Жастардың Отан алдындағы міндетін өтеуге жаппай құлшынысы осыны айғақтайды, дейді Солтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс ісі жөніндегі департаментінің бастығы Мұратбек Зейнуллин.
– Мұратбек Бегайдарұлы, міне, жастарды көктемгі әскер қатарына шақыру мерзімі де аяқталып қалды. Тұтастай алғанда, оның қорытындысы қалай аяқталғалы отыр?
– Кең байтақ Отанымыздың тыныштығын кірпік қақпай күзету, тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандық үшін зор абырой. Бұл орайда, еліміздің ертеңі, болашағы – жастарға, жас ұрпаққа үлкен мәртебе болары анық. Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп айқын жазылған. Демек, еліміздің азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскер қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көздейді. Ол – Республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету. Қазақстан өзге елдермен ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту саясатын жүргізе отырып мемлекет аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Мұндай мәртебелі іс Қазақстан Қарулы Күштеріне жүктелген. Бүгінде Қызылжар өңірінің 1500-ге жуық жастары еліміздің әр қиырында мерзімді әскери борыштарын адал атқарып жүр. Бұдан тысқары келісім-шарт бойынша әскер қатарында шыңдалуға 200-ге жуық жас өз қалауларын білдірді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарын рухы мықты, отаншылдық сезімі күшті, елін, жерін жан-тәнімен сүйетін, қиындықтан қаймықпайтын, сана-сезімі жоғары жауынгер-сарбаздармен толықтырып отыру күнделікті әдетімізге айналған. Көктемгі жауапты шара кезінде әскер қатарына 750-дей жас іріктеліп алынды. Олардың алғашқы легін Абылайханның резиденциясы алдында салтанатты түрде шығарып салдық. Бұдан кейін республикалық гвардия мен аэромобильдік бөлімшелерге жолдама алған жастар қала орталығындағы еліміздің мемлекеттік рәміздері бейнеленген композициялық алаңнан асқақ кейіппен аттанды. Соңғы топты жуырда пайдалануға берілген Жеңіс саябағынан есте қаларлықтай аттандыруды көздеп отырмыз.
– Жасыратыны жоқ, бұрындары жастар әскер қатарына барудан қашқақтайтын. Лажы болса, түрлі жолдармен қалып қоюға тырысатын. Бұл әдеттерін намыс, ар көрмейтін. Қазір керісінше, сіздің сөзіңізден де аңғарылып отырғандай, Отан алдындағы міндетті борыштарын өтеуге ұмтылыс өсе түскен тәрізді. Мұны немен түсіндірер едіңіз?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықтар Қарулы Күштерге де өз салқынын тигізбей қойған жоқ. Әскерден қашу, әлімжеттік жасау секілді келеңсіз жайттардың орын алғанын бәріміз білеміз. Еліміз уақытша қиындықтардан сүрінбей өтті. Қазір жағдай мүлдем өзгеше. Еліміздің Тұңғыш Президенті, республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында әскери реформалар жүйелі жүргізіліп, өз жемісін берді. Темірдей тәртіп орнап, әскери-патриоттық тәрбие жолға қойылды. Әскери құрылымдар кәсіби білікті офицер кадрлармен толықты. Сарбаздардың отаншылдық рухын көтеру мақсатында да көп жұмыстар атқарылды. Қазір жастардың бойында Қазақстанға, елге, жерге деген сезім күшті. Отан қорғауды биік сын, азаматтық белес деп түсінеді. Жалпы, әскери бөлімдердің солтүстікқазақстандық сарбаздарға деген ілтипаты ерекше, құрметі жоғары. Оны алғыс хаттардың жиі келуінен де аңғаруға болады. Департамент те, ата-аналар да жиі хабарласып, жан-жақты мағлұмат алып отырады. “Нұр Отан” ХДП жастар қанаты, соғыс, еңбек ардагерлері, қадірменді ақсақалдарымыз, қоғамдық ұйымдар да белсенді жұмыс істейді Мұның бәрі, сөз жоқ, әр жастың көңіл-күйіне ерекше әсер етері сөзсіз.
– Әскерге шақырылушылар арасында денсаулығы сыр беріп, жарамай жататындары көп пе? Негізінен қандай аурулар жиі кездеседі?
– Бұрындары жастар салмақтың аздығынан, бойдың кемдігінен зардап шегіп жататын. Араларында майтабандары да кездесіп қалатын. Қазір бұл келеңсіздік толық жойылмаса да сиреді деуге болады. Бәлкім, мұны тұрмысымыздың жақсаруымен, тіршілігіміздің оңалуымен түсіндіруге болар. Десек те, асқазан аурулары әлі де ұшырасады. Соңғы кездері көз аурулары, қозғалыс-тірек мүшелерінің кемістігі пайда бола бастады. Бұлар – дұрыс тамақтанбаудың, компьютерді шамадан тыс пайдаланудың салдары.
Тұтастай алғанда, әскерге шақырылушылар арасында денсаулығы жақсы, спортқа үйір, саламатты өмірге бейім ұландар мол. Оларды жоғары және орта арнаулы әскери оқу орындарына іріктеу де қатаң тәртіп бойынша жүргізіледі. Болашақ офицерлер Қазақстанмен қатар, Ресейде, Әзірбайжанда, Беларусьта, Түркияда, Германияда, АҚШ-та, Үндістанда даярланады. Оларға тілек білдірушілер көп. Биылдан бастап бір айлық әскери жиын өткізуді қолға алғалы отырмыз. Алғашқы лекте 75 адам қамтылатын болады.
Біздің алдағы мақсатымыз — Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу қасиетті парыз екенін жас ұрпаққа ұғындыра беру.
— Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. ПЕТРОПАВЛ.