Суретте: Қазығұртта үйлесім тапқан елдік идеясы
Осы шараға қатысуға еліміздің түрлі өңірінен арнайы келген көпшілік сол арада бұл бір халықтың көптен бері көкейінде жүрген, енді міне шешімін тапқан тарихи оқиға болғанын бір ауыздан мақұлдап, ризашылық сезім білдіргеніне куә болдық. Орнымен және мақсатты түрде атқарылған бұл үлкен іске жеткізген жолдың өз тарихы бар екенін көпшілік қауымның біле бермеуі мүмкін. Соған қысқаша тоқталайын.
Өткен ғасырда совет өкіметі орнаған бетте қоғамда саяси-экономикалық, әлеуметтік және басқа өзгерістер енгізумен қатар мәдениет және руханият саласында да белсенді түрде жаңа құндылықтарды орнықтыру ісін қолға алды. Осы арнада біраз іргелі шаруа тындырғанын совет билігі тарих сахнасынан кеткеніне қаншама уақыт болса да, күнделікті өмірде оның іздерімен бетпе-бет келіп жүрміз. Қала, елді мекендердегі көше аттары мен жаңа өмірдің орнығуына еңбегі сіңген тұлғалары қойылған ескерткіштер сол қызметтің көрінісі болса керек. Бүгін сол атқарылған жұмысты түгелдей тарих қоқысына итере салуға ауыз да бармайды, қол да жүрмейді. Бұл, әрине, үлкен, арнайы тоқталуды талап ететін тақырып.
Өзгеріс арнасына түскен қоғам өз талғам-тілегіне сәйкес құндылықтарын анықтайды. Бұл – ілгері ұмтылған өмір заңдылығы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Астанадағы еуразиялық университеттің кіреберіс дәлізіне тарихи тұлға Күлтегіннің құрметіне қойылған мүсіннің жарасымды көшірмесі орнықты. Ресейдің Керман шаһарында (Рязань) жерленген Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхаммед сұлтан мен оның ұстазы, тарихшы Қадырғали бидің жатқан жеріне жаңадан белгі-құлпытас орнатылды. Ұлы ғалым «Тарихи-и Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың Кашмирдегі (Үндістан, Сринагер шаһары) зираты мен құлпытасын 447 жылдан (1550 ж. қаза тапқан) соң тауып, ризалық сезімге бөлендік...
Ұлттың рухани өмірінде кең етек алған осы әрекеттің астарында не жатыр?! Ұлт өмірінің алыста қалған қайталанбайтын жұлдызды сәттерін құр аңсау, сағыну ғана ма? Жоқ, әлде, өткен өмірдің сабақтарына, елдік пен ерліктің үлгілеріне сүйеніп жігер жану, жол іздеу әрекеті ме?
Қалай болғанда да мемлекеттік тәуелсіздік алған бетте қоғам алдында ұлттық руханиятқа жаңа серпін, жаңа өріс беру міндеті тұрды. Ал бұл телегей-теңіздей сан-салалы шаруаны мемлекеттік мекемелер міндетіне артып қоюдың қате ұстаным екенін түсінетін жеке тұлғаларға сұраныс арта түскен мезгіл болатын. Және ондай азаматтардың қоғамдық өмірдің барлық саласынан бой көрсеткені қажет-ақ еді. Халық, ел болған жерде ондай тұлғалар шықпай қоймайтынын өмір ағымы көрсетті. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, ұлттың өткен өміріне қатысты тарихи оқиғалар мен жеке тұлғалардың өнегелі қызметін еске салатын ескерткіштер мен кешенді белгілер неге мемлекеттің астаналық орталықтарымен шектелуге тиісті. Ол ескерткіш белгілер елдің түкпіріндегі ауылдар мен елді мекендерде бой көтеріп, оны көрген сол өңірдің жасөспірімі тарихи тұлғалардың елі үшін атқарған еңбегі мен ерлігі туралы ойланып өскені маңызды болса керек.
Қазығұрт жотасында орын тепкен ғажап саябақ еріксіз осы ойға жетелейді. Осы ретте мынадай жағдайға тоқталуға тура келеді. «Мәңгілік Ел» саябағы көпжылдық ізденістің, шығармашылықтағы ойдың нәтижесі, тіптен қорытындысы десе де болады. Ал оны бастап, логикалық шегіне жеткізген, іскер және ойлы азамат Бекет Тұрғараұлы. Және «Өзі бастап жүргізген істің негізгі ерекшелігі қандай?» деген сауалға жауап іздер болсақ, ол, әрине, осы мақалада біз санамалап өтетін игілікті істердің Бекеттің ұйымдастыруымен іскер тұлғалардың және оның жеке жұмсаған қайырымдылық қаражаты арқылы атқарылғаны еді.
Біз хронологиялық тұрғыдан Бекет пен оның қорының атқарған көпқырлы жұмысының бірнешеуін ғана атап өтелік.
2009 ж. Қыркүйек. Б.Тұрғараұлы өзі қызметте жүрген Солтүстік Қазақстанда «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» аталатын қоғамдық қайырымдылық қор ұйымдастырады. Мақсат қазақ тарихы мен оның рухани өмірінде өз орны бар Қызылжар өңірінің шежірелі бай өткенін қайта жаңғырту еді. Бекең бұл іргелі шаруаны атақты Тоқсан бидің зиратының басына кесене тұрғызып, сол жердегі елді мекенге бабаның есімін бергізу ісін ұйымдастырудан бастайды. Қордың жемісті қызметі әсіресе «Елім-ай» жырының авторы Қожаберген жырау Толыбайұлының есімін жаңғырту ісінде анық байқалады. Жыраудың шығармашылық мұрасы Бекеңнің тікелей қолдауымен бірнеше кітап түрінде жарық көріп, туған жері Пресновка ауылының орталық алаңына ескерткіш-мүсіні орнатылып, сондағы қазақ орта мектебіне оның есімі берілді. Қордың тікелей атсалысуымен Шал ақын мен академик Евней Букетовтің туған жерінде ескерткіш бюстері қойылды.
Б.Тұрғараұлы Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күніне орай өзі туып-өскен Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылында «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, майданнан оралмаған 384 боздақтың, соғыстан аман оралып дүниеден өткен 190 ардагердің аты-жөнін мрамор тасқа ойып жаздырып, ескерткіш-монумент пен тағзым сағанасын тұрғызады. Қор осы кешеннің маңынан бөлінген 10 гектар жерге жастар саябағын абаттандыру ісіне атсалысып, 6 мың түп түрлі ағаш отырғызып, жарық орнатып, тротуар жүргізіп, гранит тасқа Абайдың қарасөздерін ойып жаздырды.
Осы жылы Бекет басқаратын қордың қолдауымен Сайрам қаласын қалмақ шабуылынан қорғау ісінде ерлігімен танылған даңқты батыр Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдаяқтың құрметіне Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы стадион түбіне ескерткіш бой көтерді.
2017 жыл. Тамыз. Ұлттың тарихи жадының жаңғыруының айшықты көрінісі Орбұлақ шайқасына (1643 ж.) қатысқан сарбаздармен олардың басшыларына деген ықыласынан анық байқалды. Б.Тұрғараұлы осы ретте Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына орай Қазақстан үкіметінің қаулысына (1993 ж. 7 маусым), жазушы Б.Нұржекеұлының осы тақырыпқа байланысты белсенді қызметіне қолдау көрсетіп, алдымен Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлаудағы Орбұлақ шайқасында мерт болған сарбаздар байыздап жатқан қорымды қоршатып, оған белгі құлпытас қою ісіне мұрындық болды.
2018 ж. Сәуір. Б.Тұрғараұлының басшылығымен және ол басқаратын қордың қаржылай қолдауымен Шымкент-Ташкент күре жолының бойында «Бабалар рухына тағзым» кешенінің маңындағы «Мәңгілік ел» саябағының алдында Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған еңселі ескерткішпен «Батыр Бабалар» мемориалдық кешені бой көтерген.
2019 жылы 27 сәуірде «Мәңгілік ел» және «Бабаларға тағзым» саябағында «Ұлттың ұлы билері, ұлы дала даналары» атты Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге арналған сәулетті ескерткіш орнатылды. Сәулетшінің орындау шеберлігімен қатар тарихи тұлғалардың «Жеті жарғы» заңын жазғанынан мол мәлімет беретін «Жеті жарғы» заңының да кітап бейнесі, билердің сөз сөйлеуге ұсыныс белгісі – «Қамшысы» да алдарына гранит таспен бейнеленіп қойылып, өткен тарихтың өнегесін көрсете білгені де өте орынды болған.
Саябақ ішіне аталған жәдігерлерден басқа да тарихи маңызы терең «Киелілер кесенесі» этноауыл көріністері бой түзегені саябақ ішіне көрік беріп, келушілер қызығатындай дүние тұрғызылған.
Кешенді жобаның концептуалдық мазмұн-мақсатын анықтап, ұйымдастыру жұмысын жүргізген Бекет Тұрғараұлы, сәулетшілік қызметін атқарған скульпторлар – Ескен Сергебаев, Александр Бурганов және Самат Бөкебай.
«Мәңгілік Ел» жобасы Алаш ұстанымындағы заңгер-ғалым Бекет Тұрғараұлының көпжылдық ізденісінің қорытынды сәті десе де болады. Ол жобаның концептуалдық ұстанымына байланысты «Халқымыз жүріп өткен тарихи жолдың ауыртпалығын кейінгі ұрпақ есінен шығармаса екен, аға буындардың бізге қалдырған мұрасын бағалай білсе екен деген тілекті басшылыққа алдық» деген оймен түйіндейді.
Тәуелсіздіктің жинақы көрінісіндей әсерде қалдыратын бұл аяқталған жұмыс еліміздің мемлекеттік сыйлығына лайық екені күмән тудырмаса керек.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
академик