Аймақтар • 17 Тамыз, 2022

Көпбалалы аналардың қолдаушысына айналған орталық

318 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қоғамда көпбалалы аналардың мәселесі бүгінгі таңда өзекті сипат алған. Олардың мәселесі бірінші кезекте Үкіметтің және жергілікті биліктің жіті назарында тұр. Әлеуметтік таршылық ең алдымен, шиеттей бала асырап отырған аналардың немесе күнкөріс табысы аз отбасылардың иықтарына ауыр жүк артып, қосымша салмақ түсіретіні аян. Мұндай кезде олардың жанашыр жан іздеп, қолдауға зәру болатыны ақиқат. Иә, мемлекет тарапынан әлеуметтік аз қамтылған топтарға, соның ішінде көпбалалы аналарға аз көмек беріліп жатқан жоқ.

Көпбалалы аналардың қолдаушысына айналған орталық

Алайда бұл материалдық тұрғыда ғана есептелетін жәрдем түрі. Әлеуметтік қиындыққа тап болған жандарға бірінші кезекте керегі материалдық көмекпен бірге, психологиялық қолдау мен қоғамда өз орнын табуға бейімдейтін орта және дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін жанашыр азаматтар. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен аналардың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту, осы өзекті мәселені сырттай ғана шешуге тырыспай, оның ішкі орамдарына да үңіле отырып дұрыс жолдарын таңдау күн тәртібіне қойылып, нақты істер қолға алынған болатын. Осылайша, республика өңірлерімен бірге Шымкентте де қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.

Аталған мекеме басшысының орынбасары Ерлан Әлжановтың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы 27 наурызда ашылған ұйым алғашында shanyraq Отбасы институтын қолдау орталығы болған. Кейін атауы «Бақытты жанұя» орталығына» өзгерген мекеме бүгінгі таңда аз қамтылған, көп­балалы отбасыларға жан-жақты қол­дау көрсету бағытында жұмыс жүр­гізіп келеді. Нақтырақ айтқанда, Шым­кент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 4 қа­зандағы «Жергілікті бюджеттен қаржы­ландыратын кейбір КММ-лер туралы» №1157 қаулысы негізінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Қазіргі таңда мұнда 31 штаттық бірлік бойынша мамандар жұмыс істейді. Әлеуметтік аз қам­та­масыз етілген, көпбалалы отбасы, қиын жағ­дайға тап болған отбасындағы өзек­ті мәселелердің алдын алу мақса­тында жұмысын бастаған орталық маман­дары­ның ішінде психолог, медиатор, заң­гер және әлеуметтік сарапшылар бар. Олар халыққа жоғарыда аталған мә­се­­­лелер бойынша жан-жақты қызмет көрсетеді.

Орталықтың көмегіне жүгініп келген­дердің бірін әңгімеге тарттық. Есімі – Ұлмекен Жұмалиева. Қала тұрғыны. Төрт баланың анасы. Үлкені мектепте оқыса, ең кенжесі 3 жаста екен. Өзінің айтуынша, қазіргі уақытта еш жерде жұмыс істемейді. Осында атаулы әлеу­­меттік көмек бойынша азық-түлік алуға құ­жаттарын рәсімдеуге келгенде көп­ба­лалы аналарға көрсетілетін қызмет түр­лерін естіп білген.

– Бес күннен бері биыл 6 жасқа толатын қызымды логопедке әкеліп жүрмін. Көрсетілетін қызметі тегін екен. Осы жағы мені ерекше қуандырып отыр. Бұл орта­лықта мұндай тегін қызмет түрлері бар екенін білмеппін. Дереу құрбыларыма хабарласып, жағымды жаңалықпен бөлістім. Олар да бұл жаңалығымды қуана қабылдап, қазір осы жерге балаларын әкеліп мамандарға көрсетіп, өздері де қосымша курстарға жазылып қойды. Курс демекші, мұнда маникюр-педикюр кәсібіне үйрететін тегін курс бар екен. Соған жазылдым. Енді сабақ басталса, барып оқимын. Жұбайым да тұрақты еш жерде істемейді. Құрылыстан тауып келген ақшасына және 4 балаға ала­тын мемлекеттік жәрдемақыға жан бағып отырмыз. Негізгі мамандығым – бастауыш пәнінің мұғалімі. Бірақ бұл мамандық бойынша бұрын жұмыс істеген емеспін. Мені қызықтырып отырғаны – қыздардың тырнағын әрлеуші мамандық. Бұл шынымен де бүгінгі нарықта өте сұранысқа ие. Естуімше, маникюр жасайтындардың ең төменгі қызмет ақысының өзі 5 мың теңгеден басталатын көрінеді. Енді соның оқуын оқып алып, өзім үйден кішігірім салон ашып, жеке кәсібімді бастағым келеді. Жалпы, мемлекеттің біз секілді әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қа­райласып, қолына сертификат алуына, бір кәсіпті меңгеріп шығуына жағдай жасап жатқанына рахмет. «Қыбырлаған қыр асар» демекші, бір пайдалы іспен шұғылдансақ, әйтеуір отбасын асырауға, бала-шағаның киімі мен тамағын тауып беруге сеп. Қашанғы Үкіметтің аузына қарап алақан жайып отыра береміз, жергілікті әкімдік мүмкіндік беріп тұр­ғанда соны барынша пайдаланып, неге өзімізше әрекет етуге, табысты кәсіпті бас­тауға ұмтылып көрмеске, – дейді көп­балалы ана.

