Жандар Кәрібайұлы – көрнекті қоғам қайраткері. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сенаторларының бірі. Екі сайлауда халық қалаулысы болды. Қызметтік баспалдақпен өсуі аудандық газеттің редакторлығынан басталды. Аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің, сосын ұйымдастыру, кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, облыстық туризм, спорт, содан соң мәдениет басқармасының бастығы секілді лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды және тек өсу жолында болды.
Екі дүркін сенаторлығын жоғарыда айттық. Қабылданған қаншама заңдарда қолтаңбасы бар, ұсыныс, бастамалары бар. Республика экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне ықпал еткен заңнамалық актілерді дайындауға үлес қосты. Еңбегі елеусіз емес, “Құрмет” орденінің, көптеген медальдардың иегері, “Қазақстанның мәдениет қайраткері” деген атағы да бар. Қазір де қарап отырған жоқ.
Менің әңгімем бұл қызметтер жайында емес, жалпы, Жандар Кәрібайұлының азаматтық келбеті, ел ағасы ретіндегі болмыс-бітімі жайында. Ол үшін шегіністер мен өткен шақтарға, жүріп өткен жолдарға ат басын бұруға тура келеді.
Мен де қызметті Жандар ағамыз жетекшілік еткен Жамбыл облысы Жамбыл аудандық “Шұғыла” газетінен бастағанмын. Бұл газет республика жұртшылығына танымал талай ақын-жазушыны тәрбиелеп шығарды. Бірақ ол кезде Жақаң аудандық партия комитетінің хатшысы-тын. Алғаш қалай жолықтық, қалай таныстық, есімде жоқ. Әйтеуір қап-қара бұйра шашты шалқайта қайырған, ат жақты, ірі кісінің сұстылау кескіні көз алдымда. Бір көргенге Жақаң өте қаталдау адам. Ол кезде коммунистік партияның сыртқы пішіні де сұстылау еді ғой. Жүзі қатал болғанмен ар жағы ақ сарай. Онысын кейін білдік қой.
“Шұғылаға” барғанда газеттің тігілген ескі сандарын ақтардым. Журналистік әдет қой. Өткенімен таныстым. Сонда Жандар Кәрібайұлының әзіл әңгімелерін оқығаным бар. Сатирамен шұғылдануды бастап қойған мен үшін ол кісінің сықақ жазатыны қызықты әрі жақындау көрінді. Өзін көрмей тұрып жақындығымыз шығармашылық арқылы оянғанын, әрине, ол кезде сезген жоқпын. Партия қызметкерін қатаң тәртіптің, қасаң тіршіліктің үлгісіндей қабылдайтынбыз. Ал, мына кісі сықақ әңгіме жазады. Күлмейтін, күлдірмейтін аппараттың жауапты, лауазымды қызметкерінің әзіл жазатындығы мені таңғалдырмай қайтсын.
Керісінше, жеңгемізбен ә дегеннен-ақ етене таныс боп кеттік. Ол кісі – Халима Бекмұрзаева аудандық соттың төрайымы. Ақылымыз аса жеткілікті болмаса да, тәжірибеміз төгіліп-артылып тұрмаса да біреуге кеңес беруге, жөн сілтеуге құмар, соған орай мораль тақырыбына мақала жазатын кезіміз. Аудандық сот үшін ол өте керек тақырып. Әрбір процеске шақырады. Соның қорытындысы бойынша көлдей мақаланы оқырман назарына ұсынып мен мәзбін.
Сонымен “Шүғыладағы” жеті ай өтті де шықты. Бір күні бүкіл редакция абыр-сабыр.
– Сені Жандар Кәрібайұлы май шаммен іздеп жатыр, – дейді “самаурыннан су ақты” десе, “Самарқанды су апты” дейтін журналист әріптестерім.
“Не боп қалды? Қай жерден қате кетті?” Газетте істеп жүргенде жоғары жақ іздей қалса, ең әуелі “кезекшіліктен қате жібердім бе” деп қатты қауіптенесің. Қазір де мені сол қауіп шырмап алған. “Құдай ұрды” деп қоям өзіме өзім. Екі өкпемді қолыма алып, аупартком жаққа құстай ұштым. Жол-жөнекей үрей қоюлана түсті. Хатшы шақырып жатса, онда өте жаман қате кеткен ғой.
– Облыстық газетке ауысатын болдың. Обком сұрап жатыр сені. Қайда жүрсің? Тіке Бодановқа бар. Жолың болсын! Іске сәт! – деді шолақ қайырған Жандар ағам.
