Қазақстан • 17 Тамыз, 2022

Жетінші съездің арқалаған жүгі қандай?

488 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бір айдан кейін елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Рухани және моральдық тәрбиені насихаттап, дінаралық және өркениетаралық диалогты қалыптастыруда маңызды алаң саналатын бұл форумның мәні жоғары екені анық. Ал биыл жетінші рет ұйымдастырылатын съездің ерекшелігі неде? Құндылығы мен басты қағидаттары қандай? Қазіргідей геосаясат пен саяси оқиғалар күн сайын құбылып, сәт сайын өршіп тұрған уақытта мұндай диалог алаңының берері не? Жалпы, Жаңа Қазақстан құруға қадам жасап жатқан еліміз үшін осындай халықаралық кездесулердің пайдасы қандай?

Жетінші съездің арқалаған жүгі қандай?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте елорда төрінде өтті. Содан бері әр үш жыл сайын, яғни 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезі ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдерінің басын қосты. Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан 2021 жылы өтуге тиіс айтулы іс-шара кейінге шегерілген еді. Ал биыл қыркүйекке белгіленген съезге әлемнің 60-тан астам елінен 130-ға жуық делегация келеді деп жоспарланып отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Съезд әлемдік қоғамдастықта кең танылып, қазақстандық сыртқы саясаттың танымал брендіне айналды. Конгрестің діндер мен мәдениеттер ара­сындағы жаһандық диалогты іл­ге­­рілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблея­сының қарарларымен ерек­­ше­ленеді», деп бұл ауқымды іс-ша­ра­ның Қазақстан үшін салмағы мен жа­уап­тылығын айшықтап берді. Би­ылғы съез­дің басты ерекшеліктерінің бірі – оған Рим Папасы Франциск қа­тысады деп күтілуде. Естеріңізде болса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі дін­дер съезіне қатысуға ша­қыр­ған ресми хатын өткен жылы Вати­канға сапары кезінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев тапсырған еді.

Сондай-ақ биылғы онлайн конференция барысында Мемлекет басшысы католик шіркеуінің басшысы Францискті Қазақстанға шақыр­ғаны есімізде. Әңгіме барысында Рим Папасы қазіргі күрделі геосаяси жағ­­дайда әлемдегі бірлік пен келі­сімге қол жеткізудің айрықша ма­ңыз­ды­лығын атап өтіп: «Біз сіздердің ел­де­ріңіздің қаншалықты жан-жақты және тату екенін көріп отырмыз. Бұл – тұ­рақтылықтың негізі. Қазақстанның мұны түсінгеніне қуаныштымыз. Менің қолдауыма сенулеріңізге әбден болады, мен сіздердің еңбектеріңізді баға­лаймын», деген еді.

Рим Папасының діндер форумы аясында елімізге сапары Қазақстан үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз. Оның үс­тіне, бүкіл жаһан жұртының назарында жүрген Рим Папасының Қазақстанға арнайы келуі саяси салмағы бар оқиғаға баланары тағы бар. Сол себепті католик шіркеуінің басшысы Францисктің елімізге сапары алдағы съездің әлем елдері алдында маңызды оқиға ретінде ерекшелеп, ең бастысы – Қазақстанды конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілетудің ең ұтымды алаңы деп атауға жол ашады.

Алдағы Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезіне шақырылған қонақтардың бірі – Патриарх Кирилл. Орыс Православ Шіркеуінің басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезге шақыру хатын Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Мәскеу қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде тапсырған еді. Осы кездесу барысында Аса Қасиетті Патриарх Кирилл Қазақстан Президентіне съезге қатысуға шақырғаны үшін ал­ғысын жеткізіп, еліміздің дінаралық диа­логты жаһандық деңгейде ілгерілету жұмыстарын жоғары бағалады.

Съездің маңыздылығын атап өткен БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос бұл жиын­ды «орнықты және қауіпсіз әлем құру үшін қоғамдағы діннің рөлін халық­аралық деңгейде өзара талқылау» деп бағалаған еді. Өткен жылдың қа­зан айында Нұр-Сұлтанда өткен Съезд хатшылығының ХІХ отырысын­да ұйымның жоғары өкілі: «Бұл біре­гей платформа саясаткерлерге, діни көш­басшыларға, халықаралық, аймақ­тық ұйымдарға және барлық мүд­делі тараптарға поляризацияланған әлемде конфессияаралық диалог пен тұрақты даму мәселелерін ұжымдық түрде тал­қылауға жақсы мүмкіндік береді. БҰҰ-ның Өркениеттер альянсы VII съезд жұмысына белсенді түрде қатысады», деген пікірін ортаға салды.

