Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұл – Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Аталған жоба мұның алдындағы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жалғасы іспеттес. Осы орайда Ұлттық жоба аясында қалада қандай ілкімді жұмыстар атқарылып жатқанын саралап көрсек. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынан алынған мәліметтерге сәйкес, мегаполистің агросаладағы өсімі жыл сайын жақсарып, дамудың оң динамикасын көрсетіп келеді. Статистикаға назар салсақ, қаланың егістікке жарамды жері – 39,5 мың гектар. Оның 30 мыңнан астам гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Мегаполис шаруалары негізінен дәнді, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша өнімдерін, картоп және жүгері өсіреді. Мәселен биыл, жергілікті диқандар 90 мыңнан астам тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бүгінде оның тең жартысынан астамы жиналып үлгерді. Оның 18,5 мың тоннасы – дәнді дақыл, 0,4 мың тоннасы майлы дақыл, 41,5 мың тоннасы – көкөніс, бақша, 3,1 мың тоннасы картоп және 14,5 мың тоннасы – мал азықтық дақылдар. Мегаполис болғандықтан қалада егістік аумағы үлкен емес. Негізінен қалаға қосылған ауылдар есебінен егістік жерлердің көлемі ұлғайған. Сондықтан қала әкімдігінің тиісті сала басшылығы бар егістікті тиімді пайдалануды және заман талабына сай агротехнологиялық тәсілдерді игеру арқылы еңбек өнімділігін көтеруді көздейді. Оның бір мысалы, жыл он екі ай бойы өнім беретін, қаланы қысы-жазы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз ететін әрі мегаполистің ауыл шаруашылығы экспортындағы әлеуетін арттыратын өндірістік мақсаттағы жылыжайлар. Бүгінгі таңда 25 гектар жерге өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар атап айтқанда, «Отан Agro», «Қарқын-2030», «Байтана Агро», «Керемет сапа» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Жалпы алғанда, қалада 195 гектар жылыжай кешендері бар. Онда шамамен жылына 25-30 мың тонна өнім өндіріледі. Алынған көкөністер ішкі нарықпен бірге Ресейге де жөнелтіледі. Аумағы жөнінен ең үлкен жылыжай – «Таза өнім» шаруа қожалығына қарасты. Ауданы – 9 гектар. Мемлекет тарапынан жылыжайда өнім өсіретін шаруаларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, құрылыс нысанын салуға кеткен шығынның 25 пайызы инвестициялық субсидиялау мемлекеттік бағдарламасы есебінен өтеледі. Алғашында қаланың әуежай маңынан жылыжай кешендерін салу жоспарланған. Алайда аталған жоба түрлі себептерге байланысты іске аспай қалды. Дегенмен оның орнына қала іргесіндегі Мәртөбе елді мекені аумағынан 198 гектар жер белгіленіп, жылыжайлар кешені бой көтеретін агроиндустриалды аймақ салынбақ. Бүгінгі таңда жер учаскелерін түгендеу, мемлекет есебіне алу бойынша құжаттық жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен бірге агроиндустриалды аймақта 6 жоба жүзеге асыруға дайын тұр. Тіпті екі инвестор жерді тегістеп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Олар – «Отан Агро» мен «Байтана» компаниялары. Бұдан бөлек, жылыжайда өнім өндірген шаруаларға мемлекеттік қолдау аясында алынған минералды тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия қарастырылған. Бұған қоса екінші деңгейлі банктерден және өзге де қаржы ұйымдарынан алған 15 пайыздық несиенің 9 пайызын шаруа өзі төлесе, қалғаны сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша мемлекет есебінен өтеледі.
Мал шаруашылығына келсек, бүгінгі таңда жалпы құны 10,6 млн теңгені құрайтын 8 жобаны іске асыру және соның аясында 229 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Олардың ішінде «Рахат Агро», «Shagyr Agro Group», «Санжар», «Тассай құс», «AGR Global Trade», «Эгамназаров», «Шымкент сүт KZ», «Халвашиков Достан» секілді шаруа қожалықтары мен серіктестіктерді және агроөндірістік кооперативтерді атап өтуге болады.
