Қазақстан • 30 Тамыз, 2022

Конституциялық реформа: Негізгі Заңға өзгерістердің мәні мен маңызын терең түсінген дұрыс

1241 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Конституция – еліміздің басты, жоғары мемлекеттік Заңы. Осыған байланысты Конституция күні – республиканың барлық азаматтары үшін айтулы күн. Бұл күні, 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда республикамыздың қазіргі уақытқа дейін қолданылып жүрген Негізгі Заңы қабылданды.

Конституциялық реформа: Негізгі Заңға өзгерістердің мәні мен маңызын терең түсінген дұрыс

Конституция – бұл еліміздің ең маңызды құқықтық құжаты болып табылады, онда біздің республикамыздың түбегейлі принциптері, мемлекеттік құрылым механизмі бекітілген, билік пен басқару органдарының құрылымы анықталған, адам мен азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары бекітілген. Бұл құжатта әділеттілік пен тәртіп нормаларына негізделген барлық мемлекеттік және әлеуметтік өмір жазылған. Елдің негізгі құжатына уақыт өте келе түзетулер енгізіліп отырады және қазір еліміз конституциялық нормалардың тікелей қолданылуының сөзсіз принципіне сүйене отырып, оның соңғы нұсқасы бойынша өмір сүре бас­тауда.

2022 жылғы 5 маусымдағы респуб­ликалық референдумда қабылданған Конституцияға енгізілген өзгерістер мен то­лық­тырулардың бұрынғы консти­туциялық нормалар мен ереже­лердің өзгерістерімен салыс­тырғанда бірегей ерекшелігі бар. Қоғамдық қатынастарды құ­ра­тын және модельдейтін конс­ти­туциялық түзетулердің мазмұны өте маңызды және қажет. Сон­дық­тан Жаңа, Әділ Қазақстан мен Екінші Республика идеяла­рын халықтың ерік білдіруі арқы­лы заңды ресімдеу туралы айтуға болады.

Конституциялық рефор­ма­ның мәні қазіргі қоғамдық қаты­настардағы ең маңызды мәселе­лерді ашу және бекіту, жаңа нормалардың саяси жаңғырту үрдістерін анық және нақты көрсету, олардың ағымдағы заңнама актілерінде егжей-тегжейлігі мен нақтылығының негізгі мазмұнын айқындау және бағыт беру болып табылады.

Конституциялық нормалар құқықтық сипатына орай барынша анық және түсінікті болуға тиіс, бірақ сонымен қатар, Конституция мәтінінде жалпылау және абстракциялау да қажетті шара болып табылады. Бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрлеріне жататын өмірлік жағдайлар мен субъектілердің анағұрлым көп санын құқықтық реттеумен қамтамасыз етумен байланысты.

Конституциялық ережелерде абстрак­цияның белгілі бір деңгейінің қажеттілігін негіздей отырып, біз Конституция нор­ма­ларының мінсіз түрінде бейтаныс адамдарға бағытталғанын және көбінесе мән-жайлардан, уақыт пен орындардың нақтылығынан абстракцияланып, Қазақстан Рес­публикасының кез келген жерінде және кез келген уақытта орын алуы мүмкін жағдайларға ғана сілтеме жасайтынын атап көрсетеміз. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, құқықтық рет­теу­дің негіздемелік моделі іс жү­зінде барлық елдердің Конс­ти­­ту­цияларының негізіне  қала­нады. Осыған байланысты ел Конституциясына енгізіл­ген соңғы өзгерістер мен толық­ты­рулар да бұл тізімнен тыс қал­мады.

Мұндай ереже консти­ту­ция­лық өзгерістердің мәнін ашу және 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақ­стан Республикасының Заңы­мен ресімделген жаңа консти­ту­циялық қағидаттарға, нормалар мен ережелерге түсініктеме беру қажеттілігін негіздейді.

Осыған орай, Конституцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзір­леу жөніндегі Жұмыс тобының мүшелері – заң ғылымдарының докторлары, профессорлардың ұйыт­қы болуымен 2022 жылғы 5 маусым­да республикалық референдумда қабыл­данған өзгерістер мен толықтыруларға түсін­дірме кітап жарық көрді. Басылым­ның шығуы Конституция күніне орайлас­тырылды.

Кітап авторларының міндеті – революциялық конституциялық қайта құрулардың мәні мен маңызын егжей-тегжей түсіндіру еді.

Авторлар түсіндірме беру кезінде қажет болған жағдайда ха­лық­аралық құқық нормаларына, Конституцияның ережелерін дамыту үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нор­матив­тік-құқықтық актілеріне, конституциялық бақылау орга­нының шешімдеріне, салыс­тырмалы талдау жасау мақсатында Конс­титуцияның бұрынғы редак­циясының нормаларына сілтеме жасады.

Түсіндірмеде нақты прези­денттік басқару формасына бір­тіндеп көшуге және мемле­кет­тің ең жоғары лауазымды тұлға­сы­ның қолында билікті тым көп шоғыр­ландыруға бағытталған супер­президенттік басқару жүйесі­нен кетуге бағытталған Консти­ту­циялық нормалардың мәні тал­данып ашылған. Демек қазіргі Мемлекет басшысының шама­дан тыс президенттік өкілет­тік­терден алыстап бара жатқан мәртебесінің Конституциялық рәсімделуін көрсетеді.

