Аймақтар • 24 Тамыз, 2022

Егінжайдан ескен леп

282 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы берекелі далада биыл егін біршама бітік шықты. Енді бірер күннен соң сары теңіздей толқыған далада еңбек көрігі күмпілдеп, қырмандар қызыл дәнге толмақ. Ең бастысы, диқандардың маңдай терімен өнген мол байлықты ысырапсыз жинап алу.

Егінжайдан ескен леп

Суретті түсірген Ерболат Шадрахов

Биыл ежелден астықты өңір санатын­дағы Ақмола диқандары 8,5 млн гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Көктем мен жаз былтырғы жылмен салыстырғанда біршама қолайлы болды. Алқапқа дән сіңірісімен өңірдің кейбір аудандарында жауын жауып, дер кезінде нәрлендірілді. Дән көз қуантып шыққан кезде де ылғал аз болған жоқ.

Биыл 17,4 мың гектар жерге картоп отырғызылды. 2,7 мың гектар жерде кө­көніс өсірілді. Мамандардың сараптауына қарағанда, картоп азық-түлік белдеуіндегі Нұр-Сұлтан қаласының тұтыну­шыларын, облыстың ішкі қажет­тілігін толық өтеуге жеткілікті. Соңғы жылдары картоптың ерте көктемде қым­­баттап кететіні бар. Бұл дақылдың аздығынан емес, картоп қоймаларының жеткіліксіздігінен. Көктемде оңтүстік өңірдегі картоп дақылы әлі пісіп жетіл­мейді, солтүстіктегі картоп өсіру­шілер жинаған өнімін көктемге қаратпай сатып үлгереді. Әйтпесе, бұзылып кетуі әбден мүмкін. Осы бір өліара шақта картоп тапшылығы пайда болады. Да­­қылдың үнемі қолжетімді бо­луын қам­­­тамасыз ететін қоймалар Нұр-Сұл­т­ан қаласына жақын маңдағы елді мекен­дерде, ал шалғайдағы аудандарда мұндай қоймалар жоқтың қасы. Демек екінші нан есебіндегі картоп дақылының дүкен сөрелерінде молынан тұруы әрі бағасының тұрақты болуы үшін қой­маларды көбірек салған дұрыс. Оның үстіне картоп егетін жері, суаратын суы бола тұра ауылдағы ағайын да өзін-өзі осы дақыл түрімен молынан қамтамасыз етуге құлықсыз. Ауылдағы ағайынның немкетті тіршілігіне байланыс­ты айтылатын «көктемде бір қап ектім, күзде бір қап жинап алдым, ешқандай шығын шыққан жоқ» делінетін ащылау әзілдің астарында шындық бар. Бұрын қала тұрғындары дақылдың бұл түрін ауыл­дан тасыса, қазір ауылдағы ағайын қап-қап картопты күзде қаладан сатып алады. Негізі бұл бір мықтап ойланатын тақырып. Әйтпесе, кез келген ауылда картоп және көкөніс өсіруге әр отбасына он сотық жер табылатыны рас.

Егін шығымдылығы топырақ құнар­лылығы мен ылғалға тікелей байланыс­ты екені белгілі. Биыл мамыр-шілде айларында өңірге 11,6-тан 68,2 милиметрге дейін ылғал түсті. Былтырғы көрсеткіш биылғыдан әлдеқайда аз болатын. Қазір ауыл шаруашылығы мамандары жалпы егіннің 75 пайызы өте жақсы деп бағалап отыр. Қал­ған көлемнің 25 пайызы немесе 1,2 млн гектары қанағаттанарлық. Өткен қуаңшылық жылы егіннің жағдайы биылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен болып еді. Демек қазір тұтастай алғанда гектар берекесі 10-11 центнерге жетіп, 5 млн тоннадан астам дәнді дақыл жинауымыз мүмкін деген меженің жүзеге асуына толықтай мүмкіндік бар. Ерте көктемнен бері ылғал түскенімен, өңір­­дің барлық жерінде біркелкі емес. Мә­селен, Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы, Астрахан, Целиноград, Ерейментау аудан­дары биылдың өзінде қуаңшылықтың ащы дәмін татып отырған өңірлер қата­рында. Бұл аудандарда алдын ала есепке қарағанда, гектар берекесі 6-12 центнерден айналуы ықтимал. Кейбір жекелеген алқаптарда 15-17 центнерге жетіп қалуы мүмкін. Қара топырақты алқаптарға егілген бидайдың 13-19 центнерге дейін өнім беруі мүмкін.

