Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әскери және арнаулы атақтар тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Отан қорғаушы күні қарсаңында Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы кезекті жоғары әскери және арнаулы атақтар, сондай-ақ, сыныптық шендер тапсырды.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев олардың еліміздің қауіпсіздігін, оның шекарасының қорғалуын, тәуелсіз мемлекет құрып жатқан қазақстандықтардың бейбіт еңбегінің алаңсыздығын қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Бұған қоса, ол тарихи тұрғыдан Қарулы Күштер жастардың тәрбиесінде әрдайым маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
– «Офицердің ар-намысы» деген ұғым ешқашан ұмытылған емес және оның мәні ешқашан да төмендеген жоқ. Жауынгердің нағыз ерлігі отаны мен халқы үшін өз өмірін қия білуінде. Отанға қызмет етудің үлгісін көрсете отырып, сіздер өскелең буынды тәрбиелеп, қоғамымыздың рухани негіздерін нығайта түсесіздер. Мемлекет сіздердің қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға белсене атсалысатындарыңызға сенім артады. Сіздер бұл міндетті орындап, алған атақтарыңызды ақтайды деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы берілген атақтар бүкіл әскери қызмет барысындағы ерен еңбектің нәтижесі екеніне тоқталып өтті.
– Бұл – мемлекет тарапынан берілген жоғары баға. Генерал болу – зор мәртебе, сіздер оған лайықты болуға тиістісіздер. Мықты денсаулық және қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Салтанатты рәсім кезінде сөз сөйлеген офицерлер өздеріне берілген атақтар отандастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған барлық құрылымдарға берілген жоғары баға екенін айтты. Олар Қазақстан армиясының, құқық қорғау және арнаулы органдардың жақсы жарақтандырылғанын айтып, барлық күш-жігерлерін, тәжірибелері мен білімдерін ел халқына қызмет етуге жұмсайтындарына сендірді.
Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер алған адамдар тізімі Президенттің Жарлығында жарияланып отыр.