Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

Достық бесігі

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Корей халқының қазаққа деген құрметі бөлек. Әсіресе ата-бабалары кер заманда Жетісу жұртын паналаған олар күні бүгінге дейін достық пейілін төгіп келеді. Соған орай Қаратал ауданына қарасты Бастөбе ауылында Оңтүстік Корея жұрт­шылығының атынан «Достық» мону­менті мен мемориалы ашылды.

Достық бесігі

Салтанатты жиынға Жетісу облысының қоғам­дық даму басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Болат Керімбек, Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков және Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Пак Нечхон қатысты.

Отыз жыл ішінде екі ел арасында экономикалық және мәдени-рухани байланыстар орнығып үлгер­ді. Осы сапар аясында Бас консул Пак Нечхон бас­таған делегация аудан халқымен, корей этносы өкіл­дерімен кездесті. Кездесуде сөйлеген сөзінде Пак Нечхон: «Мен өз атымнан және Корея мемлекетінің атынан Қазақстан халқына рахмет айтамын. Біз Қазақ­стан Республикасын, соның ішінде Қаратал ауданы Үштөбе қаласын қасиетті де киелі аймақ ретінде құрметтейміз, сондай-ақ біздің алтын бесі­гіміз деп санаймыз. Өйткені бұл жер қиын-қыс­тау кезеңде туған жерінен Қазақстанға жер ауда­рыл­ған отандастарымызды қорғап, олардың өсіп-өркен­де­уіне көмегін тигізді. Екі ел арасындағы достық қа­рым-қатынас одан әрі нығая берсін», деді Бас консул.

Күні кеше А.Пушкин атындағы мектеп ғима­ратында кореялық НЁНДЕ клиникасы мен Чунан университетінің дәрігерлері қараталдықтар үшін ортопедия, травмотология, хирургия, нейрохирур­гия, неврология, алғашқы медициналық көмек бағыттары бойынша қабылдау жасаған еді. Дәл осын­дай дәрігерлік кеңес беру шарасы Талдықор­ғандағы көп­салалы ауруханасында да жүргізілген. Мерейлі жылға арналған шаралар легін Бастөбеде корей халқының атынан «Достық» монументі мен мемориалының салтанатты ашылуы түйіндеді. Осы арада мектеп оқушылары арасында «Достық» тақырыбында өткен байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды.

 

Жетісу облысы