Өнер • 23 Тамыз, 2022

Жас өреннің жарқылы

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жас скрипкашы Әмина Арыс­танбек World Championships of Perfoming Arts (WCOPA, Лос-Анджелес) ауқым­ды амери­калық жо­бадан жүлдемен оралды. Он жастағы өнер­­паз вокал бағыты бойынша күміс, «Аспаптық өнер» ба­ғыты бойынша қола ме­дальды иеленіп қайтты.

Жас өреннің жарқылы

Аталған өнер додасына 100 мемлекеттен 6 000-ға жуық талантты жастар қатысқан. Ал Әмина Арыстанбек чемпио­нат тарихында жасөспірімдер арасында жобаның жартылай финалына дейін жеткен тұңғыш қазақстандық өнерпаз ретінде өз өнерін жоғары дең­гейде көр­сете білді. Айта кетейік, өнерлі жас бай­қауда «Көкке өрле», «Мен – қа­зақ қызы» шығармаларын орындады.

Дүниежүзілік америкалық таланттар чемпионаты бұл жолы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Сол себепті де бай­қауға дәстүрлі 3 000 үміткер емес, 6 000 өнер­паз қатысқан.

«Байқауда бәсекелестік деңгейі өте жоғары болды. Қатысушылар шама-шар­қы жеткенше өздерін лайықты көр­сете білді. Әмина да жастығына қара­мастан өзін өте байсалды ұстады», дейді балдырғанның вокал бойынша ұстазы Лейла Болатбек.

Жас талант бұған дейін де көптеген байқауда жеңімпаз атанып жүрді. Мәселен, 2019 жылы Испанияда өткен халықаралық скрип­кашылар байқауында 1-орын, 2021 жылы Италияда өткен Sanremo Junior байқауында 2-орын алды.

Ал осы Америкаға сапарында өнерпаз өз әндерінің біріне бейнебаян түсіріп үлгерген. Жаңа туындыға ұзақ жылдар бойы АҚШ-та тұрып жатқан Баходыр Юлд­ашев режиссерлік етті. Күзде Қазақстанда аталған туындының тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.