Соңғы статистикалық дерекке сүйенсек, қаладағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен ірілі-ұсақты агрокомпаниялар өз иеліктерінде 79,8 мың ірі қара, 77,2 мың қой мен ешкі, 16,2 мың жылқы, 725,1 мың құс бағып отыр.
Агроөнеркәсіп саласында алдын ала бекітілген жылдық жоспар 44 млрд теңге болса, биылғы бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 16,9 млрд теңгеге жетті.
Ал ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн долларды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28 млн долларға артты. Бұл Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның ішіндегі АӨК өнімдерінің экспортын 2019 жылғы деңгейге қарағанда 2 есеге ұлғайту индикаторына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Осы бойынша биылғы жоспар 309,7 млн долларды құрап отыр.
Басты мақсат – импорттық тәуелділіктен құтылу
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында 6,6 мың адам еңбек етуде. Өз кезегінде 1 жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн 366 мың теңгеге жетті. Өсім көрсеткіші 107 пайызға артқан. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның талабына сай еңбек өнімділігі бойынша жылдық жоспар – 4,5 млн теңге. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру агротехнологиядағы соңғы жетістіктерді енгізу арқылы мүмкін болмақ. Қазірдің өзінде жылыжай шаруашылықтарында көптеген кәсіпкер автоматты басқару жүйелерін, одан бөлек өнімділігі жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін агротәсілдерді пайдалану арқылы жұмыс күшін жеңілдетіп, зор табысқа кенеліп отыр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 1,2 млрд теңге болды. Жалпы жоғарыда аталған Ұлттық жоба шеңберінде биылғы мегаполистің агроөнеркәсіп кешеніне 6,4 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Осы ретте тамақ өнімдерінің негізгі капиталына салынған инвестиция мөлшері 2,4 млрд теңгеден асқан. Жауапты сала мамандарының сөзіне қарағанда, биыл агросалада құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сүтті және жеміс пен көкөністі қайта өңдеу саласына тоқталсақ, 4 жобаны іске асыру міндеті тұр. Олардың жалпы құны – 1,5 млрд теңге. «Кемран», «Дони LTD», «Керемет Сапа» серіктестіктері аталған жобаны қолға алу арқылы 40-тан астам азаматты жұмыс орнымен қамтымақшы.
Жалпы, Ұлттық жобада белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу мен соған сәйкес шараларды орындаудың нәтижесінде мегаполистің ауыл шаруашылығы саласында жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, көкөніс өндіру – 2 мың тоннаға, сүт өндірісі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау – 13 мың тоннаға, өндірілген жұмыртқа – 125 млн данаға, сүтті қайта өңдеу көлемі – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғайып, жеміс пен көкөністерді консервілеу 6 млн банкаға жетеді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының құрылысы басталды. Бұл ауқымды бастамалар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, стратегиялық басым бағыттардың бірі ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуіміз керек деген тапсырмаға сәйкес жүзеге асып жатыр. «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағында биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді. Сонымен бірге шетел инвесторларымен бірлескен жобалар қолға алынып, сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін және жартылай фабрикат өнімдерін өндіретін жаңа кәсіпорындар пайда болады.
Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда қаланы негізгі азық-түлік тауарларымен қамту үлесі тиісті деңгейде. Тұрақтандыру қорынан өзге мегаполис аумағында тамақ пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, олардың қатарында «Шымкент май» АҚ, «Алтын Дән» ЖШС, «Барыс-2007» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС секілді атап өтуге лайықты ірі кәсіпорындар бар.
Нақты деректерге сүйенсек, жоғарыда аталған тамақ өндірісіндегі кәсіпорындар қаланы макаронмен (27 мың тонна), күнбағыс майымен (76,5 мың тонна) және тауық жұмыртқасымен (158,6 мың тонна) жүз пайыз қамтамасыз етіп келеді.
