Аймақтар • 19 Тамыз, 2022

Шаруаның шағымы: Халықпен кездесулерде мыңнан астам мәселе көтерілген

479 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Соңғы жылдары халықтың, азаматтық топтардың айтқанына құлақ асу еселеп артты деуге болады.

Шаруаның шағымы: Халықпен кездесулерде мыңнан астам мәселе көтерілген

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл басынан бері 200-ден астам кездесу өткізген. Халықпен кездесу кезінде 1 мыңнан астам мәселе көтерілген. Халықты толғандырған жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі бүгінде жүзеге асты. Кей мәселелерді шешуге, яғни заң аясында бюджеттен қаржы бөліп, қарастыру үшін уақыт қажет. Жоғарыда айтып өткеніміздей облыс тұрғындарымен кездесулер және олардың еркін форматта өткізілуі билік пен тұрғындар арасында ашық диалог орнағанының бір белгісі. Ал енді кездесулерде көтерілген мәселелер қалай шешімін табуда? Шаруаны немесе дәрігерді, жалпы ауыл халқын алаңдатқан, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер жергілікті және облыс деңгейіндегі билікке жеткізілді, нәтиже қандай? Саралап көрелік.

Өңір тұрғындары, әсіресе оңтүстік аудандарда көтерілген мыңнан астам мәселенің бірі – ағын суға байланыс­ты. Мысалы, облыс әкімінің Жетісай және Мақтаарал аудандарында өт­кен кездесулерінде тұрғындардан осы ағын суға қатысты көп өтініш түскен. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Жетісайдағы «Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану» өндірістік бөлімшесі екі аудандағы суармалы егістік алқаптарының ирригациялық-мелиоративтік жағдайын жақсарту, жерасты суының деңгейін бір қалыпты жағдайда ұстау, жердің тұздану мөл­шерін азайтумен айналысады. Екі аудандағы 731 тік дренажды ұңғыманың 392-сі Жетісай ауданына қарасты екен. Бүгінде Жетісай ауданында 170 тік дренажды ұңғыма жұмысқа жарамды. Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде мәселе әлі де өзекті. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты өндірістік бөлімшенің есебінде тік дренаждардың 318-і жұмысқа жарамды, ал 42 данасы қайтадан қалпына келтіруді қажет ететіні айтылған. Тік дренажды 360 ұңғыма 72 205,6 гектар суармалы жердің жерасты суларының деңгейін төмендетіп, топырақтың құнарлылығын жақсартады. Мақтаарал ауданы аумағында ПУИД-2 жобасы арқылы 150 дана тік дренаждардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол жұмысқа қосылған жағдайда 45 786 гектар жердің құнарлылығын арттырады. Ал Жетісай ауданы, Асық ата өңіріндегі жобаланған 210 тік дренаж іске қосылған жағдайда 18 008,4 гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Тік дренаждардың жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Жоспар бойын­ша жұ­мыс биыл төртінші тоқсанда бас­талуы керек. К-30 каналы «Достық» республикааралық магистралды каналынан бастау алып, жалпы Жетісай ауданындағы 4 елді мекендегі 13 034 гектар жерді сумен қамтамасыз етуге негізделген. Қазір жұмыстың 59 пайы­зы аяқталыпты. Алайда құрылыс материалдарының құны күрт өсу салдарынан жобаға қосымша қаржы қажеттілігі туындаған. Тапсырыс беруші тарапынан Қаржы министрлігіне толық құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда облыс әкімі ағын су мәселесі мыңдаған тұрғын үшін аса өзекті екенін айта келе, тапсырыс беруші және мердігермен бірге осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды. Мырзашөлдіктер көкейде жүрген сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді қозғаған кездесуде Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданының мәселелерімен жақсы таныс екенін айтты. Қазір облыстың 60 пайызы газдандырылды. Түркістан қаласында газбен қамту еселеп артып, толық қамтылды. Құбырлар салынғанымен 2013 жылдан бері газ таратушы ірі компаниялармен түсініспеушілік болып, газдандыру сая­бырсып тұрған. Бұл мәселені арнайы жеткізген соң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, газ тарату ісі жанданды. 2025 жылға дейін өңірдің 70 пайызы газбен қамтылуы тиіс. Биыл Мақтаарал ауданында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 9 нысанның құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр. Биыл ел игілігіне беріледі. Кездесуде айтылған сөздер жерде қалмайды», деді Ө.Шөкеев.

Кездесуде мақтааралдық көпбалалы ана АӘК алатын отбасылардың балаларына мектеп формасын алу мәселесін көтерді. Өңір басшысы бұл мәселе шұғыл зерделеніп, облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаралып, 52 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы әперіліп жатқанын мәлімдеді. Облыс әкімінің мақтааралдықтармен сәуір айындағы кездесуінен кейін бірқатар мәселе шешімін тапқан. Атап айтсақ, Атакенттегі тік дренаждар ұңғымаларының ескі насостары қуаттылығы жоғары жаңа насостарға ауыстырылды. Игілік ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталған. Биыл тапсырылады. Иіржар ауылдық округі, Алаш елді мекенінің газ құбырларының құрылысы қарқын алды. Иіржар елді мекенінің ауыз су құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ел ұсынысына орай Өркениет елді мекенінде 200 орындық типтік үлгідегі мектептің құрылыс монтаж жұмыстары басталған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 елді мекенде 28 жоба іске асырылуда.

Ал Жетісай ауданында сәуірдегі кездесу мен жеке қабылдау барысында 30-дан аса мәселе көтерілсе, бүгінде оның басым бөлігі өз шешімін тапқан. Жетісай қаласындағы 5 қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру үшін қаржы бөлінді. Ж.Ералиев ауылдық округінің елді мекендерінің ауыз су жүйелері мен су өлшеу шкафтарын, Ғ.Мұратбаев елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы қарастырылып, жұмыс басталып кетті. Жылы су ауылдық округіне қарасты облыстық маңызы бар КХ-9 автомобиль жолының бойынан ұзындығы 1,6 шақырым болатын аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйекте жол тапсырылады. Республикалық бюджеттен Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» газ тарату стансасын (АГТС) салу үшін тиісті қаржы бөлінді. Бүгінде Жетісай ауданында жалпы құны 3,7 млрд теңге болатын 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен бір нысан пайдалануға тапсырылады, 3 нысан 2023 жылға өтпелі. Тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай қаласында 5 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Биыл пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы аумағында 80 гектар жер теліміне инженерлік инфра­құрылым, яғни газ және кәріз жүйесін тарту жұ­мыстары жүргізілуде. Ауданның инже­нерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 3 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталған. Нәтижесінде, Мақталы ауылдық округі, Мақталы елді мекені ауыз сумен қамтамасыз етіледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 жоба іске асырылуда. Ал күні кешегі кездесуде тұрғындар әлеуметтік нысандар салу, АӘК алу, әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытында өтініштерін жеткізді.

Өңірдің аудандарындағы кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған шағым-өтініш, талап-тілектер сөз жүзінде қалмай, осылайша, біртіндеп шешімін табуда.

 

Түркістан облысы