Қазақстан • 21 Тамыз, 2022

Сапта – дес бермейтін десантшылар

1188 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әңгімеміз – әскерден алған әсер. Кабинетте отырғаннан гөрі әскери тех­никаның кабинасында отырып сия төккен тәуір деп шештік. Сөйтіп, елорданың шетінде орналасқан Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құра­мын­дағы 68665 десанттық-шабуылдаушы әскери бөлімін бетке алдық. Сарбаз­дардың бір күндік өмірімен танысып, бір жылдық ғұмырының мәнісіне үңілдік.

Сапта – дес бермейтін десантшылар

Қарулы Күштердің элитасы

Бұл жақтың аурасы бөлек болатынын бармай жатып сезгенбіз. Өткізу беке­ті­нен өте бере еңсеміз көтеріліп, бойымызды патриоттық рух кернеді. Әскери тех­никалардың макетін көргенде ұлан-ғайыр атырапты қасық қаны қалғанша қор­ғап қалған батыр бабалардың батыл бей­несі көз алдымызға келді. Сап түзеген сар­баздар алдымыздан шыққанда елдің ер­те­ңіне нық сеніммен қарадық. Қаламды қаруға ауыстырып көріп едік, салмағынан-ақ сарбаздардың салмақты өмірге қадам басқанын сезіне түстік.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Ел тыныштығын Құрлық әскерлері, Әуе қор­ға­нысы және Әскери-теңіз күштері сияқты алып құрылымның сарбаздары кірпік қақ­пай күзетіп жүргені белгілі. Біз ат басын бұр­ған 68665 десанттық-шабуылдаушы әс­кери бөлімі Құрлық әскерлерінің ­құ­ра­­мын­да. Аталған бөлім командирі­нің тәрбие және идеологиялық жұмыс­тар жө­нін­дегі орынбасары-бөлім бастығы, под­полковник Талғат Құлмановтың ай­туынша, әскери бөлім 2003 жылы құрыл­ған. Әу баста жеке десанттық-ша­буыл­даушы батальоны мәртебесі беріл­генімен кейіннен штаттық өзгерістер орын алып, десанттық-шабуылдаушы брига­дасы бо­лып аталыпты. Яғни ауқымы ке­ңейе түскен. Әскери саладан хабары аз жан­дар біле бермеуі мүмкін, бұл әскер Қа­рулы Күштердің элитасы болып табылады. Жоғарғы Бас қолбасшының резерві са­налады. Нұр-Сұлтан қаласындағы қо­ғам­дық тәртіпті қамтамасыз етіп, бей­біт және соғыс жағдайында қауіп төн­ген аймақтарға шұғыл жетуге және кенет­тен туындаған тапсырмаларды орын­дауға жұмылдырылады. Шекараға жа­қын ор­наласқан әскерлерге көмек көрсе­тіледі. Бітімгершілік операция­лары­на қатысу миссиясы тағы бар. Мұн­дағы Құрмет қарауылы ротасы сар­баздары елімізге сапарлап келген мем­лекеттердің президентін, өзге де құр­мет­ті меймандарды күтіп алу сияқты ресми іс-шаралардың басы-қасында жү­ре­ді. Ал осындай маңызды міндеттерді мүл­тік­сіз орындап келе жатқан десанттық-ша­буыл­дау­шы бригадасының қатарынан табылу – сарбаздарға үлкен абырой!

о

Талапқа сай сайыпқырандар

Десанттық-шабуылдаушы бригада­сы­ның сарбазы болу бақыты екінің біріне бұйыра бермейді. Талаптары жоғары. Мұны бойы биік, денесі мығым, сапта түп-түзу тұрған сарбаздарды көргенде аңғардық. Сен тұр, мен атайын деп тұрған кілең білекті жігіттер.

Талғат Құлмановтың айтуынша, сар­баз әскери бөлімнің табалдырығын аттамас бұрын өз туған жерінде жіті меди­циналық тексерістен өтеді. Кейін психо­логиялық бағыттағы жұмыстар жүргізі­леді. Десанттық-шабуылдаушы бригадасы қатарынан табылу үшін әскерге шақырылушының бойы 175 сантиметрден жоғары, дене салмағының индексі 18,5 кг/м жоғары болуы керек. Спортқа икемді, жүйке жүйесі қалыпты жігіттер іріктеуден іркіл­мей өтетінін атап өткен жөн. Кейін ант қабылдамастан бұрын әскери бөлімге әр жерден жиналған жігіттермен бір ай тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ант қабыл­даған соң, мамандық бойынша дайындық жұмыстары басталады. Сол мамандық бойынша бір жыл бойы білімін жетілдіріп, шымырлығын арттыра түспек.

– Күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқанын есепке алсақ, жыл сайын біздің бөлімге 400-ге жуық сарбаз қатарға қосы­лады. Әр жылдары әр өңірдің жігіттері сапқа тұрады. Мәселен, былтыр мерзімді әскери борышын өтеушілер Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарынан шақырылды. Оған дейін Қостанай облысы, Алматы және Шымкент қалаларының өрендері ант қабылдаған болатын. Мерзім­ді әскери борышын өтеушілерден бөлек, келісімшарт негізінде еңбек етіп жүрген әскери қызметшілер бар. Былтыр әскер қатарын толықтырғандар осы жылдың қараша айында туған жеріне оралады. Десе де, келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға ниет білдіргендер аз емес. Жыл сайын сарбаздардың шамамен 15-20 пайызы осында қалады, – дейді Т.Құлманов.

Жоғарыда Құрмет қарауылы ротасы жайлы жаздық. Одан бөлек, десанттық-шабуылдаушы бригадасы құрамында «Ал­даспан» батальоны, минаатқыш батареясы, «Қалқан» арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы батальоны, әуеге қарсы қорғаныс батареясы, танкі­шілер ротасы бар. Атауларына қарап, сарбаздар сол бағытта ғана маманданған деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Шын мәнінде кез келген ротаның сарбазы парашюттен секіріп, техника мен қарудың кез келген түрін қолдануға машықтанған. «Сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, пулеметші де – өзі, мерген де, барлаушы да – бір өзі.

Парашют дегенге елең ете қалғаныңыз анық. Себебі биіктіктен секіру оңай емес. Сарбаздар болса 850 метр биіктіктен секі­реді. Әрине, оған дейін арнайы дайын­дықтан өтеді, денсаулығы жіті тексеріледі. Әр сарбаз жылына кем дегенде 3 рет биіктіктен секіретін көрінеді. «Әр секірген сайын қорқыныш жоғалмайды. Сол үрейді жеңу үшін шынығамыз. Өміріңнің қауіпсіздігі өз қолыңда. Парашютті дұрыс жинай білу де аса маңызды. Қателік жіберуге болмайды», дейді сарбаздар.

ш

Жалтарғандарға жауап

Соңғы уақытта әскери бөлімдерде сарбаз өлімі жиілеп кеткені белгілі. Жаза­тайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсағандар көп. Жұртшылықты алаң­дататыны да сол. Бейбіт күнде ұл­дары­нан айырылу кез келген ата-анаға оңай емес, әрине. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент ке­леңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әс­кери қызметшілер арасындағы заңсыздық­тарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.

Тоқетері сол, әңгіменің төркіні әлім­жет­тік­ке келіп тіреледі. 68665 десанттық-ша­буылдаушы әскери бөліміне ат басын бұрғанда да сол түйткіл мазалай берді. Әскери бөлім бастығына да сұрақты турасынан қойдық. Әскерде әлімжеттік бар ма? «Бар» деген жауапты күтпесек те, бас­шылық әскердегі ахуалды баяндап берді.

– Бұл жерде бір уақытта мерзімді әскерге шақырылғандар ғана жүр. Бы­лайша айтқанда, әлімжеттік көрсететін адам да жоқ. Келісімшарт негізінде жүргендердің жасы олардан әжептәуір үлкен. Бөлек казармада жатады. Қысқасы, өз араларында кикілжің туындамаса, ешкім қысым жасап, сес көрсетпейді. Соңғы кезде кейбір әскери бөлімде болып жатқан қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында әр сарбазбен психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Сарбазды шымыр етіп шынықтыру бір бөлек, тәрбиелік, құқықтық бағыттағы сабақтар да өткі­зіле­ді. Әр сабақты, психологиялық әңгіме­лерді өз саласының білгір мамандары жүргізеді. Жарғыдан тыс қарым-қа­ты­насты болдырмауға тырысамыз. Қай жер­де жауынгерлік даярлық жақсы ұйым­дастырылса, сол жерде әскери тәртіп бұ­зылмайды, – дейді Талғат Құлманов.

Сарбаздың бір күндік кестесін жіп­ке тізіп керек емес шығар. Анығы сол, мұндағы әр уақыт бағалы әрі мақсатты жұмсалады. Сарбаздың әскери өмірі таң­нан тұра сала жүгіріп, сабақ оқумен шектелмейді. Әскерден жалтарғандардың көбі солай елестететіндей көрінеді. Мұнда бос уақытта кітап, газет-журнал оқып, теледидар көріп, музыкалық аспаптарда ойнауға жағдай жасалған. Казарманың жанына шағын футбол алаңы салыныпты. Арнайы спорт залы да бар. Сарбаздар жыл бойы әскери бөлімдер арасында ұйымдастырылатын түрлі спорттық сайыстарға қатысады. Өнерпаз сарбаздар мереке сайын, жалғыз мейрам күндері ғана емес, айына бір рет концерт ұйымдастырады екен.

