Экономика • 17 Тамыз, 2022

Электр желілері тозып тұр

1789 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың қалыпты өмір сүруі мен кәсіпорындардың тұрақты жұмысына әсер ететін жайт жетерлік. Соның бірі – электр энергиясының үздіксіз берілуі. Алайда энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындар тарифті әлсін-әлсін көтеруге бейім. Неге?

Электр желілері тозып тұр

Энергетика министрі Болат Ақ­шолақовтың айтуынша, елімізде электр энергиясының қымбаттауына бірнеше себеп әсер етіп отыр. Ең бірінші себеп – бірқатар стансалар үшін отын баға­сының өсуі. Тағы бір себебі, электр энергиясының құнына станса қыз­меткерлерінің жалақысын 20-30%-ға арттыру енгізілген. Бізде энергетиктердің жалақысы төмен. Ал бұл кадр­лардың саладан көптеп кетуіне әкеліп соқтырған.

– Қазақстанның энергетика жүйесінде жабдықтар мен желілердің тозғаны байқалып отыр. Осыған орай стансалар мен желілердегі бағалауды ішінара аяқтадық. Стансалар ескіріп, өте ауыр генерация қалыптасты. Сол себептен, стансаларға жаңғырту мен жөндеу қажеттігі туындады. Біз мұны қолға аламыз. Бірақ жаңа стансаларды салу қажет. Өйткені 2035 жылға дейін электр энергиясын тұтыну болжамы артып отыр. Болжам – шамамен 150-160 млрд кВт/сағат. Қазір электр энергиясын тұтыну мөлшері 114 млрд кВт/сағатты құрайды. Егер жаңасын салмай, ескі стансаларды пайдалана берсек, онда 150-160 млрд кВт/сағат электр энергиясының 90 млрд кВт/сағатын ғана өндіре аламыз. Сол себептен, жаңа стансалардан 17,5 млрд кВт/сағат электр энергиясын іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Энергетика министрі.

Мәселен, Атырау облысында электр энергиясының желісі әбден тозып тұрғаны жасырын емес. Бұған жауын жауса, екпіні қатты жел соқса, электр энергиясының жиі сөнетіні дәлел. Биылғы 5 наурызда Құрманғазы ауданында бірнеше ауылда элек­тр бағаналары құлап, жарық өшті. Тұрғындар жылусыз қалып, бүрсең қақты. Телефон байланысы үзілді. Бұл ақау бірнеше күнге созылды. Сала мамандары бұған табиғаттың тосын мінезін кінәлағандай болды. Шынымен солай ма? «Атырау-Жарық» АҚ президентінің орынбасары Мейірбек Ғұбашевтың мәліметінше, 5 наурызда Құр­манғазы ауданында жоғары кер­неулі электр желісі тартылған 200 бағана құлаған.

– Бұған қар аралас нөсер жаңбыр мен қатты желдің соқ­қаны әсер етті. Соның салдары­нан ауданның елді мекендері жарықсыз, жылусыз және байланыссыз қалды. Аудан аумағында құлаған бағаналар 1975 жылы орнатылып, содан бері қолданыста болды. Электр энергиясынан 10 890 абонент ажыратылды. Осыған байланысты облыстан қосымша 60 электрмонтер, 22 арнайы техника, СВ-10,5 бағанасының 152 данасы, «Атырау-Жарық» АҚ қорынан АС-120 мм және АС-50 мм сымдарының екі орамасы жіберілді. Алайда Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасындағы жолдың қазіргі жағдайы, қашықтығы ескеріліп, бағаналар бір рейспен 10 данадан жеткізілді. Мұның бәрі, әрине, жұмысты кешіктірді, – дейді М.Ғұбашев.

Жарықтың өшуіне қатысты дерек жалғыз бұл емес. Тағы бір деректі тілге тиек етсек, 27 шіл­деде Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірісі толығымен тоқтады. Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың мәліметінше, бұған кенеттен екі желіде электр энергия­сын беру тоқтатылғаны себеп болған.