Бұл бағыттағы Конститу­ция­лық реформалардың маңызды аспектісі партиялардың мемлекет қызметіне араласпау қағи­датын, Президенттің саяси бейта­раптылығын белгілеу болып табылады. Және бұл Конституцияның жалпы принциптеріне және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сон­дай-ақ Конституцияның үстем­дігінің кепілі болып табылатын Президенттің құқықтық мәр­тебесіне сәйкес келеді.

Осыған орай, Президенттің жақын туыс­тарына мемлекеттік саяси қызмет­керлер және квази­мем­лекеттік секторда басшы­лардың лауазымдарын атқаруға тыйым салынатын жаңа конс­ти­туциялық ұйғарым туралы да айтпасқа болмас. Бұл аспект Мемлекет басшысының бағдар­ламалық сөздеріне сүйене отырып, түсіндірмеде айқын көрініс тапты. Президент саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туында­уына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім екенін нақты атап өтті.

Кітап авторлары Конс­титуцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдегі саяси жаңғырудың мызғымастығын қамтамасыз ететін қоғамдық процестердің маңызды легитимациясы болғанын, «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Жұмыста тікелей және жанама түрде конституциялық реформаларды талдау арқылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Парламенттің рөлін нығайту қажеттілігі туралы үндеуінің айрық­ша маңыздылығын көрсетеді. Бұл Жаңа Қазақстан – мықты азаматтық қоғамы бар тиімді мем­лекет болып «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» және біздің мемлекеттік құрылыс­тың негізі – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын табысты іске асырудың маңызды факторы болып табылады.

Сайлау заңнамасының жаңа мо­делін, Парламент Палата­ларының жаңа құрылымын, пар­ламенттік бақылаудың тиімділігін күшейтуді, Мәжілістің заң шы­ғару процесіндегі жаңа өкі­лет­тік­терін, сондай-ақ мем­ле­кет­тік органдардың басшы­ларын тағайындау кезінде Сенат­тың рөлін арттыруды көздей­тін өзге­рістерге түсінік беретін Түсін­дірменің мазмұны осы идеяның іске асырылуын қамтиды.

Кітап авторлары консти­ту­­циялық нормалардың ереже­­леріне түсінік беру бары­сында Конституциялық соттың, сондай-ақ Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің тиім­ді және толыққанды жұмы­сын қамтамасыз ететін Конс­ти­туцияның жаңартылған маз­мұнын ашады. Бұл органдар біздің азаматтарымыздың құқық­тары мен бостандықтарын консти­туциялық деңгейде қорғауға арналған. Осы орайда, түсіндірмеде өлім жазасын қол­дануға конституциялық тыйым салудың себептерінің ашылуы туралы да айту орынды. Кі­тапта сондай-ақ, жердің және оның қойнауының, судың, өсім­діктер мен жануарлар дүние­сінің, басқа да табиғи ресурс­тар­дың Қазақстан халқына тиесілі екені туралы жаңа норма­ның мазмұнына қатысты түсінік­те­мелер берілді.

Жұмыста сыбайлас жемқор­лық пен непотизмге, қосарланған стан­дарттарға және басқа да келеңсіз құбылыстарға тосқауыл қоя білетін жергілікті мемле­кеттік басқару мен өзін өзі бас­қа­рудың рөлін күшейтетін конс­ти­туциялық өзгерістер жұмысына көп көңіл бөлінді.

Конституциядан Бірінші Пре­зидент және оның статусы ұғы­мымен байланысты нор­маларды алып тастау мақ­сатында 46-баптың 4-тармағын жоюға қойған және 91-баптың 2-тармағына елеулі өзгерістер енгізген заңнамалық ережелерді түсіндіруге ерекше назар аударғанын атап өткен жөн. Кез келген демократиялық, өркениетті елдегідей барлық экс-президенттерге кепілдіктер тең болуға тиіс және ешқандай арнайы иммунитет берілмеуі керек.

Авторлар басылымның алғы сөзінде Конституцияға ен­гі­­зілген өзгерістер Қазақ­стан­ның прогрессивті, демо­кра­­тиялық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын дұрыс атап өтті. Конституцияға енгі­зілетін өзгерістер біздің аза­мат­тарымыздың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиім­ділігін күшейтеді және бізді «әділетті қоғам мен тиімді мем­лекет» құру жағына, шынайы Жаңа Қазақстанға, Екінші Респуб­ликаға қарай одан әрі жақын­дататын болады.

Жұмыста кітаптың құқықтық бағыт­тағы жоғары оқу орын­дарының оқыту­шыларына, сту­дент­теріне, магистранттары мен докторанттарына, мектеп және колледж оқушыларына, сала бо­йын­ша жұмыс істейтін заңгер­лерге, мемле­кеттік қызмет­ші­лерге, сондай-ақ қалың оқырман қауымға ұсынылғаны айтылған.

 

Ермек ӘБДРАСУЛОВ,

заң ғылымдарының докторы