Экология • 24 Тамыз, 2022

Ауаның ластануын төмендету аймақтарда жіті назарға алынады

2120 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша, 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистердің ішінде 9 қалада атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп танылды. Бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Шымкент қалалары. Жезқазған қаласы осы жылдың басында жоғары деңгейден орташа деңгейге өтті. Осы жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен аймақтардың экологиялық жағдайы туралы брифингте кеңінен мағлұмат берілді.

Ауаның ластануын төмендету аймақтарда жіті назарға алынады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов тақырыпқа қатысты көптеген дерек келтірді. Оның айтуынша, республика бойынша биыл бірінші жартыжылдықта ластаушы заттар қалдық­та­рының жалпы көлемі 0,9 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Республика қала­ла­рын­да атмосфералық ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мысалы, Алматы және Нұр-Сұлтан қа­ла­ларында ластану негізінен жылу көз­­дері, автокөлік және жеке сектордан туып отыр. Өскемен және Теміртау қа­ла­­ларында эмиссиялардың ең көп кө­ле­мі өнеркәсіпке тиесілі. Ал Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебі болып отыр.

Бұл ретте экологиялық проблемаларды шешу жолдары барлық өңірдегі жұртшылықпен және экобелсенділермен бірге талқыланып жатыр. Талқылау нәти­же­лері бойынша 16 жол картасы әзірленіп, онда 485 іс-шара көзделген.

«Екі жыл ішінде 178 іс-шараның 96-сы орындалды. Атап айтқанда, Ақмола об­лысының Аршалы ауданында жел электр стансасы іске қосылды, Түркістан облы­сында «Түркістан жылу» МКК қазан­дығы табиғи газға ауыстырылды. Арал қаласында қуаты жылына 37,8 мың тоннаны сыйдыра алатын жаңа қат­ты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны салынды. Маңғыстау облысында 2025 жылдың соңына дейін іске асыру мерзімімен «Қошқар ата» ластанған орынды жою басталды. 2022 жылға 73 іс-шара қарастырылған, бүгінде оның төртеуі орындалды. Биыл экологиялық проблемаларды ескере отырып, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары бойынша жол карталарына қосымша іс-шаралар енгізілді. 2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 9 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмен­де­туге мүмкіндік береді», деді Зұлфұхар Жолдасов.

Қоршаған ортаға эмиссияларды тө­мен­дету «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да көзделген екен. 10 қаладағы 16 ірі өнеркәсіптік нысан эмиссияларды 20-30%-ға төмендету бойынша мін­дет­те­мелерді мойнына алды. Осы мақ­сат­та кәсіпорындар ең озық технологияларды енгізіп, тиісінше жаңа экологиялық кодекс шеңберінде кешенді экологиялық рұқсаттар алмақ.

Өңірлердегі ахуалға жеке-жеке тоқта­лып өткен спикер Ақтөбе қаласында кәсіп­орындардан шығарындылардың көле­мі бірінші жартыжылдықта 9,7 мың тоннаны құрағанын атап өтті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,2 мың тоннаға жоғары екен. Оның ішінде өнеркәсіп нысандарының үлесіне 91%, жылу энергетика объектілеріне эмиссиялардың 8,6% тиесілі.

«Атмосфералық ауаның ластану проблемасын шешу үшін жол картасы бекітілді. Оған 33 іс-шара енгізілді. Іс-шараларды іске асыру эмиссияны 20-дан 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қазхромдағы 2 цехты жаңғырту және қайта құру жүргізілуде. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Жаңғыртуды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Канализациялық тазарту құрылғыларын жаңғырту және реконструкциялау бойынша жұмыстар бас­тал­ды. Қазіргі уақытта кәріз-тазарту құ­рылыстарында күкіртсутегінің шыға­рыл­уын болдырмайтын және басатын арнайы катализатор қолданылады. Бұл ретте күкіртсутектің иісін толық жою мақсатында әкімдік қаланың кана­ли­за­ция­лық тазарту құрылғыларын қайта жаңартуды жеделдетуі қажет. Аудан орта­лық­тарында 3 қатты тұрмыстық қалдық полигонының құрылысы аяқталды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 6 полигон салу жоспарланған. Кәсіпорындардың күшімен 13 мыңнан аса жасыл желек отырғызылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», деді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облы­сы­ның экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасында 35 іс-шара көзделген. Олардың іске асырылуы эмиссияны 20-дан 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2024 жылдың соңына дейін «Қазмырыш» ЖШС-де күкірт қышқылы өндірісін жаңғырту жоспарланған, бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 20%-ға төмендетуге жол ашады. З.Жолда­сов­тың айтуынша, Өскемен қаласы бойынша бірінші жартыжылдықта атмо­сфе­ра­лық ауаға шығарындылардың жалпы көлемі 82,1 мың тоннаны құрады. Бұл – өткен жылдың деңгейінде. Олардың үштен бірі кәсіпорындарға, жартысынан көбі автокөлікке тиесілі. Өскемен ЖЭО-да түтін газын тазарту жүйесін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 2 қазандық агрегатта күлтұтқыш қон­дыр­ғы мен түтін газын тазарту жүйесі қайта жаңғыртылды. Қоғамдық көлікті сұйы­тыл­ған газға көшіру қарастырылған. 2024 жылға дейін 200 автобус сатып алынбақ.