– Электр энергиясының өшуі салдарынан бастапқыда зауыттың екі қондырғысы тоқтатылды. Содан кейін іс жүзінде барлық өндірістің жұмысы тоқтап қалды. Мұнайды бастапқы кезеңде айдайтын екі қондырғысының жұмысын сақтап қалуға мүм­кін­дік туды. Қондырғыларды пай­даланудан шығару кезінде барлық газ алау шаруашылығына жіберілді. Бұл қондырғылардың депрессиясы болмауы үшін автоматты түрде жасалады. Зауыт қондырғыларына келген зиян туралы айтуға әлі ертерек. Бұл қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады, – деп мәлім етті М.Досмұратов.

Міне, электр энергиясымен қамтитын кәсіпорындар бір ауданның он ауылын, мұ­най өңдеу зауыты секілді ірі кәсіп­орынды жарықсыз қалдырса да тарифті көтеруден бас тартпай отыр. Қазір Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті тұтынушылардың электр энергиясын тұтыну тарифтерін көтеруге арналған өтінімді қарастырып жатыр. Мұның себебін Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Аты­рау жылу-электр орталығы» АҚ үшін электр энергиясына шекті тарифтер құнының өсуімен түсіндірді. Биыл энергия беруші кәсіпорындардың белгілі бір топтары үшін ғана өскен. Энергетика министрлігінің ережесіне сәй­кес, энергия өндіруші кәсіп­орындардың энергия стансала­ры үшін шекті тарифтер белгі­ленген. Ал өңірлік энергия желісі компаниялары мен соңғы тұты­нушыға дейін энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындар бойын­ша шығыстарды Ұлттық экономика министрлігі бекітеді.

– Қазір облыс пен Атырау қаласын электр энергиясымен жабдықтау «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ мен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің газ турбиналы электр стансасы арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 4,268 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Облыстың ішкі тұтыну көлемі – 3,9 млрд кВт/сағат. «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның негізгі жаб­дықтарының 54 пайызы тозған. Мұнда электр энергиясын босату бағасы ЖЭК үстемесін есеп­ке алғанда квт/сағатқа 15,21 тең­гені құрайды. Ал «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-да тозу көрсеткіші – 4,5 пайыз. Электр энергиясының квт/сағаты шамамен 11,39 теңгеден босатылады, – дейді Б.Ақшолақов.

Министрдің дерегіне сүйен­сек, жылу-электр орталығынан электр энергиясын алатын «Аты­­рау Жарық» АҚ-ның иелігіндегі ұзындығы 9 746,6 шақырымдық желі мен 1 761 қосалқы станса кешенінің 40 пайызы тозып тұр. Өңірде бес орта­лықтандырылған, 638 автономды жылумен жабдық­тау көзі бар. Жылу-электр орта­лығындағы орнатылған жылу қуаты – 695 Гкал/сағат, қазір қолда бары – 633 Гкал/сағат. Жал­пы ұзындығы 561 шақырым жылу желісінің орташа тозуы 68 пайызды құрайды. Қазір жылу-электр орталығында 3 қа­зандық агрегаты мен 2 турбоа­грегатын, сондай-ақ 13,2 ша­қы­рым жылу желісін жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің стансасындағы 310 МВт-ты толық беріп тұр. Атырау қала­сындағы тұтынушыларға 160 мг беріледі. Бірақ бұл станса бастапқыда еркін экономикалық аймақтың өнер­кә­сіптік нысандарын электр энергиясымен қамту үшін ашылған.

– Батыс Қазақстан мен Атырау облыс­тары өткізу қабілеті 100 МВт болатын 220 кВт электр беру желісіне қосылған. Осы желіде жөндеу жүргізілген кезде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелері оқшауланған жұмыс режіміне көшеді. Бұл тұтынушылардың электрмен жабдықтау сенімділігіне теріс әсер етеді. Сол себептен, қазір аталған міндетті оң шешу үшін «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жаб­дықтауды арттыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Энер­гетика министрі.

Былтыр басталған бұл жобаны ал­дағы жылы аяқтау көзделіп отыр. Осы кезге дейін 2 575 тірек (61,6%) орна­тылған. Электр беру желілерінің жалпы ұзындығынан 132 шақырымы (16,9%) ғана салынған. Бұған қоса Қызылорда облысында электр стансасын салу жоспарланған. Алматыдағы энергия торабын, жылу-электр орталығындағы үш стансаны жаңғырту жүріп жатыр. Бұдан басқа да нұсқалар қарастырылып отыр.

 

Атырау облысы