Мен ақырын жылыстап, хатшының кабинетінен шыға бердім. Жиренше Боданов – обкомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі. Жаңа жұмыстың қуанышы мені бөркімді аспанға атып, алақайлата алмады. Өйткені, қате жөніндегі ішкі қорқыныш пен уайымның қара бұлты әлі сейіліп үлгерген жоқ болатын. Сонымен не керек, Жандар ағамыздың ақ батасымен аудандық газеттен облыстық “Еңбек туы” газетіне бір күннің ішінде ауысып жүре бердім.
Журналистік жолдағы, шығармашылық жолдағы ағамыздың берген алғашқы батасы осы болатын.
Көп ұзамай өзі де облыстық партия комитетіне, тура Бодановтың орнына қызметке келді. Қағаз апарып беру, қағаз алып келу секілді облыстық газеттің жас қызметкерлеріне бұйырған “шабармандық” шаруа болмаса, обкомға бас сұқпаймыз. Бара қалғанның өзінде нұсқаушылардан ғана “нұсқау” алып қайту пешенемізге бұйырған, бізге меңгерушінің кабинетін көру қайда?!
Бір күні тағы шақырды. Бардым. Алдында белгілі жазушы Тұтқабай Иманбеков отыр. Ол кісіні жақсы танимын. Университетте сабақ берген. Сәлемдесуден кейін:
– Мына ағаңды білесің бе? – деді меңгеруші.
– Иә, – дедім.
– Білсең, осы кісімен Талас ауданына бірге барасың. Шаруасын аяқтағанша жанында жүресің. Той тойлап кетіп жүрме. Ол жағына қалай едің?
Қалай болғанда да “жоқпын” деп жауап бересің ғой. Мен де сөйттім.
– Жоқ болсаң, жолың болсын! – деп тағы шолақ қайырды.
Артынан “жоқпын дейді” деп өзінен өзі мырс етсін. Гүрілдеп сөйлегенінен күлімдеп сөйлегені тартымды екен. Бірінші рет байқадым. Ішім жылып сала берді. Сөйтіп, мен көрнекті қаламгер Тұтқабай Иманбековке ілесіп, іссапарға аттандым да кеттім. Кеудеде желік пайда болды.
Кейін білдім, Жақаң мен Тұқаң екеуі бір ауылдың, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы “Ақбиіктің” нағашылы-жиенді адамдары екен. Сапарымыз сәтті өтті. Мал төлдетудің үстінен түстік. Тұтқабай Иманбеков шебер әңгімеші, шежіреші, нағыз юмордың кісісі боп шықты. Қолы домбыраға тисе қара шанақ бебеулей жөнеледі, өзі әндетіп қоя береді. Суырыпсалмалығы тағы бар. “Әттең, тонның келтесі-айды” тұңғыш рет сол Тұтқабай ағамыздан естіген ем. Отырыстың гүлі, қыз-келіншектің сүйкімдісі, дастарханның сыйлысы, батаның қайнар көзі екен. Көп нәрсеге қанықтым. Көп нәрсені үйрендім. Ауыртпай тістеп сөйлеудің үлгісін аңғартты. Сапардан соң обкомға барып, Жақаңа мені ал кеп мақтасын. Төбем көкке сәл-ақ жетпей қалды. Меңгерушінің алдында аз да болса беделім көтерілген шығар деген ұрлықы ой ішті жылы ғана тырналайды.
Арада жылдар өтті. Тағы да Жандар Кәрібайұлы шақырды.
– Красногор ауданының газетіне редактор боп барасың, – деді төтесінен.
Дайын емес едім. Нақты жауап бере алмадым. Сенімі де бар, шалғай ауданға барғым келмейтіні де рас. Екіұдай ойда қалдым. Бір апта мерзім берді.
– Қабырғаңмен кеңес, – деді.
Шынын айтсам, өзім де білмеймін. Барайын десем – алыс, ол жақтың жағдайы мәлім. Екі бірдей курстасым – Қыдырәлі Қойтай мен Ділдар Мамырбаева істейді. Материалдық-техникалық базасы нашар, кадр жоқ. Қиыны қиын. Бармайын десем – барғым да келетін сияқты. Қысқасы, бір аптадан соң қайта жолықтық.
– Жақындау, тәуірлеу жерге жібермейсіз бе, – дедім батылдау ұсыныс айтып.