Әр жыл сайын ауа райы қатаң сынына алып келеді. Дегенмен агротехникалық шараларды мұқият әрі уақтылы өткізген диқандардың несібесі кем болмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай оң мысалдар Шортанды ауданында А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен қоян-қолтық жұмыс істейтін шаруашылықтарда көптеп кездеседі. Мәселен, «Нұр астық» ЖШС былтырғы құрғақшылықтың өзінде гектар берекесін 18 центнерге жеткізді. Астрахан ауданындағы қара қызғылт, құнарсыздау топырақтың өзінде гектар берекесі 15 центнерге жуықтады. Целиноград ауданындағы «Кең дала» серіктестігінің диқандары табиғат тарылғанда да гектар берекесін 12 центнерден айналдырды. Бұл мысал нені көрсетеді? Алдағы уақытта егін шаруашылығы бағытындағы озық технологияларды мейлінше дұрыс, кеңінен қолдану қажет екен. Бәлкім, қуаңшылықтың қысымына сонда ғана төтеп беруіміз мүмкін. Соңғы жылдары құрғақшылық қаупі күшейе түсуде. Осындай уақытта азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін ғылымға иек артпай береке оралмайын деп тұр. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде 35 градустан жоғары ыстық күндер жиілеп кетті. Осындай тәуекелді сәт озық технологияларды оңтайлы қолдануды талап етеді. Сандықтау ауданындағы жыл сайын мол өнім алып, айдарынан жел есіп тұрған «Максимовское», «Свободное» серіктестіктері жыл са­йын сапалы, табиғат қолайсыздығына төтеп бере алатын дән тұқымдарын сіңіруде. Жыл сайын мол өнім алып жүрген Атбасар ауданындағы «Әріп Агро» серіктестігінің тәжірибесіне үңіліп қарайтын болсаңыз, түпкі нәтиженің толымды болуы тұқымнан екенін түйсінесіз. Биыл серік­тестік 5,5 мың гектар жерге дәнді дақыл­дар тұқымын сіңірген. Алқаптарға 4 түрлі тұқым егіліпті. «Қарабалық» шаруа­шы­лығынан алынған «Августина», «Лю­ба­ва-25» және Ресейден жеткізілген «Саратовская-73», «Силач» тұқымдары. «Балапанды күзде санайды» демекші, жо­ға­рыда айтылған төрт тұқымның қай­сы­сы қаншалықты тиімді екені биыл көрінбек.

Ырыздықты ысырапсыз жинап алу жоғары жауапкершілікті қажет ететін­дігі белгілі. Күзгі жауын-шашыны мол өңірде шалт қимыл үшін қажетті техни­ка­ның сақадай сай тұруы айрықша маңызды. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатыспақ. Әр жыл сайын мүмкіндігінше машина-трактор паркін жаңалауды межелеп отырған диқан қауымының қолында 4,4 мың жоғары өнімді комбайндар бар. Бұл да күзгі сынаққа қамданып отырған диқандар үшін көңілге медеу. 2021 жылы мұндай комбайндардың саны 3,7 мың ғана болғанын ескерсек, бұл орайдағы қуат жыл сайын артып келе жатқанын көруге болады. Астық тасымалдайтын 4,8 мың автокөлік сапқа тұрғызылған. Осы тақырыпты қаузағаннан кейін жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жалпы құны 35 млрд теңге тұратын 1 025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғанын айта кету керек. Оның 265-і қуатты тракторлар, 134-і алымы кең астық комбайндары, 74-і егістік кешендері. Осы орайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан мол қамқорлық жасалып отыр. Сол көмек арқылы ел ырыздығын еселеуге талпынған диқандардың жағ­дайы соңғы жылдар көп-көрім жақсарып қалды. Машина-трактор паркінің жақ­са­руының нәтижесінде, соңғы жылдары күзгі егін орағының уақыты азайып, өнімді еңбектің өрісі кеңейе түсуде. Өңір диқандары тәулігіне 250 мың гектар жердің өнімін жинап алуға қол жеткізген. Дәл осы есепті ескеретін бол­сақ, қауырт қимылға көшетін жауапты кезең 21 күнде аяқталуы әбден мүмкін.

Күзгі қарбаласта жанар-жағармаймен қамтамасыз етілу де зор маңызға ие. Әр қас-қағым сәті қымбат күзгі нау­қан ойдағыдай өтуі үшін өңір диқандарына 83 мың тонна кепілді дизель отыны бөлінген. Оның 37 мың тоннасы Пав­ло­дар­дағы, 46 мың тоннасы Шым­кенттегі зауыттардан жеткізілмек.

Зор еңбекпен жиналған дәннің ысырапсыз сақталуы да мейлінше ескерілген. Қазір өңірде 70 астық қабылдау кәсіп­орны дайын тұр. Онда 4,7 млн тонна дән сақтауға болады. Оған қоса ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2 млн тоннадан астам астықты сақтайтын мүм­кіндік бар.

Қазір облыс диқандары егін орағына ішінара кірісіп кетті. Алғашқы 112,6 мың алқаптың дәнді дақылдары жиналып алынуда. Әзірге гектар берекесі 9 центнердің көлемінде. Әйтсе де, жалпы егіннің жайын көңіл таразысына салған білікті мамандардың болжамына қарағанда, ырыздық еселене түспек.

 

Ақмола облысы