Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құзырлы орган өкілдері ҚТЖ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастап кеткен. Талдауды агенттіктің, Ұлттық компанияның, мүдделі мемлекеттік органдардың мамандары және азаматтық қоғам өкілдері жүргізбек. Талдау барысында темір жол саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалу себептері мен жағдайлары зерделенетін болады. Бұл ұлттық оператор қызметінің тиімділігіне, бұрын мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан алынған қаражаттың жұмсалуына әсер етеді деп күтілуде.
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, жақында «Жолаушылар тасымалы» басшылары «Тұлпар-Тальго» пойыздарының басшыларынан сыйақы алып отырғаны әшкереленді. Атап айтсақ, Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті «Экспресс» филиалының «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша учаскесінің басшысы мен оның орынбасарының «Тұлпар-Тальго» пойыздарының басшыларынан жүйелі түрде ақшалай сыйақы алу фактілерін анықтады.
Белгілі болғандай, «Экспресс» филиалының «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының елордалық учаскесінің басшысы мен оның орынбасары тексеру жүргізбегені үшін әр рейстен заңсыз ақша талап етіп, алып отырған. Бұл іс бойынша барлығы 27 эпизод анықталып отыр. Кінәлілер коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылып, 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуге тиіс. «Қазіргі уақытта аталған ұйымға қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізілді», делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.