«Айтулы форум елімізге нақты қандай пайда әкелмек?» деген сұрақ тұр­ғысынан келер болсақ, әрине ха­лықаралық іс-шара Қазақстанның әлем алдындағы абырой-беделін ны­­ғайта түсері анық. Қа­зақ жері әу бас­тан-ақ ұлтаралық татулық пен діни тұ­рақтылықтың, толе­ранттылықтың символына айналған. Екіншіден, кон­гресті өткізу арқылы еліміздің инвес­тициялық және туристік тартымдылығы арта түседі деген үміт те жоқ емес. Осы тұрғыдан келгенде Рим Папасы Францисктің қазақ топырағына сапары бұған отандық туризм үшін де бір серпіліс болары анық. Өйткені Еуро­паның бірқатар әлеуеті мықты ел­дері католицизм дінін ұстанады. Ал Қа­зақстанға сапары аясында Рим Папа­сының Діни көшбасшыларының үнсіз дұғасы, кейбір діни жетекшілермен жеке кездесулер мен Қасиетті месса – Рим Папасы Францисктің уағызы жос­парланған. Осының барлығын ескерсек, оған Орталық Азияның өзінен сан мың адамның қатысары анық.

Дәстүрге айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съе­зінің биылғы тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеу­меттік дамуындағы әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің рөлі» деп аталады. Екі жыл бойы бүкіл дүние жүзін үрейде ұстап келген пандемия­дан кейін өткелі отырған ауқымды форумның осы мәселеге арналуы да тегін емес. Әлем елдерін экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-рухани тұрғыдан есеңгіретіп кеткен індет адам­­заттың моральдық құндылығы мен діни наным-сеніміне де селкеу тү­сір­гені сөзсіз. Сол себепті  пандемия­дан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жиын ең алдымен жаһан жұртының рухани қайта қалпына келуіне, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлін кеңінен талқылауға қолайлы форум екені анық.

Ал VII Съездің секциялық отырыста­рының тақырыптары ретінде «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құн­­ды­­лықтарды нығайтудағы дінд­ердің рөлі», «Діни лидерлер мен сая­сат­керлердің жаһандық дінаралық диалог пен бей­бітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге, әсіресе діни негізде қарсы тұруға қос­қан үлесі», «Әйелдің әл-ауқат­қа және қо­ғамның тұрақты дамуына қос­қан үлесі және әйелдің әлеу­меттік мәр­те­бе­сін қолдаудағы діни қоғам­дас­тық­тар­дың рөлі» секілді секциялық кез­десу тақырыптары ұсынылып отыр.

Съездің басты маңызына тоқталған Сенат Төрағасының кеңесшісі Бибі­гүл Жексенбай дәл қазіргідей алма­ғайып заманда жалпы адамзаттық құн­­дылықтардың девальвацияға ұшы­раған уақытында үлкен бір ақылдасу, кеңесу алаңының қажет екенін алға тартты. «Халықаралық форум – әлем­дік бейбітшілікті сақтауға қосып отыр­ған үлкен әрі маңызды қадам. Қа­зіргідей күрделі кезеңде әлемге, ең бірінші өзі­міздің елге тыныштық пен тұрақтылық, береке-бірлік қажет. Кез келген дәстүрлі діннің басты миссиясы да осы – адами құндылықтарға қол жет­кізу. Сондықтан съездің Қазақстанда және дәл қазіргідей уақытта өтуі, әлем­­дегі ең беделді дәстүрлі дін жетек­шілерінің қазақ топырағына аяқ басуы саяси әрі рухани тұрғыдан да үлкен жетістік», деді ол.

Бибігүл Жексенбай форумның Қазақстанның бейбіт өмірді, татулықты қалайтын ел екенін тағы бір мәрте дә­­лел­­дейтін іс-шара екенін де атап өтті. Ол сонымен қатар Рим Папасы Фран­цисктің съезге қатысатынын ресми растағанын айта келіп: «Рим Па­­пасының әр қадамы бүкіл әлемнің назарында. Оның әлемдік саясаттағы рөлі үлкен. Сондықтан Рим Папасының Қазақстанға келуі елдің имиджі үшін аса маңызды. Сол себепті Қазақстанның аймақтағы ғана емес, бүкіл әлем бойын­ша татулық пен тұрақтылықтың, толе­ранттылықтың үлгісі ретінде қа­был­дайтынына сенім мол», деді.