Мекеме басшысының орынбасары Ерлан Әлжанов орталықтың басты мақсаты да сол, үйде отырып, қоғаммен байланыстан ажырап қалған аналарға ортада өз орнын табуға, бір кәсіпті иге­ріп, сол бойынша табысқа жетіп, өзіне, отбасына, жалпы мемлекетке пай­­дасын тигізуіне жәрдемдесу екенін жеткізді. Қай кезде көпбалалы аналардың әлеу­меттік мәселесі өзекті болады. Егер олар үйде жұмыссыз отырса, отбасылық табысы өте төмен болса, қоғамның тең мүшесіндей өздерін сезіне алмаса. Міне, осы кезде әлеуметтік кикілжің туын­дайды. Ал бұл дәрежеге жеткізбеу үшін аналардың сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік жасау маңызды. Не уақытша бала тәрбиесінде болуы немесе уақытының біраз бөлігін сүйікті кәсібіне арнап отыруы қажет. «Аш адамға балық берме, қармақ бер» демей ме?! Осы қағида бойынша жұмыс істейтін орталық қызметкерлері кәсіп игерген нәзік жандылар неғұрлым көп болса, соғұрлым жұмыссыздық деңгейі азайып, әлеуметтік жағдай да тұрақталады деп есептейді. Мекеменің билік пен қарапайым халықтың арасында «алтын көпірдің» рөлін ойнайтынын айтады.

Мекеме басшылығының айтуына қарағанда, күн сайын орталыққа көптеген әйел әлеуметтік көмек сұрап келеді. Олардың проблемасы жерде қалмайды. Міндетті түрде тиісті жауабы беріледі. Ол үшін тиісті сала мекемелерінің басшылары немесе өкілдері орталыққа келіп, аптасына бір-екі рет жиналыс өтікізіп тұрады. Сонда аналар тарапынан көтерілген мәселелер түгел қаралып, проблемалар жіліктеліп, орталық мамандары мүмкін болғанша тез шешімін тауып беруге тырысады. Рас, кейде мәселенің күрделілігіне байланысты ша­ғымын арқалап келген әйелдердің проблемасы бірнеше айға созылып ке­тетін де жағдайлар болады. Дегенмен бұл жерде аналарға мамандардың сөзіне жүгініп сабырлық таныту қажеттігі тура­лы ақыл-кеңес беріледі. Тіпті шалғай ауылдарда тұратын көпбалалы немесе отбасылық кикілжің туындаған аналарға орталықтың мобильді тобы арнайы барып, қызметін көрсетіп қайтады. Мекеме ең алдымен көпбалалы аналарға үй жағдайында кішігірім табыс табуға үйретеді, қарым-қабілетін ашады. Ар­найы психологтердің көмегімен түрлі өмірлік ситуациялардан құралған тренингтер өткізіп, сол бойынша психикалық стреске тұрақтылықтарын күшейтеді. Өмірде қандай қиындық кездессе де күле қарап, жүре қабылдауға үйретеді. Өйткені маманның айтуынша, көп жағ­дайда әйелдер мұнда психологиялық тұрғыда әбден қалжыраған күйде келеді. Барлығы болмаса да қоғамда толқын болып соққан түрлі қиындықтарға шыдас бермей, сағы сынып, айналасынан әбден үркіп, қорқып қалған олар соңғы көмек тұрағы ре­тінде орталықты келіп паналайды немесе біреулердің көмегімен осында жет­кізіледі.