Бұдан бөлек, Ордабасы, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек аудандарының қала аумағына көршілес жатқан елді мекендерінен 11,7 мың тонна пияз, 80 мың тонна картоп, 1,1 мың тонна қызанақ, 20 мың тонна сәбіз, 13,4 мың тонна қырыққабат, 46,2 мың тонна сүт өнімдері, 5 мың тонна ет, 3,3 мың тонна құс еті тасымалданады.
Сонымен қатар индустриалды аймақтардағыны қосқанда қала аумағында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері сауда логистикалық орталықтары арқылы экспортқа жіберіледі.
Мұнан өзге жергілікті әкімдік жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын «Керемет Сапа, «Gramad Retail», «ЮжСтройСервис», «Kazakhstan Logistics Group», «DELTA OIL» компанияларының 5 көкөніс сақтау қоймасын және ауданы 18 гектар болатын көтерме-тарату орталығын құруды қарастыруда.
Азық-түлік бағасы бақылауда
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары мегаполисте тұрақты жалғасып келеді. Бүгінде, әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Еуропа және Азия мемлекеттерінде азық-түлік тауарларының баға динамикасының өсуі орын алған. Сондықтан тамақ бағасының қымбаттауы көп жерде байқалуда. Соған қарамастан ел Үкіметі бағаларды ауыздықтау бойынша көптеген шараларды қолға алды. Оның ішінде Шымкент қаласының әкімдігі де бағаларды тұрақтандыруда тиісті деңгейде жұмыс атқарып келеді. Осы мақсатқа орай бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат берілді. Қаланың бірнеше аумағында азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр. Жәрмеңкеде өнімдер базар нарқымен салыстырғанда бірнеше пайызға төмен бағада жергілікті халыққа ұсынылады. Сонымен бірге нан жабатын наубайханалар жеңілдетілген бағада ұнмен қамтамасыз етіліп отыр.
Тарқатып айтқанда, өңірлік тұрақтандыру қорына 7,7 млрд теңге қаралып, сол сомадан ірі сауда желілеріне және жергілікті тауар өндірушілеріне 7 млрд. теңгеге айналымға қарыз қаражат беріліп, келісімшарттар түзілді. Келісімшарттар негізінде 40-қа жуық сауда желісі мен әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бекітілген бағада сатылып жатыр. Бұдан бөлек, жергілікті ұн өндіруші кәсіпорындар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы бекітілген бағада ай сайын бидаймен қамтамасыз етілуде.
Аталған шаралар бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстап тұруға көмектеседі. Осы күнде 1 800-ге жуық азық-түлік нысандарында қалыпты бөлке нанның бағасы 90 теңгеден сатылып жатыр.
Қант нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты, ішкі нарықта құмшекердің тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның мысалы ретінде, өңірлік тұрақтандыру қоры аясында «Magnum Cash&Carry» және «GraMad» сауда желілерінде қантты 480 теңгеден сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Каис Инвест» қант орталығынан ірі азық-түлік сауда желілері мен базарларға қант 20 тоннадан, ал өндіруші кәспорындарға 30 тоннадан 480 теңге бағамен күнделікті босатылып жатыр.
Алайда, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынің өкілі Қ.Базарбековтың айтуынша, құмшекер тапшылығы мен спекуляцияны болдырмау мақсатында, тұтынушыларға базарда 3 килодан, сауда желісінде 2 килодан аспайтын шектеу қойылған.
– Сауда қызметін реттеу туралы Заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздық шекті сауда үстеме мөлшерінің сақталу талаптары кәсіпкерлік субъектілеріне тұрақты түрде ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесі асқан жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс талаптарына сәйкес, әкімшілік шара қолдану қаралған, – деді ол.
Жалпы қалада әлеуметтік маңызы бар бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті және бағалары тұрақты бақылауда.
Шымкент