Сенат Төрағасының кеңесшісі қа­­зіргі таңда дүние жүзінде саяси-эко­номикалық тұрақтылықпен қатар, тату­лық пен бейбіт өмірді сақтап қалу аса маңызды мәселеге айналғанын атап өтті. «Бүгінде «бейбіт өмір» деген тіркес жай сөз болып қабылданбайды. Кез келген мемлекет, кез келген халық үшін бейбіт өмір, татулық ең бірінші кезекке шықты. Маңызды дүниеге айналды. Сондықтан Рим Папасының келуі, өзге дінбасылардың жиналуы әлемнің ең бас­ты сұранысына жауап деп айтуға болады», деді Б.Жексенбай.

Сарапшы Қаңтар оқиғасынан кейін бүкіл әлемде еліміз туралы түрлі ақ­­па­­раттардың тарағанын да айтады. «Мұн­дай ақпараттар әлі де та­рап жатыр. Сондықтан Рим Папа­сы­ның келуі, съез­­дің өтуі күдігі көбей­ген көзқа­рас­­тарды сейілтіп, Қазақ­стан­ның ха­лық­аралық имиджін қай­тадан тұрақ­тан­дыруға, жақсартуға ба­ғыт­талған қадам деп бағалауға болады. Еліміз әртүрлі санк­ция­ларға ілініп кетпеуі, ин­вестиция легі тоқтап қал­мауы үшін, туристердің елімізге көбірек келуі үшін де бұл аса маңызды сапар», деген ол алқалы жи­ын­­­ның еліміз үшін нақты пайдасын тіз­белеп берді.

Б.Жексенбай ерекше тоқталған тағы бір тұсы – Съезд арқылы Қазақстанның дәстүрлі ислам дінін әлемдік әрі халық­аралық деңгейде қорғайтын негізгі алаңға айналып отырғандығы. Бұл жөнінде ол: «Шыны керек, қазір ислам дінін түрлі терроризммен, түрлі теріс пиғылдағы ұйымдармен, секталармен байланыстырғысы келетін жайттар өте көп. Бірақ оның шынайы дәстүрлі исламнан алшақ дүние екенін осы Съезд арқылы тағы бір мәрте дәлелдеп көрсете аламыз. Қазақстанның дәстүрлі ислам канондарын қорғайтынын әлемге тағы да паш ете аламыз. Ал халқымыздың ұстанатын негізгі діні дәстүрлі ислам болғандықтан бұл дінге қатысты кез келген сұрақ біз үшін өте маңызды», деді. Сөз соңында Б.Жексенбай елімізде қаншама дәстүрлі діндер өмір сүріп келе жатса да ешбір діннің бір-біріне қырғи-қабақ танытпауы Қазақстанның ортақ бір шаңырақтың астында бірлесе тіршілік ете алатын әлемдік моделін қалыптастыра алғанын да ерекше айтып өтті. «Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі мол. Ал оның жүріп өткен жолы – өзгелерге үлгі болады. Сол себепті де Съездің маңызы жоғары, рөлі ерекше», деді ол.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масы төрағасының орынба­сары, наиб мүфти Ершат Оңғар «Съез­ді ұйым­дастырудағы мақсаттың бірі – Ислам дінін терроризммен бай­ланыстырудың қате екенін көрсету» дейді. Наиб мүф­тидің пікірінше, бұл іс-шара ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаң­дардың біріне айналды.

«Халықаралық аренада экстремизм мен терроризмді болдырмау, жат ағымдардың жолын кесу жөнінде жұмыстар талқыланып келеді. Сондай-ақ съезд – рухани және моральдық тәр­биені насихаттауда таптырмас құрал. Әр отырысында қоғамның мораль­дық рухани негіздерін нығайту бойын­ша ма­ңызды ұсыныстар айтылып келеді. Рухани, моральдық құнды­лық­­тар құл­дыраған заманда мұндай талқы­лаулар бізге өте қажет», дейді ол.

 Алдағы съездің әлемдік өркениетте алатын орны ерекше екеніне тоқталған Ершат Оңғар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосатын мұн­дай диалог алаңы жоқтың қасы еке­нін де айтып өтті.

«Ислам діні Алланы тануға үндей келе өзге діндердің ойын құрмет етуге шақырады. Ал қазақ – ежелден бірлікті насихаттап, ынтымақты болуға үндеген халық. Халқымыз «Бірлік түбі – береке» деп, бірлік пен бауырластықтың қоғамның барлық саласында маңызды екеніне мән берген. Бүгінде сол игі дәстүрді жаң­ғыртқан қазақ елі көптеген ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналды. Діні мен тілі, салт-дәстүрлері бөлек болса да тағдырлары бір мекенде тоғысып, Қазақстан атты бесікте тербелген халық­тар достығы әлемге өнеге болуда», деді сарапшы.