к

«Бақытты жанұядан» өз бақытын тапқандардың бірі Еркінай Көшкенбаева қазір осы мекемеде өзі де аналарға тігіс тігуді, құрақ құрауды, кестелеуді, қысқасы ісмерлік өнердің барлық қыр-сырын үйретіп жүр. «Алғашқы кезде отбасылық мәселемен осы орталыққа келген едім. Сөйтіп, осы жерден түрлі деңгейде кө­мек алып, тігін тігу курсын оқыдым. Оны бітірген соң «Атамекен» ұлттық кә­сіпкерлер палатасының бизнесті оқыту курсынан өтіп, арнайы грантқа құжат тапсырып, нәтижесінде конкурста жеңімпаз атанып, 555 мың теңге грантқа ие болдым. Бұл қаражаттың үстіне өзім жеке қалтамнан қаржы шығарып, бір миллионнан астам теңгеге кестелейтін қымбат тігін машинасын сатып алдым. Қазір үйде жеке тапсырыстар қабылдап, кестелеу­мен айналысамын, яғни киімдердің, сөмкелердің бетіне кестелеп әртүрлі оюлар салып, жазулар жазып беремін. Орталықтан арнайы ұсыныс түскен соң өтініштерін жерге қалдырғым келмей, осында келіп ұстаздық етіп жатқан жайым бар. Осы жерде курсқа қатысуға ниет білдірген аналарға тігіс тігуді, құрақ құрауды екі ай бойы үйретеміз. Оқуды бітірген соң көпшілігі тұрақты жұмысқа орналасып кетіп жатыр немесе үйінен жеке кәсіп ашып алады. Жуырда курста оқитын екі келіншек ізгілік қорының кон­курсына қатысып, 180 мың теңге тұра­тын бір-бір тігін машинасын ұтып алды. Сондықтан өмірде өзін жоғалтып алдым деген әйелдерге, ұнжырғаны түсір­мей, осында келіп, жаңа белестерге жел­кенді қайта керуге шақырамын», дейді Е.Көшкенбаева.

Одан бөлек, орталықта кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM мамандығы, балаларға арналған массаж, дефектолог-логопед, тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары бойынша қызметтер көрсетіледі. Мәселен, он жылдан астам уақыттан бері массаж мамандығын кә­сіпке айналдырып, содан үлкен жетіс­тіктерге жеткен, бүгінде жеке емдеу мекемесі бар маман Атира Қаппарқызы осында тәлім береді. Оның айтуынша, массажды меңгерген әйел ешқашан жұмыссыз қалмайды. Өйт­кені бүгінгі таңда, әсіресе жаңа туған нәрестелердің көбісіне дисплозия диаг­нозы қойылады. Ал оның бірден-бір емі – массаж. Мұнымен қоса кейбір ауру түрлері дәрімен емес, массаждың көмегімен емлеледі. Ондайлардың қата­рына мәселен, панкреатит пен артроз ауруын жатқызуға болады. Сондықтан массажды меңгерген әйел отбасының табысын еселеуге мүмкіндік алатынын тілге тиек етті.

Орталық басшысының орынбасары SMM мамандығының да бүгінгі таңда нағыз сұранысқа ие, табысы мол кәсіптердің бірі екенін айтады. Бұрын «Бақытты жанұяда» заманауи кәсіпті жас келіншектер меңгерсе, қазір үлкен жастағы аналар да SMM-ші болуға ұмтылып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желіде біреуді немесе оның өнімін, қызметін жарнамалау шамамен 50 мың теңге тұрады. Сонда осындай 4-5 тапсырысты қабылдаған ана ешқайда шықпай үйінде отырып, әлеуметтік желіге бір сағат уақытын бөліп отырып-ақ әжеп­теуір табыс табады. Қазір әлеуметтік желінің мүмкіндігін біліп алған аналар массаж курсын тәмамдап болған соң өз қызметін жарнамалау үшін қосымша SMM курсынан да өтеді. Логопед курсы да аналардың өз балаларының тілін тезірек дамытуға септігін тигізіп отыр. Әсіресе оның тегін болуы әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға үлкен көмек болуда. Себебі бүгінде жекеменшік клиникаларда логопедке қабылданып, бір рет көрінудің өзі кемінде 10 мың теңге тұрады. Осы тұста айта кету керек, ж­оғарыда аталған тегін курстарға бюджеттен ешқандай да қаржы қаралмаған. Бұл тікелей орталық мамандарының ықтиярымен, кәсіпкерлерден қосымша көмектер қарастыру арқылы іске асып жатқан игі тірліктер. Осы жетістіктері үшін Шымкенттегі «Бақытты отбасы» орталығы республикада ең үздік болып танылып, өзгелерге үлгі ретінде таныс­тырылған. Сонымен қатар орта­лықта қызмет көрсету бұрышы, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді дұрыс пайдалы етіп жарату үшін тіркеу, анықтама алу үшін ЭҚҚ ашу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін тіркеу құжат­тарын рәсімдеу қызметтері көр­сетіледі.

