Қазақстан • 17 Тамыз, 2022

Шекараның шебі берік

340 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекеттік шекара – Ту, Елтаңба және Әнұранмен қатар тәуелсіз елдің ажырамас нышаны болып саналады. Халқымыз үшін қастерлі ұғым болып саналатын мемлекеттік шекараны қорғау, ата-бабадан қалған жерді күзету – үлкен абырой, маңызды жауапкершілік. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Кәсіби мереке қарсаңында ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан АЛДАЖҰМАНОВ ведомствоның қалыптасуы мен даму перспективалары туралы айтып берді.

Шекараның шебі берік

– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қыз­ме­тінің қалыптасуы мен жауын­гер­лік жолы халықтың өзі куә болып келеді. Тә­уел­сіздіктің 30 жылдығы тарихында қа­зақ­стандық шекарашылар даңқты жол қалыптастыра білді. Сөз басында осындай жарқын оқиғалар мен маңызды істерге тоқталсаңыз.

– Ол рас. Мәселен, қазақстандық ше­ка­ра­шылардың тәжік-ауған шекара­сы­ның учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­тау жөнінде атқарған миссиясын еске ал­сақ та жеткілікті. Қазақстандық біріккен атқыштар батальонының құрамында сегіз жыл ішінде жасыл күнқағарлы жүздеген жа­уынгер өңірдегі бейбітшілік пен тұрақ­ты­лық жолында тапсырманы абыроймен атқарды.

Ел тәуелсіздігі қалыптасуының қиын ке­зе­ңін­де шекарашылар республика аума­ғы­­ның тұтастығының бұзылуына жол бермей, мемлекеттік шекараны сенімді қор­ғау арқылы мемлекеттің қорғаныс қабі­ле­ті мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосты.

Шекара қызметінің отыз жылы адамзат тарихының ауқымында аз уақытты қам­титындығы анық, бірақ егер сіз осы жылдар ішінде шекарашылардың басынан өткерген қиын жолын саралап қарасаңыз, жеке құрамның Отан шекарасын сенімді қорғаудағы қыруар еңбегіне көз жеткізесіз.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шекара қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды тапсырды. Мемлекет бас­­шысының нұсқауларын орындау бойынша қандай жұмыстар атқа­ры­лып жатыр?

– Әлемдегі жаңа сын-қатерлер мен геосаяси жағдайдың күрделенуі Шекара қыз­метін жедел дамытуды және бүкіл мем­­лекеттік шекараны жайластыруды талап етті. Бұл жерде айта кететіні, Қа­зақ­­стан басшысы ҰҚК-нің жаңғырту стратегиясын қолдап, алқа отырысында сөйлеген сөзінде бірқатар нақты тапсырма қойды. Олардың біріншісі – әлемдік тәр­тіптің өзгеруі жағдайында «осы жа­һан­дық эксперименттің қарапайым бақы­лаушылары» ғана болмау. Кейінірек, рес­пуб­ликалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Қазақстанның жаһандық аре­надағы ұстанымын атай отырып, мем­лекеттік шекараның мызғымастығы мә­се­лесінің маңыздылығына баса назар аударды.

Бастапқыда біз техникалық құралдар­дың жаңа үлгілерін пайдалана отырып, мемлекеттік шекараларды бақылауды ұйымдастыру бойынша шетелдердің озық тәжірибесін зерделедік. Нәтижесінде, қызметтің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. 2022 жылғы 17 ма­мырда Президент «ҚР ҰҚК кейбір мәсе­лелері туралы» №893 Жарлыққа қол қойды. Жоғары саяси қолдау алып, қо­йыл­­ған міндеттерді шешу үшін біз Ше­ка­ра қызметін ауқымды реформалауға кірістік.

Жаңғырту барысында аумақтық қағи­дат бойынша қайта құру жүргізіліп, шекара ведомствосының қазіргі заманғы құ­рылымы жасалды. Шекараны қорғау тәсілдері мен әдістері, бөлімшелер мен шекара нарядтарының іс-қимыл тактикасы, шекара ведомствосының нормативтік-құқықтық базасы жетілдіріліп, жан-жақты қамтамасыз ету тетігі жолға қойылды.