Ал Конфессияаралық және өрке­ниетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төр­ағасы Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съез­дерінің ел астанасында дәстүрлі түр­де өтуін «еліміздің саяси беделінің көр­сеткіші» деп бағалайды. Оның айтуын­ша, мұндай жиындардың еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтуі Қазақ­станның халықаралық саясаттағы өзін­дік рөлін одан сайын айқындай түседі.

«Дипломатия мен сыртқы саясатта «саяси астаналар» деген түсінік бар. Мәселен, әлемде қаншама мемлекеттер мен олардың астаналары болғанымен, санаулысы ғана осындай халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде танымал. Қазіргі таңда біз Жаңа Қазақстанды құруға қадам бастық. Мұны Жаңа Әлемді құруға деген құлшынысымыз деп білуіміз керек. Себебі ескі руди­мент­ке айналған адамзат дамуы мен өміріне кедергі деструктивті қақ­ты­ғыс­­тар мен жанжалдардың келелі түйін­ді шешімдерін тапсақ дейміз. Ал бүгінгідей геосаясат пен гибридті сая­си құ­былыстар өршіп тұрған сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды», дейді ол.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айна Қабылова әлемде туындап жатқан этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар аясында өзара диалогты нығайтудағы бірегей қазақстандық тәжірибе жаһандық деңгейде сұранысқа ие екенін алға тартты. «Сондықтан елор­дамыздың дін көшбасшыларының тұ­рақты бас қосатын орны мен ізденетін диа­лог алаңына айналуы кездейсоқ емес», дейді А.Қабылова.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсаты – бейбітшілік, келісім мен толеранттылықты адам болмысының мызғымас қағидалары ретінде бекіту, мемлекеттер арасындағы өзара сыйластық пен толеранттылыққа қол жеткізу, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстарды, зорлық-зомбылық пен дұшпандық әрекеттерді өршіту үшін пайдаланудан аулақ болу.

Сонымен қатар өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісім дәстүрлерін нығайту мен болашақ дінаралық саммиттердің идеологиясы мен тұжырымдамасын келісілген, объективті және сауатты дайындау бағытында съездің атқаратын рөлі ерекше. Діндер арасындағы жаһан­дық диалогқа жәрдемдесіп, өзара тү­сіністік пен сыйластықты терең­де­теді. Жек кө­рушілік пен экстремизм идео­логиясына қарсы тұру ретінде тө­зім­ділік пен өзара сый­ластық мәде­ниетін дамытады. Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары съезі – діндер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, осы биік мақсатқа қол жет­кізуге ықпал етіп, рухани құнды­лық­тарды іл­герілетуде іргелі рөл атқа­ра алады деген се­німіміз мол», деді тақы­рып төңірегінде ойымен бөліскен профессор.

Әңгіме барысында А.Қабылова діннің саяси және мемлекеттік процестерге араласпайтынын тағы бір мәрте түйіндеп берді. «Өз кезегінде мемлекет діни бір­­лестіктердің өміріне араласпайды, олар­дың әлеуметтік, ғұрыптық, тәрбиелік және басқа да мін­деттерін толыққанды жүзеге асыруы, қоғамдық өмірге терең араласуы үшін либералды жағдай жасайды», деді сарапшы. Ол сондай-ақ, Қазақстан халқының әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құр­меттеп, қолдап, заманауи зайырлы мемлекет құрып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстанда әртүрлі діндердің, мәде­ниеттер мен өркениеттердің бей­біт қатар өмір сүруінің бай, тарихи баға жетпес тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берілген. Бұл өз кезегінде ел тұрғындарының басым бөлігінің ұқсас құндылық бағдарларының қалып­тасуына, конфессияаралық келісім мен өзара сыйластықтың толерантты атмо-сферасын құруға ықпал етті», деді ол.

СӨЗ СОҢЫ. Жетінші съездің арқа­лаған жүгі әрине, ауыр. Әлемде болып жатқан оқиғалар, саяси тұрақсыздық пен қақтығыстар, дүние жүзін үрей­дің уысында ұстаған пандемия... Осының барлығы алқалы жиынның маңыз­дылығын арттыра түсері анық. Тек артылған жүктің артында үлкен жауап­кершілік тұрғанын да естен шығар­мағанымыз жөн.