Технология • 23 Тамыз, 2022

Фармацевтикалық компаниялар дәрілік заттарды цифрлық таңбалауға дайын

6676 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанда дәрілік заттардың міндетті цифрлық таңбалануы енгізіле бастады. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрілік заттарды цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі. Биыл бірінші кезең басталды, 2023 жылдың соңына дейін фармацевтикалық нарықтың барлық кезеңінен өту жоспарлануда.

Фармацевтикалық компаниялар дәрілік заттарды цифрлық таңбалауға дайын

Отандық өндірушілер дәрілік заттарды таңбалауға дайындық жұ­мыстарын жүргізуде. Өндіру­ші­лер таңбалау кодтарын қаптамада немесе жапсырма арқылы тіке­лей қолдану үшін өндірістік қуат­тылыққа байланысты сериялау және біріктіру үшін жабдықты сатып алады.

Мысалы, «Химфарм» АҚ (SANTO сауда белгісі) Қазақ­стан­дағы ең ірі фармацевтикалық компания әрі Орталық және Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия нарықтарында жұмыс істей­тін Polpharma халықаралық фар­мацевтикалық тобының бөлігі болып табылады. SANTO зауыттары дәрі-дәрмектің 240 түрін шығарады. Компания өкілі Шымкенттегі өн­­діріс орындарында міндетті таң­­балаудың қалай енгізіліп жат­қа­ны туралы айтып берді:

«Таңбалау контрафактілік өнім­дерді шығару және дәріха­наларға түсу мүмкіндігін азайтады. Қанатқақты жоба аясында біз әртүрлі дозалары бар бірнеше дәріні таңдадық. Пилоттық тәжірибе өте сәтті өтті», деді Химфарм инвести­циялық және операциялық жобалар бөлімінің басшысы Сефи Караев.

Қазіргі уақытта «Химфарм» АҚ таңбалаған дәрілік заттары Ресейге экспортталады, өйткені Ре­сей Федерациясының үкіметі 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалауды енгізді.

Бірыңғай оператор («Қазақ­телеком» АҚ) шығарған барлық таңбалау коды бірегей болып табылады. Міндетті таңбалауға жататын дәрілерде DataMatrix болмауы олардың заңсыз екенін білдіреді.

Цифрлық таңбалау бизнес үшін де тиімді: нарықты ақтау барлық қатысушыға тең бәсекелестік жағ­дайын, адал атын қорғауды және пайданың өсуін қамтамасыз етеді, бизнес-интеллект сапасын жақ­сар­туға, өндірістік процестерді оң­тай­ландыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Экономиканы цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін на­рықтың ашықтығы мемлекеттік ба­қылау мен салық төлемдерін жи­наудың тиімділігін арттырады.

Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Naqty Onim қосымшасы әзірленді, оның көмегімен пайдаланушы өнімді сатып алар алдында оның барлық техникалық регламентке сәйкес жасалған-жасалмағанын тексере алады. Таңбалау кодын сканерлеу арқылы сіз өнім туралы барлық ақпаратпен таныса аласыз. Қосымша PlayMarket және AppStore дүкендерінде қолжетімді.

Өнім соңғы тұтынушыға сатыл­ғаннан кейін код жүйеден жойылады. Сондықтан егер бағдарлама «өнім қабылданбады» деп шы­ғарса, бұл біреудің жапсырманы қолдан жасауға әрекеттенгенін білдіреді. Мұндай жағдайға тап болған тұты­нушы өтініш арқылы шағым түсіре алады, содан кейін ақпарат https://eotinish.kz/ интернет-ресурсына бағытталады. Шағым техникалық себептерге қатысты болса, оны Цифрлық эко­номиканы дамыту орталығы, дә­рілік заттар бойынша болса, оны Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау министрлігінің өкі­лі қарайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 30-дан аса отандық дәрі-дәрмек өнді­рушілері, 115-ке жуық шет­елдік өнді­рушілер, 170-тен астам GDP (good distribution practice) серти­фикаттарының иелері, 11 мыңнан астам дәріхана және 1 700-ге жуық мем­лекеттік және жеке медици­налық ұйымдар жұмыс істейді.