Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылар үшін мемлекет тарапынан әртүрлі шарапатты шаруалар атқарылуда. Материалдық қолдау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жалпыға міндетті білім беру аясында оқушылар үшін 670 млн теңге бөлінетінін мәлім еткен болатын.
«Жалпыға міндетті білім беру аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету үшін 670 млн теңге бөлеміз. Бағдарлама бойынша мектепке қажет киім, аяқкиім, кеңсе тауарларын сатып алу мәселесі қарастырылып отыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 700-ден астам балаға осындай материалдық көмек беріледі. Өткен жылдармен салыстырар болсақ, материалдық көмек көрсетілген балалар саны артты. Мәселен, 2020 жылы – 13 245 бала, ал 2021 жылы – 14 620 оқушы. Әр балаға 40 мың теңгеден бөлеміз. Мысалға, отбасында 4 бала болса, 160 мың теңге беріледі. Осыған дейін әр балаға арналған материалдық көмек көлемін 40 мың теңгеге дейін арттырдық. Материалдық көмек өтініш берушінің банк картасына (немесе арнайы шотқа) аударылады. Осылайша, өтініш берген ата-ана кез келген дүкенге барып, қажет киім мен оқу құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте бөлінген қаражат баланың қажет заттарына ғана жұмсалғанын құжат арқылы (түбіртектер, төлем туралы чектер) растау қажет. Материалдық көмек алу үшін балаңыз оқитын мектепке жүгінуіңіз керек. Қазіргі уақытта оқу орындарының әкімшілігі тізім жасап жатыр», деді қала басшысы.
Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев биыл елордада бірінші сыныпқа 26 мыңға жуық бала баратынын айтты. Осы жылы мектептердің кітапхана қоры қайта басылып шыққан 2-сыныптың оқулықтарымен жаңартылады. Бүгінде қорда 2,5 млн-нан астам оқулық бар.
«Жаңартылған оқулықтардың алғашқы топтамасы 12 тамызда жеткізіледі, беру 15 тамызда басталады. Қазіргі уақытта мектептер 1, 3-9 сыныптарға оқулықтар шығара бастады. Осы жылдың 25 тамызына дейін елорда оқушыларының 100%-ы оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етіледі», деді Қ.Сенғазыев. Балалар санының өсуіне байланысты 1 млн-нан астам кітап сатып алынады.
Жыл сайын елордада «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы аясында мектеп киімін, аяқкиімді, жазу керек-жарақтарын сатып алу көзделеді. Биыл мектеп керек-жарақтары мен киімдер ақшалай түрде беріледі. Нұр-Сұлтан қаласының 16 720 білім алушысы материалдық көмек ала алады. Материалдық көмек көлемі бір балаға 40 мың теңгені құрайды. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысының айтуынша, бүгінгі таңда елорда мектептеріне 8 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
«Материалдық көмек алу үшін өтініш, банктік карточканың 20 таңбалы нөмірі қажет, оның иесінің несиелік қарызы жоқ және картасы бұғатталмаған болуы керек. Немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуын (түбіртектер, төлем туралы чектер, фото) құжатпен растау және оларды сатып алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде мектептерге ұсыну қажет. Материалдық көмекті кімдер ала алады? Олар АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, орта есеппен жан басына шаққандағы АӘК алмайтын отбасылардан шыққан балалар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (37 389), жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар, ТЖ салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар, басқа санаттар, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар ала алады. Білім басқармасы осы мәселе бойынша білім беру ұйымдарының басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердің әкімшіліктері халықтың мұқтаж топтарының тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде», деп атап өтті басқарма басшысы.