«Теміртау қаласы бойынша шы­ға­рын­дылардың жалпы көлемі бірінші жартыжылдықта 118,4 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 3,6 мың тоннаға аз. Өнеркәсіп нысандарына шығарындылар көлемінің жалпы санынан 92,6% немесе 109,6 мың тонна келеді. Оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ үлесі – 87% немесе 102,8 мың тонна. Жылу энергетикасы – 7,4% немесе 8,8 мың тонна. Қарағанды облысы бойынша Жол картасында Теміртау қаласына қатысты 28 іс-шара қарастырылған, оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» 22 тармақты орындау бойынша міндеттемелерді мойнына алды. Кәсіпорын қол қойған меморандум аясында эмиссияларды 30%-ға қысқартуды көздеп отыр», деді спикер.

Облыс бойынша ластанудың жоғары индексі Қарағанды және Балқаш қала­ла­рында да байқалады. Жезқазған мен Балқашта «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС металлургия комбинаттарында шыға­рын­ды­лар 2025 жылдың соңына дейін 50%-ға төмендейді деп күтілуде. Балқаш мыс қорыту зауытында күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу көзделген. Бұл күкірт диоксидінің шығарындыларын 2,3 есе азайтуға мүмкіндік береді. Осындай күкірт қышқылы цехын Жезқазған мыс балқыту зауытында да салу жоспарланып отыр. 2024 жылдың соңына дейін Балқаш қала­сы­нда тазарту құрылғылары салынады. Қала қарқынды көгалдандырылып жатыр. Атмосфералық ауаның жағдайын жақсы бақылау үшін 4 қосымша датчик, сондай-ақ қаланың ауа жағдайы туралы ақпаратты онлайн режімде шығару үшін LED экран орнатылды.

Сонымен қатар Атырау қаласында шы­ға­рындылар көлемі 9,8 мың тоннаны құрады, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесі – 58%. Күкіртсутегі бо­йынша жоғары ластанудың 43 жағдайы тіркелді, оның негізгі көздері «Сасық сай», «Квадрат» булану алаңдары және «Атырау мұнайгаз өндіру зауыты» ЖШС қызметі болды. Аталған зауыттарға жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде кәсіпорын 6 млн теңгеден аса сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін Жол картасы бекітілді, оған 40 іс-шара кірді. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты «Сасық сай» булану алаңдарын рекультивациялауды бастады. Жұмыстарды аяқтау 2023 жылдың қараша айына жоспарланып отыр. Қаланың сол жағалауындағы канализациялық тазарту құрылғысының құрылысы аяқталды, биыл олар пайдалануға беріледі. Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріз-тазарту құрылыстарының 90%-ға тозуы – шешілмеген проблема. Оларды қайта жаңартуды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2024 жылы «Квадрат» булану алаңын тазарту аяқталады. NCOC компаниясы 2022 жылдың соңы­на дейін «Астрахань –
Маңғышлақ» суағарынан суды тұтынуды 70%-ға де­йін қысқартуға мүмкіндік беретін және қайта су пайдалануды ұлғайтатын жаңа тазарту құрылыстарын салу жұмысын бітіреді. Қала­ның шекті рұқсат етілген заттардың жиын­тық томы әзірленді. Жасыл желек­терді көбейту үшін кәсіпо­рын­дар­дың күшімен 10 мыңнан аса ағаш отыр­ғы­зыл­ды. 3,5 мың гектардан аса жерге жасыл желек отырғызу көзделген», деді З.Жолдасов.

Елдегі экологиялық ахуалды жақ­сар­­ту­дың пәрменді тетіктерінің бірі – өнеркәсіпте ең озық қолжетімді тех­но­ло­гияларды енгізу. Экологиялық ко­декске сәйкес ең озық қолжетімді техно­ло­гияларға көшу 2025 жылдан басталмақ.

«Осы механизм арқылы біз 10 жыл ішінде елдегі барлық шығарындының эмиссиясын шамамен 50%-ға төмендетуді болжап отырмыз. Әкімдіктер 2 және 3 санаттағы кәсіпорындар үшін осындай жұмыс жүргізуге тиіс. Бұған қоса Эко­ло­гиялық кодексте 2023 жылға дейін кәсіп­орындардың шығарындылар көз­де­рінде деректерді комитетке бере отырып, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату көзделген. Бұл эмиссиялар көрсеткіштерін онлайн режімде қадағалауға, бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға, халықты дұрыс және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді спикер.