Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

Абай облысының аты озды

574 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайдың іргесінде жатқан Заречный ауылындағы «Арғы­мақ» ипподромында ұлттық ат спортынан ел чемпионатының аймақтық іріктеу жарысы өтті. Дүбірлі додада Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай облыстарынан келген сәйгүліктер бәйгеге түсті.

Абай облысының аты озды

Республикалық «Бәйге» федерациясы мен Қостанайдағы ұлттық ат спорты федерация­сы ұйымдастырған айтулы спорт шарасында қазақтың ежелден келе жат­қан қыз қуу, теңге алу, аударыспақ, көкпар ойындары мен аламан, құ­нан жарыстары ұйымдастырыл­ды. Бәйге десе «ішкен асын жерге қоятын» көп­шілік жанкүйердің де­лебе­сін қоздырған шашасына шаң жұқпас жүйріктердің жүлде қо­­рын «Olimpbet» букмекерлік кеңсесі тағайындады. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 16 млн теңге, жарыс нәтижесінде, бес бірдей жүлделі орынға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Тұлпарлар тізгін жібермес бұрын жиналған спортсүйер көпшілікті облыстық дене шы­нықтыру және спорт басқар­масының басшысы Қайыржан Есім­таев, өңірдегі ат спорты феде­рациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов, Ұлт­тық ат спорты түрлері қауым­дастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай құттықтап, атал­ған шараның басты мақсаты Қоста­най жылқысын насихаттау екенін, бүгінде осы тұқымды көбейту жол­дары қарастырылып жатқанын айтты.

– Биыл елімізде ат спортына, соның ішінде бәйгеге ерекше кө­ңіл бөлініп отырғаны қуан­тады. Бұған дейін бәйгеден ел чемпионаты мен кубогы бір ме­зетте өтіп келді. Одан кейін ша­ғын бәйгелер болмаса, ірі жа­рыстар өте қоймайтын. Ал ұлт­тық спорттың дамуына соны сер­пін беретін мұндай іс-шара­лар бір де­меушінің қолдауымен жан-жақты ұйымдастырылға­нын бұ­рын-соңды көре алмай кел­дік. Мұ­ны атбегілер мен ат иеле­рі де айтып, ризашылықта­рын білді­ріп жатыр, – деді облыс­тық ат спор­ты федерациясының вице-пре­зиденті Нұрбол Әбдірах­манов.

Сонымен 10 шақырымда сын­­ға түскен 19 құнан арасынан Қара­ғанды облысынан келген Жандос Ырзықбаевтың үкілеп қосқан жүй­рігі Тайфун атты арғымақ қатары­нан қара үзіп, жеңімпаз атанды. Тайфунның Қостанай тұқымы еке­нін естіген жұрт «Ой, пәлі!» десіп, сүйсінісіп жатты. Ал он алты шақырымдық топ бәйгеде 20 жүй­ріктен суырылып алға шыққан алма­тылық Телқоңырға талайлар таңдай қағып жатты.

Бәйгенің ең шешуші кезеңі жиырма екі шақырымға кететін аламанда 22 жүйріктің арасынан суырылып шыққан Абай облысынан келген Жарқын Те­мірбаев­тың Нарқызылы мәрені бірінші кесіп өтті. Аламан басталғанда бір­­неше айналым бойы Алматы қала­сының сәй­гү­лігі Забалетто алдына қара түсір­мей келіп еді, бірақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма, ат шаба ма» демекші, мәре жақындағанда Нар­қызыл басып озып, 4 млн теңгенің бас бәйгесін қанжығасына байлады.

Тобыл төрін дүбірлеткен дүл­­дүлдерді тізгіндеген шабан­доз­дар­дың да еңбегі ерекше еке­нін айта кеткен жөн. Мы­са­лы, Қара­­ғанды облысынан кел­­ген Мир­лан Нұрболат та­қы­­мындағы тұл­па­­ры­ның ты­ны­­сын тақымымен сезе­тін тәжі­рибелі шабандоздың өзі екен. Шынашақтай болса да, бұ­ған дейін де талай дүбірлі бәсе­келерде тұлпар мініп, топ жар­ған Мирлан Қостанайда да өз биігінен көрініп, аралас тұқымды бәйгеде де, аламанда да екінші орынға ие болды.

– Менің жалпы атқа деген қы­зы­ғушылығым сол сәби кезім­нен-ақ басталды. 9 жастан бері тұлпар тізгіндеп, шабандоз болып келем. Ең бастысы, мұндай үлкен аламан­дарда астыңдағы аттың күшін сар­қып алмау керек, – дейді жас шабондоз.

Өкінішке қарай, бабы кем болды ма, әйтеуір бір айналымнан, екі айналымнан кейін жарыс жолынан шығып қалып жатқан аттар болды.

– Бұл енді үлкен аламан бол­ғаннан кейін атқа да, аттың иесіне де обал. Енді алдағы бәйгелерге жақсы дайындықпен келген дұрыс, – дейді бастан-аяқ іс-шараны жүргізіп, ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген ұлттық өнер жанашыры Қыдырбек Қиысхан.

Жалпы, бәйге өте жоғары дең­гейде өтті. Бір ерекшелігі, өзге өңір­лерден арнайы келген жан­күйер­лер көп болды. Солардың бірі – Атырау қала­сы­нан келген белгілі атбегі Шаңы­рақ Ермекбаев ағамыз көпшілікке батасын беріп, сәйгүліктердің сүрінбей шабуына тілектестік білдірді.

Шараны ұйымдастырушы­лар­дың айтуынша, алдағы уақытта өңірде Қостанай тұқымды арғы­мақтар мен Қостанай будандары­на ғана арналған 20 шақты бәйге өт­кізу жоспарланған. Ал ел чемпио­натының ендігі кезең­дері Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтіп, соңы қазан айын­да Алматы қаласында қоры­тындыланады.

 

Қостанай облысы