Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

Ауылдың көсегесі көгерсе игі

305 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ауылдағы ағайынның «Ауыл аманаты» жобасынан үміті мол. Сан мәрте жақсылықтан дәмеленіп, күдері үзілмей келе жатқан ауыл тұрғындары нақ осы жолы бір жақсылық болар деп дәметеді.

Ауылдың көсегесі көгерсе игі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Шынтуайтында ауылдағы халықты жұмыспен қамту үшін қаржылай қолдау көрсету жартыкеш шарадай көрінері бар. Түптеп келгенде, қол жеткізген азын-аулақ табысты одан әрі арттырудың жолын көрсету, жеке кәсіпкер ретінде дамудың даңғыл жолына қалай түсуге бола­тындығын нұсқау, тығырыққа тіре­лердей болса дер кезінде қолдау ай­рық­ша маңызды. Міне, осы бағытта Үкімет бағдарлама да түзіп қойды. Сөз басында бірден айтатұғын болсақ, жобаның негізгі мақсаты – берекенің бас­тау көзі болатын ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерді жан-жақты қолдау. Ауыл тұрғындарын агробизнеске мүмкіндігінше икемдеу, оған қоса еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді шешу. «Аманат» партиясы осы бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау танытып, ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алып отыр. Партияның мобильді тобы алдымен Степногорск қаласы жанындағы Бестөбе кенті мен Изобильное, Қырық­құ­дық және Біржан сал ауданына қарасты Мамай, Бірсуат, Сәуле ауыл­дарында болып, тұрғындармен кез­десті. Ауыл халқы түбегейлі өзгеріс боларына сеніп, оң қабақ танытуда. Кейбірінің беймәлім бизнес әлеміне қатысты сан алуан сауалдары да бар. Осыған орай пікір алуандылығы да бар. Айталық, Сәуле ауылының тұр­ғы­ны Ғиззат Шолақовтың айтуынша, ауыл тұрғындарының барлығы бірдей кооператив құруға ынталы болмауы да мүмкін.

– Негізінен бағдарлама біз үшін өте пайдалы деп есептеймін. Ауыл тұр­ғыны үшін бар болғаны 2,5 пайыз өсіммен несие алу әрине тиімді. Коопе­ра­тивке үрке қарап отырғандарын дұрыс ұғынғандары жөн. Оның ұтымды тұстары да бар. Егер біріге қимылдайтын адамдар болса, кооперативке кірер едім. Оның құра­мында кем деген бес адам болуы керек деп жатыр ғой. Жеке-дара қиын­дық­пен алысқаннан гөрі көп болып кү­рес­­кен әлдеқайда тиімді, – дейді Ғиззат Шолақов.

Өз ойын тәптіштеп түсіндірген азамат бизнес әлемінің қыр-сырын бір­ша­ма біледі екен. «Бастау» бизнес бағ­дар­ламасы арқылы несие алып, жыл­қы өсіріп, егін салған. Алдағы уақыт­та лизинг арқылы техника алып, егістік алқабын кеңейтсем бе дейді. Пар­тия­ның мобильдік тобының мүшесі, сарап­шы Гүлсін Абдуллинаның пікіріне қара­ған­да, жобаның артықшылығы көп.

– Үкімет ауыл тұрғындарын кооперативке біріктіру арқылы кәсіп­те­рін жетілдіруді ұсынады. Ұтымды тұсы аз емес. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру саласына өте тиімді. Біріншіден, кооператив құру арқылы мал азы­ғы мен тұқымды және тыңайтқышты ар­занға сатып алуға болады, – дейді ол.

Осы арада бастан жақты айырғандай етіп анықтап айтатын бір жай, кооперативке біріккен ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса, инвестициялық субсидиялар бө­лі­не­ді. Тәжірибесі бар білікті мамандар кеңес береді. Тағы бір ескеретін жай, кооператив мүшелерінің барлығының құқықтары тең болмақ.

Күш біріктіруге ауылдағы ағайын да қарсы емес. Бірақ олар алдымен жа­йы­лымдық және шабындық жер мәсе­лесі тезірек шешілсе екен дейді. Бағ­дар­ламамен байыптап танысып, оң-солын көңіл таразысына тартқан ауыл тұрғындарының көкейінен шыққаны – жеңілдетілген несие арқылы лизингке техника берілетіндігі.

Партияның мобильді тобы он күн ішін­­де өңірдің барлық ауданында бо­­лып, ұзын-ырғасы алпыстан аса ауыл тұр­ғынымен жүздесіп, табысты жолды таразылады. Жоба Үкіметтің 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында қолға алынып отырғандығы айтылды. Бағдарлама баянды болса, жұмыссыздық жойылмақ, ел ырысы молаймақ. Мобиль­дік топ Аршалы ауданына қарас­ты Жібек жолы, Ижев ауылдары мен Аршалы кентінің тұр­ғын­дарымен де кездесті. Бұл жерде де алдағы мақсат-мұрат байыпты сөз болды. Сарапшы маман Дмитрий Шле­де­виц­тің айтуына қарағанда, ең бас­тысы өндірілген өнім әділ бағаланады. Мәселен, кооператив мүшесі малының сүтін нарық бағасымен сата алады. Бұл ауыл тұрғындарының еңбегінің жанғаны деген сөз. Жақсы іс бүгін ғана қолға алынып отырған жоқ. Бұған дейін Жамбыл облысында оң нәтиже берген. Іске береке бітіп, ойға алған шаруа оңғарылған кезде екі қолға бір күрек таба алмай отыр­ған жұмыссыздардың саны азайып, атау­лы көмек сұраушылар күрт азайған. Есесіне, ауыл шаруашылығымен айна­лы­­сатындар көбейіп, кәсіпкерлердің саны өсе түскен. Бағалы бастаманы қол­­дау­шылар аз емес. Мәселен, Жібек жолы ауы­лының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мейрам Мұсайбековтің айтуынша, жоба жү­зеге асқан кезде тиімділігі мол болмақ. Ең бастысы, бағдарлама халықты бірле­сіп жұмыс істеуге шақырады. Бірлік бар жерде, тірлік бар емес пе?!