– Ал осы жүргізілген реформалардың нәтижелері қандай?

– Нақты сандарға тоқталатын болсақ, осы жылдың бірінші жартысында өткен жыл­мен салыстырғанда шекара кеңіс­ті­гінде құқық бұзушыларды ұстау 48 па­йыз­ға өскені байқалады.

Құрлық учаскелеріндегі мемлекеттік шекараны қорғау кезінде күштер мен құ­рал­­дарды кешенді қолдануға мүмкіндік беретін шекаралық операцияларға баса на­зар аудару қажет. Шекаралық кеңіс­тік­тегі операциялар барысында 250-ден астам құқық бұзушы ұсталып, жауап­кер­ші­лікке тартылды.

Қарулы Күштер мен Ұлттық ұлан­ның операцияларға тартылған бөлім­ше­лері басқарудың және біздің бөлімше­ле­рімізбен өзара әрекеттесудің тиімді тә­жіри­бесін алатынын атап өткен жөн.

Теңізде биологиялық ресурстарын заң­сыз өндіруге қарсы шаралар нәтиже­сі­н­де 69 жүзу құралы ұсталып, 460 шақы­рым­­нан астам балық ауы тәркіленді. 1,9 млрд теңгеден астам экономикалық за­лал­­­дың алдын алды.

Президенттің қаржылық тұрақтылық­ты қамтамасыз ету жөніндегі Жарлығын орын­­дау мақсатында 14 наурыздан бас­тап өткізу бе­кеттерінде жалпы сомасы 3,5 млрд тең­геден астам валютаны әке­ту­д­ің 177 фак­тісінің жолы кесілді.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын орындау жөніндегі Жал­пыұлттық жоспарға» сәйкес қос аза­мат­тығы бар адамдарды анықтауға бағыт­талған кешенді іс-шаралар атқа­рылды. Осы жылдың бірінші жартысында Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттердің жол жүру құжаттарын пайдалану фактілерінің 23 пайызға өскені анықталды.

«Көлеңкелі криптовалюта майнингі» деп аталатын ұлттық энергетикалық қа­уіп-қа­тер проблемасын шешу туралы мем­лекеттік органдарға берілген ел Пре­зи­­дентінің тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жалғасып келеді. Жыл басынан бері майнингтік жабдықты алып өтпек болған 26 әрекет тоқтатылды. Сондай-ақ 4 598 көші-қон заңнамасын бұзушы және 14 көлік компаниясы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды. Өндіріп алынған айып­пұлдардың жалпы сомасы 48 млн теңгеден асты.

Жалпы салмағы 31 млн теңгеге баға­лан­ған 45 килодан асатын зергерлік бұ­йым­­дарды шекара арқылы алып өтуге әрекет жасау фактілерінің өсуі байқа­ла­ды. Түрлі калибрлі қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз алып өтудің 203 фак­тісі тіркелді. Жалпы сомасы 3 млрд тең­геден астам сомаға тыйым салынған және тасымалдауға шектелген өнімдер мен кон­тра­банда заттарын алып өтуге жол берілмеді.

Есірткі трафигінің қолданыстағы арналарына қарсы іс-қимыл шеңберінде 107 жағдайда есірткі құралдарының шекара арқылы өтуіне тосқауыл қойылды. 22 шілдеде қазақ-өзбек шекарасында аса ірі мөлшердегі – шамамен 35 кило героин есірткі затының ұсталуы ең айқын же­тіс­тіктердің бірі болып табылады. Қас­көйлер есірткіні жүк көлігінің бензин багында жасырып, алып өтпек болған.

р

– Қазіргі уақытта ел басшылығы тарапынан әскери қызметшілерді әлеу­мет­тік қамтамасыз етуге көп көңіл бө­лі­неді. Бұл мәселелер ведомствода қан­шалықты шешімін тауып отыр?