Бүгінгі таңда қала бойынша 18 943 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, түрлі деңгейде ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, eqov.kz порталынан қызметтер алу және тағы басқа бойынша аналардың сұраныстарына сәйкес 316 онлайн, 18 627 офлайн түрде қызметтер ұсынылған. Әлеуметтік санатқа жататын аналардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында үйде отырып-ақ табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін 438 әйелге тегін оқу курстары ұйымдастырылды. «Оқу курсынан өткендердің жұмыстарына әрі қарай талдау жасалып, мамандар өз тараптарынан көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда оқуының жемісін көріп жүрген 176 ана бар. Оның ішінде 35-і ор­талықпен белсенді жұмыс істейді. Мәселен, кондитерлік курсынан өткен 2 ана «Айжамал» кондитерлік дүкенінде нәпақасын тауып жүр. Бұған қосымша 3 ана тәттілер пісіріп, тапсырыс қабылдап, жап-жақсы табыс табады. Массаж курсын тәмамдаған 12 келіншек ақылы негізде балаларға массаж жасайтын маман атанды. Шаштараз курсынан бітірген әйел сұлулық салонының бір бұрышын жалға алып еңбек етуде. Тігін курсынан сертификат алып шыққан 3 әйел үй жағдайында тапсырыс қабылдап, тігін тігетін болған. SMM мамандығын меңгерген 8 ана жеке парақшаларында өз бизнесін дамытып отыр. Маникюр-педикюрдің қыр-сырын үйренген 2 әйел сән салонынан бір орынды жалға алып жұмыс істесе, үшеуі үйден пайда тауып отыр», дейді Ерлан Тұрсынбекұлы.

Қыркүйек айында оқу курсында білімін жетілдіру үшін қосымша тағы 251 адам кезекке тұрды. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасындағы жағымсыз жағдайларға ұшы­раған аналарға психологиялық кеңес негізінде 448 анаға, оның ішінде 297-іне заңгерлік көмек көрсетілді. Жалпы, 1 223 адам психолог пен заңгер­дің қызметін пайдаланған. Мекеме өкі­лінің мәлімдеуінше, жоспарға сәйкес орталықта жыл басынан бері отбасы тақырыбында пайдалы ақпарат пен бағыт-бағдар беретін 71 тренинг және семинар мен кездесулер ұйымдастырылды. Және ажырасуға өтініш берген азаматтармен медиатор мамандары жұмыс істеп, 354 отбасы мүшелерімен арнайы әңгімелескен. 43 отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетілсе, 21 адам заңгерлік көмекке жүгінді. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және топтар мен ұйымдарды қатыстыра отырып «Ашық алаң», «Жұмадағы жақсылық», «Мобильді қызмет» жобалары қолға алынды. Соның аясында 53 іс-шара жүзеге асырылыпты. Мә­селен, «Ашық алаңда» мемлекеттік орган мүшелерімен бірлесе отырып жекелей немесе топ-топпен азаматтарды қабылдап, өзекті мәселелерді шешудің жолдары қарастырылады. «Жұмадағы жақсылықта» үкіметтік емес ұйымдар, ерікті азаматтар, топтар, ұжымдармен бірлесе отырып әлеуметтік осал отбасы мүшелеріне көмек беріледі. Ал «Мобильді қызметте» түрлі жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, психо­логиялық немесе үй жағдайында отырып құжаттарын рәсімдеу шараларына жәрдем қаралады.

Жауапты маманның айтуынша, биылғы мамырда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановпен өткен жиын барысында Шымкент қаласының «Бақытты жанұя» орталығы» КММ жұмысына жоғары баға берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орта­лықтың жаңа форматта жұмыс жүргізу іс-тәжрибелерін өзге өңірлерге таныстырып, таратуға арналған жұмыс жоспарларын пысықтаған. Осыған байланысты «Бақытты жанұя» орталығы» КММ базасында тәжірибе алмасу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары, Түркістан қаласы және өзге де аудан, қа­лалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары тәжірибе алмасу мақсатында мекемеге арнайы келіп, қызметімен танысып, жұмыс жүргізу жүйесінің барысында оқу практикасынан өтіп қайтты.

Орталықтың алдына қойып отырған ендігі мақсаты мен жоспары – мекеменің қаладағы аудандардан филиалдарын ашу. Соның ішінде кеңсенің шалғай елді мекендерде орналасуына көңіл бөлінбек. Өйткені алыс ауылдардан қаланың орталығындағы жалғыз «Бақытты жанұя» мекемесіне келіп-кету уақыт жағынан қиындық туғызып жатқанға ұқсайды.

 

ШЫМКЕНТ