– Болмайды. Қызметті сұрап алмайды. Шешіліп қойған. Ауданның бірінші хатшысы Г.Калачев та біледі, обкомның хатшысы Ә.Исақов та біледі. Келісілген. Барасың, күн сайын ұсыныс бола бермейді, жолың болсын, еңбегің егісті, егісің жемісті болсын! – деді бұл жолы да әңгімені ұзаққа созбай.
Қызмет бабына қатысты екінші батасын алып, облыстық газеттен өзі жіберген аудандық газетке бұл жолы бастық болып қайта кеттім.
Партия айтса бас шұлғып, қарсылық көрсетпей, ұсыныс-пікір айтпай жүре беретін уақыт. Мен де үн-түнсіз жүре бердім. Бара салысымен қатты қиналдым. Шын мәнінде қиын болды. Газет 6-7 нөмірге қалып қойған, жыл болса аяқталуға жақын. Жанталастық. Қордайдан бөлініп шыққан жаңа аудан ғой, базасы нашар. Газет беделден жұрдай. Әр жерден: біресе Шудан, біресе Қордайдан, біресе Тараздан, біресе Меркіден, қысқасы облыстың барлық аудандарының баспаханасынан шығарамыз газетімізді. Ол аз болса, орыс редакциясы бойынша орынбасарым шала сауатты, аяқталмаған орта техникалық білімді, ішімдікті суша сіміретін, шовинистік көзқарастағы біреу боп шықты менің сорыма. Бүкіл ауданда орысша жазатын сол. Шіренгенде орындықтың арқалығын сындырады. Жараспадық. Жұмыстан қудық. “Біліктілігі төмен” деген баппен. Алғашында қоқан-лоққы деп түсінген ол кеудесін одан сайын керді. “Құртам” деді. Желтоқсанның дүмпуі, содан кейінгі қудалаудың етек алып, “Кадрлар саясаты” жөніндегі қаулының қылышынан қан тамып тұрған кезі. Ол СОКП Орталық комитетіне, Қазақстан КП Орталық комитетіне, “Правда” мен “Известияға”, “Соц. Қазақстан” мен “Казправдаға”, “Крокодилге”, “Араға” арызды боратты кеп. “Қазақтар күн көрсетпей жатыр” дейді баяғы. “Қазақтар күн көрсетпей жатыр” деген желбуаз жаланың да өрлеп тұрған тұсы. Тексеруден тексеру, қорқытулардан қорқыту. Біздің қаруымыз – аттестация, ол болса аттестациядан ат-тонын ала қашады.
Бірінші хатшы Калачев маған бір ғана сұрақ қойды:
– Ешқандай еңбек заңдылығын бұзған жоқсың ба?
– Бұзған жоқпын, – дедім.
– Өте дұрыс істегенсің, – деген ризашылығын қысқаша білдірді.
Тек менің Жандар ағам ғана мазасыз. Түсінем, оны жоғары жақ ұлттық мәселемен, Орталық комитеттің қаулы-қарарларымен, партияның жарғысымен тықсырып жатқаны мәлім. “Сенің кадрың” деп кінәлауы да белгілі жәйт. “Орынбасарды жұмысқа қайтып ал” немесе бұлтартпас кінәсін тап та құтыл дейді. “Мен алмаймын” деймін. Ақыры сол орынбасарым күндердің күнінде “Отардың” қақ ортасында самогонмен ұсталып, жанымыз тынышталған.
Мен титықтап біттім. Қайтадан Жамбылға қайтқым келеді. Оған Жақаң көнбейді. “Кері оралғанда қызметің өсіп қайтуың тиіс, ондай қызмет жоқ, отырасың әзірге”. Баспахананың әйтеуір аты бар, күйреп тұр. Ешкімнің келгісі келмейді. Отбасым болса Жамбылда. Келген сайын ботадай боздап Жандар ағама барам. Ол көнбейді. Бірақ жағдайымды түсінеді. Бірде “облыстық газеттің редакторы Арғынбай Бекбосынов сені тосып отыр, бар”,–деді. Ол кісі менің алғашқы редакторым. Ұстазым. Салып ұрып сол кісіге бардым. Ол халіме қанық екен. Бөлім меңгерушілігіне алатын болды. Осындай бір жол тапқандай тоқтамға келдік.