Талғат Құлмановтың айтуынша, әр сарбаздың ата-анасымен кері байланыс орна­тылған. Олар үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, әскердегі өмірді көрсету дәстүрі қалыптасқан. Әс­кери бөлім бастықтарының ұялы телефон нөмірі ата-аналарға берілген. Кез келген уақытта байланысып, баласының жағдайын сұрауға мүмкіндік бар. Ұялы телефон демекші, сарбаздарға аптасына екі рет (сенбі-жексенбі) ағайын-туыс­пен хабарласуға болады. Айтпақшы, сарбаздарға жақсы тәртібі үшін 10 күнге (жол­ға кеткен күндер есепке алынбай­ды) демалыс беріледі. Әр аптаның қоры­тындысы бойынша үздік нәтиже көр­сеткен сарбаздар бір күнге сейілдеуге босатылатынын да атап өткен жөн.

Сарбаздардың ас мәзірі көпшілікті қызықтыратыны анық. Бізге сарбаздармен бірге түскі ас ішу сәті түсті. Асханадағы тамақтар молынан үлестіріледі екен. Кейбір отбасылардың дастарханынан жиі табыла бермейтін салат та, же­міс те бар. Витаминдер де таратылады. Тал­ғат Құлмановтың айтуынша, басқа-басқа де­санттық-шабуылдаушы әскери бөлімі­­нің ас мәзіріне ерекше мән берілетін көріне­ді. Себебі мұндағы жауынгерлік дайын­дықтың қарқыны жоғары. Сәйкесінше, күш көп жұмсалған сайын ас мөлшері де молынан үлестірілмек.

гшо

Үлкен өмір баспалдағы

Аталған әскери бөлімнің жетістіктері аз емес. Еліміздің кез келген аймағында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарына қатысу өз алдына халықаралық армия ойындарында бақ сынап, үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, 2020 жылы Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған жауынгерлік сайыста «Үздік бригада» атағын жеңіп алған. Ол іс-шараға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқанын атап өткен жөн. Елімізде өткізілетін жауынгерлік сайыстарда да әрдайым үздік үштіктің қатарынан табылады. Білім беру мекемелерінде ұйымдастырылатын патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шараларға белсен­ді атсалысып, жастардың рухты болып өсуіне үлес қосып келеді.

Әскердегі мән-жайды басшылар­дың аузынан ғана естімей, сарбаздарды да әңгімеге тарттық. Қатардағы жауын­гер Арсен Ошанов әскерге Ал­маты об­лысының Талғар ауданынан шақы­ры­лыпты. «Көзді ашып-жұмғанша туған жерге оралатын уақыт та таяп қалды. Жан қалауымен келгендіктен еш өкінбей­мін. Көп нәрсені үйрендім. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Әскерге дейін аспаз мамандығын оқып жатқан едім. Әрине, қасық ұстау мен қару ұстау­дың айырмашылығы – жер мен көктей. Әскерден оралған соң мамандығым бо­йынша еңбек етіп, елімнің дамуына үле­сімді қосқым келеді», дейді ол.

Иван Староселец Қарағанды қала­сы­нан шақыртылыпты. Кішкентай кезімде әскери киім киюге құмар болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде десанттың формасын киіп жүрдім. Ал­ғашқы әскери пәні мұғалімі «Елордаға ДШБ қатарына қосыласың» деп айтып жүруші еді. Мінекей, қазір еліміздегі ең үздік әскери бөлімдердің бірінде борышымды өтеп жатырмын. Замандастарыма әскерден қашпауға кеңес беремін. Үлкен өмірдің баспалдағы әскерден басталатынына көзім жетті», дейді сарбаз.

Келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген сержант Бекзат Пайзмаханов – Жамбыл облысының тумасы. 2016-2017 жылдары осы бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп, 2017 жылдан бастап келісімшарт негізінде қызметін жал­ғас­тырып жатыр. Бүгінде взвод сержанты. «Мұнда келісімшарт негізінде қызмет етіп жүргендерге барлық жағдай жасал­ған. Бөлімнің дәл түбінде орналасқан әскери қалашықта тұрамыз. Отбасының әр мүшесіне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Балаларды тегін үйірмеге беру мүмкіндігі қарастырылған. Өзге де артықшылықтары мол. Мемлекет барынша қамқорлық танытып келеді. Біз де Отанымызды аянбай қорғауға күш саламыз!», дейді Бекзат.

Әскери бөлімде бір күнімізді өткі­зіп, ерекше әсермен оралдық. Иә, дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге мін­детті. Келешектің тұтқасы болар ер азамат­тарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуел­сіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жас­тарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды бол­ғаны жарасымды емес пе?!

о