Саясат • 19 Тамыз, 2022

Жол картасын жүзеге асыру маңызды

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Берік Бек­жанов, Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына барып, Әл-Фараби аудандық жұмыспен қамту ор­талығының ұжымымен кез­десті. Бұл жөнінде палатаның бас­пасөз қызметі хабарлады.

Жол картасын жүзеге асыру маңызды

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова атап өткендей, аудандық орталықта бүгінде 20 қызметкер қала тұрғындарына қыз­мет көрсетеді. Мегаполис мәртебесін алғалы қаладағы төрт ауданда аудандық жұмыспен қамту орталықтары ашылып, осы бағытта шараларды іске асырып келеді. 

Депутаттар Amanat партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында дайындалған Жол картасын тиімді жүзеге асыру мәселелерін пысықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған тұрғындар туралы кеңінен ақпарат алды.

Б.Бекжановтың айтуынша, орталық еңбек нарығында сұранысқа ие маман­дықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жоғары деңгейде ұйым­дас­тырған.

«Жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар жұмыспен қамтылған. Осыған байланысты еліміздегі жұмыссыз жүрген азаматтарға қолдау көрсетіп, еңбекке араластыратын орталықтардың жұмысын арттыру керек», деді депутат.

Кездесу барысында жол картасында жоспарланған агрокешен аймағын, жылыжай, сондай-ақ студенттерге ар­налған жатақханаларды уақытылы салу мәселелері талқыланды.

Ал Мәжіліс депутаты Тілектес Адам­беков Қарағанды облысындағы Абай шахтасына барып, еңбек ұжы­мымен кездесті. Жиында шахтерлер зейнеткерлік жасты төмендету мен елдегі азық-түлік пен жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне шағымданды. Депутат зейнеткерлік жасты өзгерту мәселесі Үкіметте де, депутаттық корпуста да қаралып жатқанын жеткізді.