Қоғам • 23 Тамыз, 2022

Anydesk және Teamviewer-ті жүктемеңіз

236 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция бас­қар­масының басшысы Қуатбек Науатов Өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тін­де өткен брифингте қала тұрғындарын интернет-алаяқтардан абай болуға шақырды. Цифрлы технологиялар қарыштап жатқан дәуірде азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізу алаяқтар үшін қиындық туғызбайды. Осы орайда сақтық шаралары туралы хабардар еткен ведомство басшысы алаяқтар жиі қолданатын әдіс-тәсілдерден хабардар етті.

Anydesk және Teamviewer-ті жүктемеңіз

Криминалдық полиция басқар­ма­сы­ның деректері бойынша, жыл басынан бері қалада 1560 интернет-алаяқтық фак­тісі тіркелген. Соңғы 5 жыл ішін­де­гі мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы қалада – 90, 2018 жылы – 142, 2019 жылы – 666, 2020 жылы – 1677, өткен жылы 3398 интернет-алаяқтық тіркелген. Ал мұндай қыл­мыс түрлерін ашу 4,3 есе өскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда қылмыс саны 34,6 па­йыз­ға азайған. Қуатбек На­уа­­товтың айтуынша, осы жылдың 7 айында мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші 30 пайызға артып отыр. «Интернет саласындағы қылмыстар санының азаюына тәртіп сақшылары жүргізетін профилактикалық жұмыстар ықпал етуде. Ведомствоның жедел қызмет­кер­лері мен баспасөз қызметі тарат­қан хабарламалар, алаяқтардың қыл­мыс­тық сызбалары туралы бейнебаян, ақпараттар орталық көшелер мен кинотеатрлардың электронды билбордтарында орналастырылған», дейді басқарма басшысы. Департамент өкілі қала тұрғындарын сақ болуға шақы­ра отырып, бейтаныс адамдардың өті­ніші бойынша Anydesk және Teamviewer сынды қашықтан кіру бағ­­дар­­­­­л­амаларын орнатпауды ескертті. Бұл бағдарламалар алаяқтарға телефон кітап­шасына, мобильді банк­тер­ге және гаджеттің жадында сақ­тал­ған басқа жеке мәліметтерге толық қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал­дау­дың танымал тәсілдерінің бірі – өздерін банктің қауіпсіздік қыз­меткері ретінде таныстыратын қо­ңы­рау­лар. Жәбірленушілермен әңгіме ба­рысында олар өздерінің шоттарынан күдікті транзакциялар жасалып, жаңылыстырылғанын айтады. Жәбірленушілерден ақша қаражатын үнемдеу мақсатында ұялы телефонына Anydesk немесе Teamviewer қосымшаларын жүктеуді сұрайды. Бұл бағдарламалар смартфонға және сәйкесінше мобильді банкинг қосым­ша­сына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде алаяқтар жалған шоттарға заңсыз транзакциялар жүргізеді. Бұл – алаяқтардың жиі қол­данатын әдісі. Осы әдіс бойынша әрекет еткен 461 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Мұндай жағдайда Қуатбек Науатов дереу полицияға хабарласуды, сонымен бірге барлық хат-хабарды сақ­тау­ды, экранның скриншотын тү­сіруді (кейбір мессенджерлерде қыл­мыс­кер­лер барлық диалогті өздері жоя алады), банкомат немесе ақша салу терминалын қолданғанда чек­терді сақтау қа­жет­­тігін ескертті. Қ.Науатовтың ай­туын­ша, интернеттегі алаяқ­тықты әш­­­­керелеу және тергеу қиын. Өйткені ол трансшекаралық сипатқа ие, яғни жәбірленуші бір аймақта, ал қыл­мыс­кер басқа елде отыруы мүмкін. Мұндай тәсілдерде әртүрлі банк шоттары, пластикалық карталар, үшінші тұлғаларға ресімделген абоненттік нөмірлер пайдаланылып, қолма-қол ақшаға айналдыру жалған тұлғалар арқылы іске асады. Olx.kz, Kolesa.kz, Krisha.kz, Market.kz, Instagram.com және Vkontakte.com әлеу­меттік желілер интернет-алаяқтық кең тараған платформалар болып табы­ла­ды.

Сондықтан онлайн-қызметтерді пайдалану және интернет арқылы тауарларды сатып алу кезінде абай болу қажет. Жеке банк карталары, жеке бас­қа қатысты деректерді берудің қа­жеті жоқ. Сондай-ақ интернеттен сатып алынған өнімге алдын ала төлем жүр­гіз­бестен бұрын интернет дүкен жайлы ақпаратты тексеріп алған жөн.

 

АЛМАТЫ