– Реформалар ведомствоның құры­лы­мын, шекараны қорғау әдістерін ғана емес, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағ­дайын да қамтыды. Шекарадағы қызмет өте күрделі екені белгілі. Біздің басты міндетіміз – шекарашы үшін қызмет пен тұрмысқа қажетті жағдай жасау.

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті басшылығының ҰҚК мен Шекара қызметі лауазымдарын біріз­ден­діру туралы өтінішін қолдады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ведомство әскери қызметшілерінің жала­қысы орта есеппен – 75, ал шекара бөлім­шелерінде тіпті 110 пайыздан астамға көтерілді. Мем­лекет есебінен әске­ри қыз­мет­шілер мен олардың отбасы мүше­ле­рін меди­ци­на­лық қамтамасыз ету жүзеге асырылады.

Сонымен қатар күнтізбелік есептеуде кемінде 8 жыл қызмет атқарған сарбаз (матростар), сержант (старшиналар) лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалған шығындарын оқыту құнының 50 пайызы мөлшерінде бюджет қаражаты есебінен өтеп алуға құқығы бар.

Шекара бөлімшелерінің, әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарының жаңа кешен­дерін салу мәселелері жоспарлы түрде шешілуде. 2004-2018 жылдар ара­лы­ғында шамамен 68 нысан (офицерлік және сержанттық құрамдағы тұрғын үйлер, шекара бөлімшелері, өткізу пунк­тері, әскери қалашықтар) салынды және пайдалануға берілді. Ғимараттар мен құ­ры­лыстар XXI ғасырдың талаптарына жауап беретін шекара бөлімшелерінің заманауи кешендері түрінде салынған.

2013 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекенінде барлық инфра­құ­ры­лымы бар шекаралық әскери қалашық пайдалануға берілді. Қордай ауданы бо­йынша шекара басқармасының Қордай елді мекеніне жақын жердегі құрылысын мақтанышпен айта аламын.

2017-2020 жылдар аралығында ҰҚК ШҚ Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе және Атырау облыстары департаменттерінің жа­уапты аумақтарында модульдік үлгі­дегі 16 бөлімше салынды, онда шека­ра­шыларға қызмет көрсету және толық­қан­ды тұрғын үйге қажетті барлық жағ­дай­ жасалған.

– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қыз­ме­ті қандай бағыт ұстанған? Ведом­ст­воның одан әрі даму перспективалары тура­лы айтып берсеңіз.

– Шекара бөлімшелері үшін, әсіресе шалғай учаскелерде қызметтік тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында шекара заставаларының модульдік кешендерін сатып алу және орнату жалғасады.

Қамтамасыз ету мәселелері бөлігінде энергия үнемдеу технологияларын, бала­малы энергия көздерін енгізуге, ауыз судың автономды көздерін және тұщы­лан­дырғыштарды қосуға баса назар ауда­ры­­латын болады. Алдағы уақытта мем­­лекеттік шекараның Қазақстан – Ре­сей учаскесінде шекара бөлімшелерінің 20 кеше­нін салу жоспарланып отыр.

Кептелістерді барынша азайту мақ­сатын­да және трансұлттық дәліздерді қа­лып­тастыруды ескере отырып, Шекара қызметі мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінің инфрақұрылымын жақсарту, оларды техникалық, автоматтандырылған және сервистік жарақтандыру, шекараны кесіп өтетін адамдар үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін қабылдайды.

Өткізу пунктері инфрақұрылымының тепе-теңдігін сақтау мақсатында 2025 жылға дейін Қазақстан-Ресей шекара­сын­дағы 30 автомобиль өткізу пунктін дамытудың жол картасы бекітілді.

Қазақстан – Қырғызстан учаскесінде 2020-2025 жылдар кезеңінде 7 өткізу пунк­тін қайта жаңарту көзделген. «Қор­дай» өткізу пунктін қайта құру өткен жыл­дың наурыз айында аяқталды.

Осы іс-шараларды іске асыру жақын арада «жылдамдық + тиімді бақылау + қауіпсіздік + жайлылық» қағидаты бо­йын­ша өткізу пунктерін құруға мүм­кін­дік береді.

Бұдан бөлек ресейлік әріптестермен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіп­сіздік комитеті мен Ресей Федера­ция­­сының Федералдық қауіпсіздік қыз­меті арасында Қазақстан-Ресей ше­ка­­расындағы темір жол өткізу пунк­терінде бірлескен бақылау жүргізудің тәр­тібі мен нысандары туралы хаттамаға қол қо­йыл­ды.

Бұл хаттама Қазақстан – Ресей мем­лекеттік шекарасын темір жол көлі­гімен кесіп өту кезіндегі формальды­лық­тарды, бақылау ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл арқылы оның тиімділігін арттыру бойынша прак­ти­ка­лық қадам болып табылады.

Автомобиль өткізу пунктеріндегі бір­лескен бақылау хаттамасының ұқсас жобасы қаралу сатысында.

Таяу болашақта біз жағдайды не­ғұр­лым тиімді бақылауға және оның өзге­руіне әсер етуге мүмкіндік беретін де­рек­терді өңдеу мен басқарудың бір­ың­­ғай автоматтандырылған жүйеле­ріне, интеграцияланған қазіргі заманғы тех­никалық құралдарды жабдықтауға және енгізуге баса назар аударуды жоспарлап отырмыз.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде сенімділігі, экологиялық қа­­уіп­сіздігі, жүріп өтуі және дербестігі жо­­ға­ры 5 және 6 буынды автомобиль тех­никасымен жарақтандыру аяқталады.

Техникалық құралдарды бірыңғай де­рек­терді өңдеу орталығына интеграция­лау негізінде «интеллектуалды» қағи­даты біртіндеп енгізілуде.

Шекараны қорғаудың техникалық құ­рал­дарын жасанды интеллект алго­ритм­дерімен келіп түсетін ақпаратты өңдеумен интеграциялауды көздейтін «Ақылды шекара», «Ақылды шекара бө­лім­­шесі», «Ақылды өткізу пункті» жоба­ла­ры іске асырылуда.

Әзірленген тұжырымдамалардың мәні техникалық құралдарды, оның ішінде шекарашыларда бар құралдарды бірыңғай зияткерлік платформаға біріктіру, сон­дай-ақ олардан алынған ақпаратты өңдеу және талдау үшін жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану болып табылады.

Биылдан бастап шекараны қорғауда пилотсыз ұшу аппараттары қолданылуда, олар өз тиімділігін көрсетті. ҰҰА-ны пайдалана отырып, шекараның құрлықта да, теңіз учаскесінде де заңсыз әрекет­терді анықтауға және уақтылы жолын кесуге болады. Қазіргі заманғы тепловизиялық және бейнебақылау камераларын қолдануға негізделген шекараны қорғауды қашықтықтан бақылау белсенді түрде енгізілуде.

Каспий теңізінде жаңа катерлер мен кемелер, заманауи техникалық бақылау бекеттері пайдалануға қабылданады, бұл су шептерін қорғауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік береді.

Ауқымды жаңғырту барысында Қа­зақ­стан шекарасы бүгіннің өзінде жаңа келбетке ие болды. Әрине, ол «ақылды шекара» ұғымына сәйкес келуі және мем­лекеттік шекарада және шекара кеңістігінде ұлттық қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін барынша мүмкіндіктерге ие болуы үшін әлі де көп нәрсе жасау керек. Ортақ күш-жігерімізбен біз өз мақсатымызға қол жеткіземіз және барлық жоспарды іске асыратынымызға сенемін.

Егемен Қазақстанның қасиетті шекарасын қорғауға сеніп тапсырылған адамдар үшін, сондай-ақ барлық кезеңдегі шекарашы жауынгерлер үшін басты қағида мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік болып қала береді. Шекара қызметінің жеке құрамы Қазақстан Пре­зи­денті мен халқы қоятын талаптарға сай, біздің шекарамызды кез келген қол­сұғу­­шылықтан қорғауда қырағылық, ұс­там­ды­лық, батылдық, табандылық пен ерік танытады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»