Әлем • 21 Тамыз, 2022

Қымбатшылық қайда апарады?

1994 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлыбритания, АҚШ және Канадаға қоныс аударушылардың қатары қалыңдамаса, азайған жоқ. Мұны соңғы жылдары осы елдерге көшіп кеткен қазақстандықтардың санынан да аңғаруға болады. Алайда сарапшылар аталған елдердегі қымбатшылық реттелмесе, мигранттар мен туристердің қатары азаюы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені бұл елдердегі инфляция деңгейі айтарлықтай өскен.

Қымбатшылық қайда апарады?

Ұлыбританияда инфля­ция соңғы 40 жылда ең жоғары деңгейге жетті. Нарық­ты қымбатшылық жайлады. Бірін­ші кезекте электр энергиясы мен азық-түлік бағасы күрт өскен. Жарық құны бір жылда 50 пайызға көтерілсе, газ бағасы 2 есеге қымбаттаған.

Негізі Ұлыбританияда баға тұрақсыздығы өте сирек кез­десетін жағдай. Соңғы 70 жыл ішінде ел үш мәрте баға тұрақсыздығын басынан кешкен, 1950 жылдардың басын­дағы Корей соғысы кезінде және 1970 жылдардың ортасы мен аяғындағы екі мұнай дағ­дарысынан кейінгі жылдары. Сондай-ақ Falklands (Фолкленд) соғысына дейінгі 40 жыл ішінде инфляция 10 пайыздан жоғары көтерілген жоқ, алайда әлемдік пан­демиядан соң өмір сүру құны­на қысым күшейе түсті.

Ұлттық статистика бас­қар­масы (ONS) бағаның өсуі бар­лық салада дерлік бай­қалғанын айтады. Азық-түлік бағасы, әсіресе қатты өсті, сон­дай-ақ киім мен аяқкиім, мейрамханалар мен қонақүйлер, демалыс пен мәдениет орындары қызметінің құны да ша­рықтады. «Зауыттан шыққан тауарлардың бағасы өткен бір жылмен салыстырғанда 17 па­йызға өскен, бұл 45 жылдағы ең жоғары көрсеткіш», дейді қар­жы саласының мамандары.

Дегенмен Тұманды Аль­биондағы мұнай бағасы төмен, бұл баяу болса да, қазіргі ас­пандап тұрған автокөлік жүр­гізушілерінің бензин мен дизельге төлейтін бағасына әсер етеді деген пікірде қаржыгерлер. Қымбатшылыққа қарамастан, инфляцияның жылдық қарқыны әлі өзінің шыңына жеткен жоқ. Ұлыбритания банкінің болжамынша, қазан айындағы инфляция 13,2 пайызға жетуі мүмкін. Бүгінде азық-түлік, жанар-жағармай, алкоголь және темекіні есептемегенде инфляция шілдеде 6,2%-ды құрады, мау­сымда 5,8%-ға жеткен болатын. Ал нарықтағы баға мен жал­ақы арасындағы тұрақты алшақ­тық сауда-саттықтың тұралап қалуына әкеп соғуда. Халықтың табысы 3 пайызға азайған.

Ал Ұлыбритания банкінің төрағасы Эндрю Бэйли инфляция кезінде еңбек адамдары жалақы көтеруді сұраудан бас тартуы қажет екенін айтады. «Егер барлығы инфляцияны жеңуге тырысса, керісінше ол төмендемейді, тек нашарлай береді», деді ол BBC Radio 4-тің Today бағдарламасына берген сұхбатында. Біріккен Корольдікте теміржол мен авиациядан бастап пошта мен телекоммуникацияға дейінгі салалардағы қызметкерлер ереуілге де шықты. Өйткені құбылмалы баға нарығында өмір сүру кедейлердің жағ­дайын одан әрі нашарлата түсті. Эндрю Бэйлидің айтуынша, елде соңғы екі жылда жұмыс күші қысқарған. «Мен ел бо­йынша көп саяхаттаймын. Кәсіп­керлікпен айналысамын. Елдегі ком­паниялар бірінші кезекте адам­дарды жалдау кезінде кездесе­тін қиындықтар туралы сұ­райды. Өйткені әрбір меке­ме жұмысшылардың тұрақ­сыз­дығына тап болып жатыр. Жалақы өспейтін жерлерде адам тұрақтамайды. Алайда тұрғын­дар мұның қаржы саясаты екенін түсінбейді», деді банк төрағасы.

Сондай-ақ Қаржылық зерттеулер институтының директоры Пол Джонсонның айтуынша, келесі премьер-министр үй шаруашылығын және NHS сияқты негізгі қызметтерді қолдауға миллиардтаған қаражат жинауы керек. «Күзде болатын он үш пайыздық инфляция мемлекеттің қаржысына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан билікке үй шаруашылығын қолдау үшін тағы да миллиардтаған ақша табу керек болады», деді ол.

Канадада да баға тұ­рақ­сыздығының көрсеткіші өсіп барады. Шілде айымен салыс­тырған­да тамызда азық-түлік бағасы 9,9 пайызға артқан. Статистика агенттігі таратқан ақпарат бо­йынша мұндай көрсеткіш соңғы 41 жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір канадалық билік пен қаржы орталықтары дағдарысты еңсеру үшін түрлі іс-шараларды қолға алды. Мәселен, «Richmond азық-түлік банкі» тұрғындарға тегін тамақ үлесті­ретінін мәлімдеді. Тегін тамақ, алды­мен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға, атап айтсақ, қарттарға, балалар мен елге жаңадан қоныстанып жат­қан мигранттарға беріледі. Соны­мен қатар елде жанар-жағар­май мен пәтер жалдау құны да өскен. «Жыл басынан бері қызмет көрсету құны 19 пайызға көтерілді. Инфля­цияға қарсы іс-шаралар тізбегін бекітіп жатырмыз. Өйткені баға тұрақсыздығының кесірін халық қазірден бастап көріп жатыр, әсіресе жалақысыз отыр­ғандар қиналуда», деді «Richmond азық-түлік банкінің» атқарушы директоры Хажира Хусейн.