Сол екі арада мені “Ара” журналы қызметке шақырсын. Қуанғаным-ай! Менің қуанышым бір бөлек, ал Жандар Кәрібайұлының қуанышын айтсаңызшы! “Обалыңа қалып қоймай тұрғанымда, заула “Араға”. Жолың болсын! Жаз күмпілдетіп”, деген Жәкеңнің ағалық ақ батасын алып, Алматыға тарттым да кеттім.
Бұл оның маған берген үшінші батасы еді.
Қазақтың қасиетті, қазыналы ақсақалы бола білген көрнекті қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовпен жақындастырып, ағалы-інілі еткен де осы Жандар ағамыз болатын. “Қарекең келді, барып амандаспайсың ба немесе жүр екеуміз кіріп-шығайық” дейді. Барып шығамыз. Ол да өнегелі адамның өрелі ісі. Бұл да тәрбие, бұл да көп көргеннің үлгісі. Ұрпақтардың жалғастығы деген жалаң сөзден гөрі нақты тәрбие осында жатыр. Кейінірек белгілі қаламгер, жазушы, өзінің курстас досы Төлен Қаупынбаевпен бірлесіп, көрнекті қоғам қайраткері, халықтың сүйіктісі Қаратай Тұрысов хақында кітап жазды. Біздерге аға бола жүріп, ағалар алдындағы інілік, азаматтық парызын да осылай өтеді.
Айқайы көп жұмыста көбірек салмақ түсіріп қойса керек, Жәкеңнің жүрегінде кінәрат болды. Сол кінәрат елуден асқанда менде де төбе көрсетті. Жүрек жайында да сырласамыз. Таразда операция үстеліне жатуға тура келді. Қанша сыртқа сыр бермеуге тырысқаныңмен, жүрекке пышақ тиеді ғой, толқулар, алыпқашпа ақымақ ойлар мазалайды. Мазалады. Жандар ағамызбен телефонмен сөйлестік. Мән-жайды айттым. “Ештеңе жоқ, Сейітхан Жошыбаев менің құрдасым, қолы алтын, қорықпа” деді. Телефонды қойдық. Артынша екі-үш минут өтер-өтпес қайта қоңыраулады. “Тәуекел! Бар. Мен қазір өзіңнің осындағы, Тараздағы ағайындарыңмен, бауырларыңмен сөйлестім. Астанада Әділбек, Таразда Абай басы-қасыңда болады. Жолың болсын! Әлі-ақ шауып кетесің” деп жігерлендірді, үрейімді үмітіме жанып-жанып алды. Маған да керегі сол екен, ойланбастан Таразға, атышулы Сейітхан Жошыбаев ағамызға тарттым да кеттім.
Бұл оның төртінші батасы еді.
Айтқандай, Жандар Кәрібайұлы өте жақсы бата береді. Ол да өнер ғой. Өлеңдетіп, термелетіп жөнелгенде риза боласың. Батаның орнына сөз сөйлеп, аяғын “алып қояйықпен” бітіретін шалдар жетеді. Соларды көргенде қарның ашады. Ауылдың ақ баталы ақсақалдарына тәнті боласың. Осыны ойлағанда Қазыбек биден бата алуға келген Қаражігіттің мына сөздері менің есіме түседі.
– Бір жігіт бар – елінің туы болар, енді бір жігіт бар – елінің соңы болар, соның қайсысына жатасың, қарағым? – депті Қазыбек атамыз амандық-саулықтан соң.
Сонда Қаражігіт те іркілмей:
– Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болар, шиырлының кәрісі қартайғанда қазымыр болар, өзіңіз қайсысына жатасыз? – деп қарсы сұрақ қойыпты.
– Еліміз бағаласа, қазынасы болармыз, – дейді Қазыбек би.
– Біз де еліміз қадірімізді білсе, туы болармыз, – деген екен Қаражігіт.
Жандар ағамыздың өн бойынан қазіргі заманның қарияларынан табыла бермейтін көп білетін қазыналықты, арғы-бергі жақты саралап, түгендей алатын азаматтықты көремін. Бәлкім, оның барлығы Жандар ағамыздың жүрегіне еліне адал сіңірген еңбегінің арқасында, көпті көрген біліктілігінің арқасында ұя салған болар деп те ойлаймын. Кішіліктің те, кісіліктің де, даналықтың да, балалықтың да үлгісіне айналған тұлға жыл сайын биіктей береді екен. Шынында да ол кісі мен үшін жыл өткен сайын биіктеп, жыл өткен сайын құнды қазына-байлыққа айналып барады. Парасатымен де, ақыл-ойымен де, үлгі-өнегесімен де!
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ.