Аймақтар • 17 Тамыз, 2022

Щучинск қаласы Абылай хан атана ма?!

843 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай көгіл­дір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Бурабай баурайындағы жұпыны ғана Щучинск қаласының іргетасы көне деректердің шерткен сырына қарағанда, 1800-жылдардың басында қаланған екен. 1991 жылы үш жүзге Бурабайдың биігінен жарты ғасырға жуық билігін жүргізген Абылай хан­ның 280 жылдық тойы кезінде аяу­­лы да айбарлы есімін Щу­чинск қала­сына беру туралы көп­­ші­лік­тің ұсынысы болып еді.

Щучинск қаласы Абылай хан атана ма?!

Орынды ұсынысты хан тойына Алтайдан Атырауға дейінгі жалпақ даладан жиналған тәмам ел бірауыздан құптаған. Аңсаған тәуелсіздігімізге қол жетті, енді кеткен есеміздің орны толар дескен. Қай қырынан алып қарасаң да, әбден қисынға келетін ұсыныс. Бурабай ұлы ханның ата қонысы екендігі тарихи шындық. Табиғаттың өз қолымен тұрғызылған тас қамал іспетті жақпар-жақпар жартастардың ортасында атшаптырым алаңқай – Абылай хан алаңы бар. Әне бір жерде табиғаттың өзі қалап берген хан тағы. Ханын қасиет тұтқан, ерін құрметтеген ел ғана емес, тылсым күш те сойына орай сияпат жасағанға ұқсайды. Сол жиында аталы сөзге құлақ қойып, құлай құптаған жалпы жұртшылық бұл дұрыс ұсыныс дескен. Ешбір мән-маңызы, тарихи тағылымы жоқ бұл атаудан ел мерейін асқақтатып, айбынын асыратын, көкірегіңе мақтаныш сезімін ұялататын хан есімінен артық қандай атау керек?! Шартараптан жиналып, бодандықтың темір ноқтасын серпіп тастап, азат, бостан күйге бет алған көкшетаулықтарға осы ұсы­нысты жүзеге асыруды шегелеп тұ­рып тапсырып еді. Содан бері бұл мә­селе шешімін таппай, сағыздай созылып келе жатқаны рас. Ендігі ел үміті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиын­дар­дың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз» деген болатын. Келешекте қолға алынатын келелі істің бірі идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген ел, жер атау­ларын ауыстыру. Ауыстырғанда да желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін, өзгеше рухты сезім сыйлайтын, абыройлы да асқақ атаулар болғаны жөн.

Щучинск қаласының атауы қайдан алынғаны туралы нақты дерек жоқ. Ежелгі жер-су атаулары орналасқан жердің бедері мен белгісіне орай қо­йыл­ғандығы мәлім. Осы орайда, бұл атау Бурабай баурайындағы кү­міс көлдердің, оның ішінде Шортан кө­лі­нің атауынан алынуы мүмкін-ау деген болжам айтылады. Табиғаттың тұмса шағында көлдегі шортанның көп­тігінен көлге суаруға әкелген жылқы үркіп, беттей алмай, үйіріліп тұ­рады екен дейтұғын аңыз бар. Ша­масы шортанның мұншалықты көп­тігіне таңырқаған жұрт ну орман­ның етегіндегі қазығын жаңа қағып жатқан көлге де дәл осылай ат қойып, айдар таққан сыңайлы.

Щучинск қаласының тұрғындары осы жылдың 14 сәуір күні Бурабай аудандық газетінде қырық адамның қолы қойылған ұсыныс жариялады. Бұл ұсыныста ел тәуел­сіз­дігі үшін бар ғұмырын, күш-жігерін сарп еткен мемлекет қайраткерлерін ел есінде сақтау бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті екені айтылады. Осыған байланысты Алаштың бағына туған ұлы тұлғалардың бірі, үш жүздің басын біріктірген ұлы Абылай ханның ерлігі мен еңбегі сипатталады. Шынында да тарих Абылай ханды Орта Азияның аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына қойды. Көкшетауда, оның ішінде нақтырақ айтсақ, Бурабай бау­райында ұлы хан жарты ғасырға жуық хандық құрды. Бұл дәуір қазақ халқының өркендеп, өрлеген дәуірі еді. Абылайдың өз ұрпағы, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Абылай дәуірі – қазақтың алтын ғасыры» деп баға берген болатын. Абылай хан аса дарынды, ірі қайраткер, қолбасшы болды. Ол тұс-тұстан анталаған, кең-байтақ қазақ жеріне көзін алартқан ешбір көршінің ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді. Өзінің асқан ақылды, сабырлы мінезі мен қылаудай кіршік түсірмеген адамгершілігінің арқасында бір орданың ғана емес, үш орданың сыйлы ханы атанды. Іле-шала жергілікті «Луч» газетінде де орыс тіліндегі үндеу жарияға шықты. Ескірмес естелік іспетті ұлы ханның ерлікке толы ғажайып еңбегі баяндалатын және ханның есімі Щучинск қала­сына қойылуы керектігін айтып, ордалы ойын ортаға салған, есім­дері жергілікті жұртқа жақсы мә­лім азаматтардың ішінде Бурабай ауданының құрметті азаматтары А.Куликов пен Ю.Севастьянов та бар.

– Ел тілегі ескерусіз қалмауға тиіс, – дейді Анатолий Куликов: – Егер Абылай хан есімі Щучинск қаласына берілсе, қандай жарасымды болар еді. Курортты өлкедегі бұл қалаға бір мау­сымда миллионға жуық мейманның келетіні белгілі. Ел ақсақалдарының ұсынысы қабыл алынса, қаншама жұрт ұлы ханның есімін тағы бір естіп, ерлігін жадына тоқып, кейінгі жастар үлгі алмас па?!

– Еліміздегі қала атауларын өзгерту мәселесі қолданыстағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Заңына және «Әкім­шілік-аумақтық бірліктерге, елді мекен­дер­дің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олар­дың атауларының транскрипция­сын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» үкіметтің қаулысы бар, – дейді Біржан сал ауда­нының құрметті азаматы, сот жүйе­сінің ардагері Төлебек Жұмақаев. – Мен Бурабай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде осындағы ел ағаларымен жиі жүздесіп, көтеріп отырған мәселеге байланысты сан мәрте ақылдастым. Ел түгел қолдап отыр. Демек «Елу жылда – ел жаңа» де­мек­ші, қаланың атын халқымыздың біртуар ұлы ханының есімімен ауыс­тыратын уақыт жетті.

Жаңа атау кейбір көшелерінің то­зы­ғы жеткен шағын қаланың әлеу­меттік тұрмыстық жағдайына әсер етер ме еді деп үміттенеді қала халқы. Ең бастысы, Бурабай баурайын ғана емес, алты Алашты жайлаған барша жұрттың алпыс екі тамырына өршіл рух, асқақ сезім, отансүйгіштік қасиет сыйлар еді.

– Өткен жылы қол жинамақ болып та талпындық, – дейді Төлебек Жұмақаев. – Бірақ пандемия кезінде жұртты жинауға жүрегіміз дауаламады. Әйтсе де, бұл жалғыз біздің, аз ғана адамның ұсынысы емес, хан ордасын жайлаған қара ормандай қалың елдің аманаты.

Ұлы ханға қоныс болған Бурабай баурайын жайлаған тәмам елдің орынды ұсынысы еститін мемлекеттің құ­ла­ғына жетіп, армандары орында­ла­тындығына сенеміз.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы