Қазақстан • 24 Тамыз, 2022

Отан шекарадан басталады

381 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жұрт ұйқыда жатқанда, ел шетін кірпік қақпай күзе­тетін шекарашылардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Атаулы мамандық иеле­рінің меншікті мерекесі қар­саңында Алматы ірге­сіндегі ҰҚК-ге қарасты «Қас­келең» шекара бөлі­мі­не барып, шептегі шымыр жігіт­тердің бір күнгі өмірі­мен танысып қайтқан едік.

Отан шекарадан басталады

Суретті түсірген Тамара Дәулетбаева

Түн әлетінде кірпік қақпай дегенді әсірелеп айтқанымыз жоқ. Расында солай. Тәртіп бо­йынша шекарашылардың қызу жұмысы кешкі 8-де басталады. Сай тасындай саңлақтар сапқа тұрып, өздеріне жүктелген жауапты міндеттеріне жұмылады. Бірі биік мұнара басында мойнына дүрбі іліп, алыс-жақынды барласа, енді бірі атқа мініп аумақтың тыныштығын күзетеді. Мұздай қару асынған тағы бірнеше шекарашы тау-тасты аралап, күнделікті ісіне кіріседі.

Біз барған шекара бөліміне Ақсай мен Қаскелең шатқал­да­ры арқылы өтетін қазақ-қыр­ғыз мемлекеттік шекарасын күзету міндеттелген. Мұндағы жігіттердің түгелдей дерлігі келі­сімшарт қызметінің қатардағы жауынгерлері. Олардың көп­шілігі шекарашыларға арнал­ған әскери қалашықта отбасымен тұрып жатыр. Атшапты­рым аумақты алып жатқан қала­шық­та әскерилер отбасының жақ­сы өмір сүруіне қолайлы жағ­­дай жасалған. Жауапты іске жұ­мылған жандардың тыныс-тіршілігімен танысуға барған тілшілер қауымын «Қаскелең» шекара бөлімшесінің басшы­сы, аға лейтенант Дәулет Қал­ды­бек қарсы алды. Дәулеттің алғыр­лығына қарап «жас келсе іске» деген қанатты сөздің мә­ніне бойлағандай болдық. Жасы отызға да толмаған жалын­ды жауынгер бір бөлімшенің жұ­мысын өрге дөңгелетіп отыр. Мұн­­да келгенге дейін ол еліміздің бірнеше өңіріндегі шекараларда шыңдалыпты.

– Отан қорғау – абыройлы міндет. Біздің бөлімшедегі әрбір қызметкер мұны терең сезінеді. Бөлімше ішіндегі темірдей тәр­тіп бәрінен маңызды. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Бір қа­ра­ғанда, шекарашылардың өмірі бір сарынмен өтіп жатқан бөлек бір әлем секілді көрінетін шы­ғар. Алайда олай емес. Бөлім­ше­де­гілер өзара достық қарым-қатынас, жанашырлық пен қам­қорлық секілді игі қасиеттерді бе­рік сақтайды. Жауынгерлердің балалары бірге ойнап, отбасылары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бір сөзбен айтсам, бәріміз бір отбасы секілдіміз. Келісімшарт мерзімі аяқталып, басқа өңірге немесе бөлімшеге ауысатын жігіттерді қимастықпен шығарып саламыз. Біз күзететін шекарада екі ел арасын тау-тас пен шатқалдар бөліп жатыр. Ұлт­­тық саябақ аумағына кіретін әсем табиғатқа аң аулау ниетімен келетін броконьерлердің де жолын кесеміз. Шекара маңында болған әрбір жағдай назарымыздан тыс қалмайды. Қарауымыз­да із кесуге машықтанған иттер, жүйрік аттар мен қажетті техникалар бар, – дейді Д.Қалдыбек.

Шекарашылардың өмірі өзіне тән қиындығымен һәм қызы­ғымен ерекшеленеді. Белгілі бір шекарада бірнеше жыл қызмет атқарғаннан кейін басшылықтың бұйрығымен еліміздің кез келген нүктесіне жұмыс ауыстыру­ларына тура келеді. «Онда емес, анда барғым келеді» деген сы­ңайдағы уәж қабылданбайды. Себебі бұйрық талқыланбайды. Шекарадағы болаттай берік жігіт­тер мұндайға әбден үйренген.

Шекараға келісімшарт негізінде қызметке келу­ге әскери борышын өтеген кез келген Қазақ­стан азаматы ниет біл­діре алады. Жасыңыз бен ден­саулығыңыз сай келсе, әскери-нормативтік талаптардан мүдірмей өтсеңіз, соған сай тегеурінді болсаңыз сіз де шекарашы атана аласыз. Шекарашы үшін жақсы жалақы мен жайлы баспана қа­растырылған. Олай болмаған жағдайда отбасыңыздың әрбір мүшесіне баспана жалдау ақысы төленеді.

Мамандығы әскери саламен мүлде қабыспаса да келісім­шарт қызметі негізінде шекарашы бо­луға бел байлағандардың бірі – Жарылқасын Әміржаев. Төрт бала­ның әкесі жолдасы Әйге­рім­мен бірге шекара бө­лім­­шесі ішіндегі қызметтік үйде тұ­рып жатыр. Биыл тұңғышы Медина мектеп табалдырығын аттай­ды. Әліппесін қолға алып, әріп кө­шін танымаққа бет алған қызын көр­шілес «Долан» ауы­лы­на тасымалдап оқытпақ. Тәу­лігіне 7-8 сағат қана демалатын Жарылқасын­ның бұған мұр­шасы жоқ. Негізінен бала тәр­бие­сімен жұбайы айналысады. Шекарашының әйелі Әйгерімді әңгімеге тарттық.

«Біз бұған дейін жеке кәсіппен айналыстық. Пандемия кезінде жұмыс тұралап қалды. Бір күні Жарылқасын келісімшартпен әскери қызметке барсам деген ұсыныс айтты. Мен оның кез кел­ген шешімін қолдайтынымды жеткіздім. Іріктеуден ойдағыдай өтіп, бала-шағамызбен Қызыл­орда облысынан Алматыға кел­дік. Басында үйрену қиын болды. Қазір бәрі жақсы. Бөлімше ішінде жайлы баспанамыз, балалар ойнайтын алаңқай, жаттығу залы секілді қажетті дүниенің бәрі бар. Жолдасым демалыс алған күн­дері балаларды қалаға апарып қыдыртамыз. Кейде торығатын кездер де болады. Ондайда бір-бірімізге демеу болуға тырысамыз», дейді Ә.Балапанқызы.

Таңғы алтыда көзін тырнап ашып, жауапты міндетке жұ­мы­­латын Жарылқасын – үздік ше­карашылардың бірі. Жұмыс­тан қолы босай қалғанда, бөлім­ше ішіндегі арнаулы орынға бау-­бақша егіп, бала-шағасын өз қо­лы­мен өсірген қияр-қызанақ­пен қамтып отырған қағілез жігіт­тің жігері сүйсіндіреді. Ол өсірген малина мен қызанақтар бақша ішін жайнатып тұр. Әріптестері де оның бір сәт тыным таппайтын еңбекқорлығына тәнті. Себебі тәуліктегі шекарашыларға тынығу үшін берілетін айналдырған 7-8 сағатты жауынгерлер демалуға арнайды.

«Жұмысымыз жауапты. Ке­зек­шілік кезінде бір сәт бо­саң­суға болмайды. Қару-жа­рақ­­пен жұ­мыс істегендіктен жа­уап­кер­ші­лік жоғары. Күн сайын­ жат­тығу жасап, білігімізді арт­тыра­мыз. Арнаулы мамандардан са­бақ ала­­мыз. Өзім үшін шекара үл­кен мектеп. Бала күнім­де поли­цей болуды армандадым. Ол мақ­сатым орындалмаса да, ел шетінде Ота­нымның тыныш­тығын күзетіп жүрмін. Қыз­метім өзіме ұнайды. Бейбіт күніміз баянды болсын», дейді шекарашы Ж. Әміржаев.

Қаланың шулы тіршілігінен мұнда келсеңіз бір сәт тынығып қаласыз. Шекара бөлімшесі – өзі­мен-өзі жатқан бір әлем. Қала­шық іші мұнтаздай. Сарбаздар­дың саптық адымы ғана естіледі. Әлемдегі геосаяси жағдайлар күрделеніп тұрған уақытта осы тыныштық мәңгі сақталса екен деп тілейсіз. Бізді мұнда бастап келген әскери-журналист Тамара Дәулетбаева шекарашылардың былайғы жұрт біле бермейтін маңызды міндеттері туралы әңгі­мелеп келеді. «Мұндай мықты жігіттер барда – шекарадан шы­бын өтпейді», деп күлдірді әріп­тесіміз. Шекара шебін шегендеген Отан қорғаушылармен қоштасып, заставадан ұзай бердік.

 

АЛМАТЫ