Бақсаңыз, картинаны реалистік тұрғыда жазуға талпынған автор еркіндік пен асқақтықтың символын сызып отыр. Шығарма иесі – белгілі суретші Бауыржан Бәйділда. Қылқалам шебері елдің кең-байтақ жерін көлденең өлшемде сызықтық перспектива арқылы шебер көрсеткен. Картинаның артқы қапталындағы биік таулар алдыңғы пландағы бүркітке параллель көрініс беріп тұр. Ортаңғы планда қалып қойған жігіт бейнесі де туған жеріне деген құрметін сездіріп тұр.
Тұмса табиғаттың тылсым күші авторға жаңа идея туғызғандай. Ат үстіне орныққан ер жігіт, көк жүзінде қалықтаған бүркіт, ұлтымыздың жеті қазынасы екені мәлім. Туындыға ер жігіттің ажырамас серіктері – жүйрік ат, қыран бүркіт сынды образдар енгізілген. Ердің қанаты – ат, құлағы – ит, асыраушысы – бүркіт, қорғаншысы – мылтық, бұл идеялық детальдар.
Суретші кейіпкерін еш алаңсыз күйде сенімді серіктерімен ен далада жүрген кезін бейнелеген. Бүркіт әдетінше туындыда да қалықтап бара жатыр. Бұл көрініс көрсетілген картинаның біреуінің форматы пейзаждық форматта, біреуі портреттік тұрғыға негізделген. Бейнені тігінен түсіру арқылы автор оқырманға биіктікті сезіндіреді. Жалпы, пейзаждық формат негізінде созылыңқы етіп жазылған бүркіт кең жазықтықты суреттейді.
Шынында суреткер ұлттың рухани бояуын шығармасына культ ретінде қалап, бостандыққа ұмсынған баһадүр бабамыздың мақсат-мұратын жетелеп келеді. Жолаушы – сіз бен біз. Талай зобалаң жолдарды, ауыр нәубетті басынан өткерген, сонда да мәдениетінен, ұлттық болмысынан, ата-тегінен ажырамаған халықтың жиынтығы. Әне, талайды тамсандырған Тәуелсіздік таңы! Бұл – еркіндік емлесі!