– Ісін енді бастаған адамдарға осы са­ла­ның жілігін шағып майын ішкен білікті мамандардың кеңесі өте қажет-ақ, – дейді Мейрам Мұсайбеков.

Ижев ауылының тұрғыны Светлана Якоби де жобаның ел табысын арттыруға ықпал ететініне сенімді. Көңіл таразысына салып, әбден бағамдаған кезде, жаңа жобаның жанына жаққанын айтып отыр.

– Жеке кәсіппен айналысып, шаруасын дөңгелетуге құлшынып отырғандар көп, – дейді ол. – Ең бастысы, халықтың табысын еселей түсетін кез келген пайдалы шаруаны жүзеге асыруымыз керек. Сөз арасында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл әкімдері арнайы оқудан өткендерін де айта кетелік. Бү­гінгі таңда олар өз ауылдарындағы басым бағыттарды анықтамақ. Сараптама жасалады, жер телімі, инфрақұрылым және басқа да қажеттіліктер ескеріледі. Пилоттық жобаларға сай кооперативтер құрылмақ. Ауылдың қажеттілігін өтейтін нарыққа шығаруға болатын са­палы да сұранысқа ие өнім өндіруге ба­сымдық берілмек.

Мобильдік топ мүшелері шалғайдағы Ерейментау ауданының Торғай, Тайбай, Еркіншілік ауылдарында да болып, дәл осындай жұмыс жүргізді. Жобаның мақ­саты жан-жақты түсіндірілді. Ск­рининг арқылы әр елді мекеннің геогра­фия­лық ерекшеліктері, еңбек және қар­жы­лық, одан басқа да ресурстар жө­нін­де мәліметтер жинақталып, күш-қуат сарапқа салынатындығы сөз болды. Жер­­­гі­лікті әкімдіктерге әдістемелік көмек көр­сетіледі. Жоғарыда айтылған ста­­­тис­­ти­калық ақпаратты жобалық кеңсе сараптап, ауылдық округтердің эко­­­но­­микалық мамандану бағыты анық­т­алмақ.

Атбасар ауданындағы Полтавка, Пок­ровка, Борисовка және Жарқайың ауда­­нының Пригородное, Гостелло, Пяти­горское елді мекендерінің тұр­ғын­дары «Аманат» партиясының ұйым­дас­ты­руы­мен өткізілген ақпараттық марафон аясында жобамен танысып, үміт отын тұтатты. Ел ішінде кәсібін дөң­гелетіп отырғандар да аз емес. Мә­селен, Полтавка ауылының тұр­ғы­ны Ольга Осипова тігіншілікпен айна­лы­сып, табыс тауып отыр. Алдағы уа­қыт­та жаңа жоба аясында құс шаруа­шы­лы­ғымен айналыспақ. Несие алудан жүрексінетіндер де бар.

– Егер кооперативке біріксек, өзіміз өндірген етті де, сүтті де, көкөністі де жақ­сы бағамен сата алады екенбіз, – дейді ауыл тұрғыны Вадим Нечепуренко. – Не­гізі мал шаруашылығымен айналысу өте ауыр. Өз басым кооперативке кіріп, кө­кө­ніс өсіруді қолға алмақпын.

Сандықтау мен Зеренді аудандарында да жаңа жобаны құптап отырғандар аз емес. Әйтсе де, оң-солын бажайлап, мүмкіндік межесін мейлінше ескерген дұрыс.

– Ауылдың әлеуетін арттыру үшін тұр­ғындарға әрі қарай қандай кәсіпті иге­ру керектігі ауыл әкімдеріне жүктелсе оң болар еді, – дейді Максимовсикй ауыл­дық округінің әкімі Ербол Атығаев. – Кез келген шаруамен айналысу үшін барлығын нақты есептеп алған жөн.

Бұл орайдағы іс барысы ескерілген екен. Айталық, бизнес жаттықтырушылар нақ­ты ақпарат бере отырып, өмірдің өзі­нен алынған мысалдарды дерек ретін­де ұсынады.

Тұрғындардың пайымынша, бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау. Сондықтан да бұрынғыдай ке­піл­дік соманың 50 пайызы емес, 70 па­йызы берілмек. Ал өз атында мүлкі жоқ жастар, ата-аналары немесе дос-жаран­да­ры­ның мүлкін кепілге қоя алады.

«Ауыл аманаты» жобасы алдағы жыл­­дың басында іске қосылмақ. Әзірге ел ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыс­та­ры жалғасуда. Көмек-қолдауға сусап отыр­ған ауылдағы ағайынның осы жоба ар­қылы еңсесі бір көтеріліп қалса ғой, шіркін!

 

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20