екі көлік және ақшалай сыйлықтар тікті. «Шығыстың Алтын тайы-2022» дүбірлі додасында тұлпарлар тай жарысы, жорға, құнан бәйге, топ бәйге және аламаннан сынға түсті. 

Айта кетерлігі, тай жарысқа тоғыз жүлде тағайындалды. Былтыр ғана желіде байлаулы тұрған құлындар мәреге жақындаған сайын тақым қысқан қалың ел қиқу қосып, шулай берді. Әне-міне дегенше мәрені Аягөз ауданынан келген Дана Әлижанның Ақбастау атты тайы қиып өтті. Екінші орынды да аягөздік Талғат Толқынбаевтың «Аягөз» атты сәйгүлігі еншіледі. Мәреге үшінші болып Абай облысы, Көкпекті ауданынан келген Руслан Шайырғазиннің «Айерке» атты тайының тұяғы тиді. Айтқандай, алғашқы келген тоғыз тай да жүлдесіз қайтпады.

Кезек көпшілік көптен күткен ала­ман­ға келді. Жиырма бес шақырымды бірінші болып бағындырмақ ниетте бабы мен бағы келіскен елуден астам тұлпар шықты. Көрермендердің бірі тобылғы торы бірінші келеді десе, енді бірі күрең қас­қа­ның бітімі бөлек деп, Күреңбайдай тұлпарларды сынасып, қауқылдасып отырды.

е

Соңғы айналым. Бірі ілгері, бірі кейін, топтаса шапты тұлпарлар. Қара үзген бес-алты шабандоз үзеңгі қағыстыра мәрені бір сәтте қиып өткенімен, жүзден жүйрік деген бар. Сонымен, су жаңа автокөліктің кілтін Қарағандыдан келген қылқұйрықтың қанжығасына байлады. Екінші орын жармалық Дастан Тоғызбаевтың сәйгүлігіне бұйырса, үшінші орынды Үржардан келген Ержан Керейбаевтың «Аманат» атты сәйгүлігі алды.

Дүбірлі тойда балуандар да атқа қонып, аударыспаққа шықты. Білектілері қара күшке салса, ептілері айламен алып жатты. 90 килоға дейінгі салмақта Мар­қакөл өңірінен келген Бейбіт Байталов мықты­лық танытса, 90 килодан жоғары салмақта Тарбағатай ауданы атынан шыққан Шыңғыс Манарұлы I орын алды. Ал екінші, үшінші орынды Катонқарағай ауданының балуандары иеленді. 

Жарыс соңында аудан басшылығы жеңімпаздарды марапаттап, ақ жол, жеңісті сәттер тіледі.

– Бүгінгі шараның өтуіне зор үлес қосып, қолдау көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер мен  аудан азаматтарына алғыс білдіремін. Келесі жылы да осындай шараларды ауданымызда өткізуге ниеттіміз. Ал «Алтын тай-2022» бәйгесінде топ жарған жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Ендігі тай жарыс дәстүр бойынша Аягөз ауданында өтеді, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Ал­­ма­тыда өткен тай жарыста Катон­қа­рағай ауданының тумасы Руслан Өмір­бекұлының «Айка» атты тайы бірін­ші келген еді. Рас, Катонқарағайдан жүйріктер көп шығады. Жуықта ғана Ақсуатта ұйымдастырылған 140 шақы­рым­­дық аламанда осы ауданның Егінді ауылынан қосылған тұлпар топ жарған еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы