1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарған Ғали Орманов ұлы тұлғаның әрбір кездесуі мен сапары, шығармашылығы жайлы деректерді күн сайын хатқа түсіріп отырған. Жыр алыбының ел мен жерге деген аса жоғары сүйіспеншілігі мен үнемі халыққа қолұшын созып, әрбір сәтте жанынан табылуға асығатын ұлтжанды қасиетін де осы күнделік арқылы терең тануға болады.
Осы орайда 1939 жылдың 18 қаңтарынан бастап жазылған күнделіктің кейбір тұстарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«20./ІІ. 20 күні кешке таман Жамбыл ауданы Қызыл әскер колхозының бастығы Едилов пен колхоздың завхозы Үсенов қарт келіп, Жамбылмен амандасып, қалжыңдап күліп отырып, Жамбыл Үсенов қартқа қанша малың бар деп сұрақ қойды. Тұрсымбет Үсенов 40 бас қой, 15-16 ірі қарам бар. Өзіңізде қанша бар? – деп күлісті. Жамбыл бұлармен колхозшылардың жағдайы жайында кең түрде әңгімелесіп, көңілді отырды.
17/ІІ. күні атпенен Қарақастектегі детдомға барып қайтты.
13./III. Жамбыл Тәжібай деген таныс шалдікіне барды. Көңілденіп, домбыраны бірер қағып жіберді.
Жасымнан атым аян Жамбыл едім,
Сүрінбес қара өлеңге даңғыл едім.
Самғасам сары түнге шалдықпайтын
Қақырап қайран дауысым қалды менің.
Шалқыған аспан-көкке қайран әнім,
Кіргізген талай жерде тойдың әрін.
А десем ауызымнан бытырайды,
Шіркінге не болғанын біле алмадым.
Тәжібай, саған қалай менің мұңым.
Бұл сенен бір сұраған нағыз сырым.
Әнді алған көмейімнен сыңғырлаған,
Кінәлі бәлкім, бұған кәрілігім.
Жамбыл кешкісін ауылда болды.
12./II. Жамбылға саятқа шығып келгенімді айттым.
– Кекілік көп. Жер қара. Көрмейсіз. Бұғып қалады, дәл аяғымның астынан дүр етіп ұшқанын бір-ақ білесіз.... Бір сауысқан аттым. Оғым таусылып қалды.
Сонша кекіліктен бір атпағаның келіспеген екен! – деп Жамбыл күледі де, сәлден соң былай деді:
Кекілік ұшып дүр етті.
Ғали шошып дір етті
Артынан бір сауысқан
Оқтың бәрін тауысқан.
Қарын ашып қалжырап,
Екі иығы салбырап
Кешке ауылға құр жетті.
19/XI. Доктор Барлыбаев келді. Қар жауған. Доктор келіп амандасқанда: Жәкең оның қолын алып тұрып:
Жүрек неге соғады өрге қарап,
Жағар-жақпас сүймеймін
ішкен тамақ,
Байдан сауған кедейдің сауынындай
Барлыбаев отырмыз оған қарап,
– деген секілді әр күнгі оқиғалар тізбектелген. Біз күнделік қалай жазылған, дәл солай сіздерге ұсынып отырмыз.
Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының айтуынша, күнделік 1939 жылы жазылған. Ол еңбекті латын әліпбиінен қазақшаға аударған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми қызметкері Әділәлі Жабықбайұлына алғысын білдірді.
«Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделіктен кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл Жабаевқа кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген мәлімет көрсетілген. Күнделік еш жерде жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», дейді А.Қырықбайұлы.
Биыл өтетін Ғали Ормановтың 115 жылдық мерейтойы аясында 60 жыл бұрын қазақ тіліне аударған Ресейдің жазушысы, кемеңгер, ойшыл Лев Толстойдың әйгілі трагедиялық «Анна Каренина» романының 2 томдығы Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Мазмұндама» (қоғамдық қоры) баспасынан жарық көреді.
Жамбыл Жабаев жайлы деректерді жанында жүріп хатқа түсіріп отырған Ғали Орманов Жетісу өлкесінде, қазіргі Жетісу облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Ол – қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың 20-жылының соңғы ширегінде келген, орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да үлес қосқан. Көптеген өлең жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы.
Жетісу облысы